Қазақстандық әйел көршілердің чатына жіберген хабарламасы үшін 500 мың теңге айыппұл арқалады

Петропавлда WhatsApp-тағы тұрғын үй чатында мүлік иелері бірлестігінің (МИБ) төрағасына жала жапқан зейнеткер 500 мың теңге айыппұл арқалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы сотының мәліметінше, 68 жастағы қала тұрғыны “телекоммуникациялық желілерді пайдаланып, басқа адамның абыройы мен қадір-қасиетін төмендететін немесе беделіне нұқсан келтіретін әдейі жалған ақпарат таратқаны” үшін жауапқа тартылған.
"2025 жылдың 9 маусымында құқық бұзушы WhatsApp мобильді қосымшасындағы жалпы үй чатында бұрынғы МИБ төрағасы туралы: "өтірікші және алаяқ, тұрғындардың қолдарын қолдан жасап, тұрғындарды алдап, жалған келісімшарттар ұсынып, жалпы жиналыс өткізбей МИБ бюджетінен расталмаған шығындарға ақша алды" деген хабарламалар жіберген", – делінген сот хабарламасында.
Сот отырысында әйел өз кінәсін жартылай мойындап, шын мәнінде жалпы үй чатында тұрғындарға осындай ақпаратты дауыстық хабарламалар арқылы жібергенін растады. Дегенмен, ол бұрынғы төраға шынымен де тұрғындарды алдап, жиналыс өткізбей, өзіне салынған айыппұлды МИБ қаражаты есебінен төледі деп есептейтінін айтты.
Жәбірленуші сотта әйелдің жалпы үй чатына хабарлама жіберіп, жалған ақпарат таратқанын айтты. Оның айтуынша, зейнеткердің қаржылық бұзушылықтарды растайтын құжаттары жоқ, ал бұл фактілер өкілетті органдардың ревизиялық актілері, маманның қорытындылары немесе құқық қорғау органдарының материалдары негізінде расталуы тиіс.
"Істі қарау нәтижесінде сот айыпталушыны әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танып, оған 495 432 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салды", – делінген сот хабарламасында.
Зейнеткерге айыппұлды ерікті түрде төлеу үшін мерзім берілді.
Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ және оған шағымдануға болады.
Еске салсақ, бұған дейін атыраулық блогер сақалды ер адамдар туралы айтқан сөзі үшін айыппұл арқалаған еді.