Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік қорғау – қоғам тірегі

Әлеуметтік қорғау – қоғам тірегі

Қашанда Қазалы тұрғындарының әл-ауқатын арттыру және жұмыссыздықты азайту – өзекті мәселе болып табылады. Бұл ретте «ҚР еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бағдарламасының іске асырылуы оң әсерін тигізіп отыр.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Аталған тұжырымдама шеңберінде кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту шаралары оңтайлы ұйымдастырылуда.
Қай кезде де қоғамдағы кембағал жандардың өмірде өз орнын табуға септігін тигізіп келе жатқан әлеуметтік салаға ерекше маңыз беріліп келеді. Мемлекет зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсетуге әзір. Белгілі топтағы азаматтарға қамқорлық – бұлжымас міндет. Осы орайда адамның шыр етіп келіп, қария болып өткенге дейінгі кезеңдегі барлық құжаты Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы атқарылады. Сондықтан қоғамның түрлі тобымен қилы жауапты жұмыстар жүгін қаймықпай көтеріп жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерін алғы шепте жүрген әскер деуге әбден келеді. Олар қоғамның әлсіз өкілдеріне қолдан келгенше көмектері мен жүрек жылуын ұсынып, халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір болуда. Осындай қоғамға маңызды бөлімнің мерейі артуына, бөлім басшысы Совет Бабанаевтың еткен үлесі зор.
Іскер басшы халықты жұмыспен қамту мемлекеттің әл-ауқаты мен негізінде жатқандығын, өмір сүрудің сапасы, қоғамдық тұрақтылық пен мемлекеттің молшылығы көп жағдайда әлеуметтік қорғау саласының даму деңгейіне тікелей байланыстылығын тілге тиек етті.
– Бүгінде ауданда бұл бағытта түрлі салалық бағдарлама бойынша кең ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Аталған жүйенің басты құндылығы – кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлердің көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге қол ұшын созуға әрқашан әзір болуы. Мұндай жұмысты атқаруда бөлім қызметкерлерінің еңбектері ересен десек артық айтқандық емес, – дейді Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев.
Жалпы әлеуметтік қорғау – қолайсыз жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын және лайықты еңбекақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе.
Қазақстан мүше болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі бірнеше шара кешенінен тұрады. Атап айтқанда, тұрақты, ақылы еңбекке ынталандыру, негізгі әлеуметтік қатерлердің алдын алу, ал ол туындаған жағдайда әлеуметтік сақтандыру тәсілдері арқылы сол қатердің салдарынан айрылған табысының бір бөлігін қалпына келтіру, халықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек тәсілдері мен азаматтардың білім және медициналық көмек сияқты негізгі құқықтары мен қызметтерге қол жеткізуін қамтиды.

Жұмыспен қамту қай деңгейде?

Халықты жұмыспен қамту мақсатында тұрақты және уақытша жұмыстар бойынша биыл аудан бойынша 4444 жалпы жұмыс орны жоспарланған. Есепті кезеңде, 1921адам жұмыспен қамтылды.
Жыл басынан бері аудан бойынша Мансап орталығына жұмыс іздеуші ретінде 6422 адам хабарласып, оның ішінде мемлекеттік қайтарымсыз грант алғандар – 73 адам (көпбалалы отбасылар – 47, мүгедектігі бар адамдар – 14, мүгедектігі бар балалар тәрбиелеушілер – 11, атаулы әлеуметтік көмек алушы – 1), әлеуметтік жұмыс орнына – 45, жастар тәжірибесіне – 72, ақылы қоғамдық жұмысқа – 892, «Күміс жас» жобасына – 62, 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнына – 251, ауыл аманатына – 66, бос жұмыс орындары бойынша тұрақты жұмысқа – 398, өңірлік карта аясында ұлттық жоба бойынша – 62 адам жұмысқа жолданды.
2025 жылдың 6 айдың қорытындысымен жұмыссыздар саны – 1516 адам, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрап отыр.
Сонымен бірге «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 131 адам оқып, сертификат алса, «Skills Enbek» платформасында тегін онлайн курсын оқып, сертификат алған жұмыссыздар саны – 428 және мектеп оқушылары мен кәсіптік техникалық коллледж оқушылары – 2606 адам.
Бұл бағытта бөлім тарапынан жыл көлемінде тиісті жұмыстар атқарылатын болады.
Жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау бағытында халықтың нысаналы топтары үшін мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орны құрылып, әлеуметтік осал топтағы адамдар мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға ие болды.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында осы кезге дейін мемлекеттік қайтарымсыз грант алғандар да баршылық. Грантқа ие болғандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп, сақтандыру мен зейнетақы жүйелеріне енгізіледі. Мемлекеттік гранттар алуға өтінімдер беру мерзімін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі белгілейді және Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік гранттар кімге беріледі?

Мемлекеттік гранттың нысаналы мақсаты – жаңа бизнесті іске қосу және дамыту болып табылатын өтеусіз берілген бастапқы капитал. Грант көлемі – 400 АЕК (1 572 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Гранттар қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің жеке кәсібін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, яғни қажетті инвентарьді, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малды, құстарды сатып алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік грант алуға әлеуметтік осал топтар қатарынан тіркелген жұмыссыздар немесе жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады. Яғни әлеуметтік осал топтарға: аз қамтылған отбасы мүшелері (яғни АӘК алушылар); еңбекке қабілетті мүгедектігі бар азаматтар; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғандар; көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы); «қандас» мәртебесі бар тұлғалар; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар жатады.
Осы жылдың тамыз айының 11 мен 22 аралығында Business.enbek.kz порталында «Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға» 2-лек бойынша өтінімдер қабылдау басталады.

Жаны жабырқау жандарға қамқорлық

Мүгедектерді абилитациялау және жеке оңалту бағдарламасына» байланысты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік көмек көрсету, медициналық, әлеуметтік және кәсіптік оңалту, білім беру және олардың қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей белсене қатысуына мүмкіндіктер жасауға арналған жұмыстар атқарылды.
Оның ішінде, жеке оңалту парағы бойынша сурдотехникалық құралдар – 15, тифлотехникалық құралдар – 61, кресло-арбалар – 36 адамға берілді. Санаторий-курорттық емделуге – 110 мүгедектігі бар адамдар өздерінің таңдаған уақыттарына санаторияға барып демалып келді.
Жеке көмекші қызметі – 195 адам, ымдау тілі қызметі бойынша – 9 адамға қызмет ұсынылған.
Гигиеналық құралдар бойынша: жөргек және техникалық компенсаторлы қосымша құралдарға – 558 мүгедектігі барлар құжат тапсырып, жеткізіп берушілермен (поставщиктерге) төлем жасалып, аудандық пошта байланыс торабы арқылы үйлеріне жеткізілді.
Қызылорда қаласының «Талсуат» елді мекенінде орналасқан «Мүгедектерге арналған оңалту орталығы» мемлекеттік мекемесіне жеке оңалту парағы бойынша жолдамамен 33 мүгедек оңалтуға жіберілді.
«Инватакси» қызметіне биыл 12 инватакси көлігімен тұрақты түрде 135 мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетілуде.
«Мүгедектердің құқықтарын қорғау, қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша инфрақұрылымды жақсарту бағытында мүгедектігі бар жандарға «Кедергісіз орта» жобасы аясында 2025 жылы 21 объектінің тізімі бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Еңбек және халықты қорғау министрі 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығына» сәйкес үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Мүгедектігі бар балаларға және он сегіз жастан асқан 110 балаға және қарттар мен мүгедектігі бар 147 қартқа 8 түрлі қызмет (әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық әлеуметтік-еңбек) бойынша үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілуде.
Мүгедектігі бар балаларға Ұлыстың ұлы күніне орай «Армысың –әз Наурыз» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Шара барысында ұлттық құндылықтар салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды насихаттау мақсатында ұлттық ойындар ойнатылды. Балалар Наурыз туралы өлең шумақтары мен ән айтып би биледі. Шара соңында балаларға наурыз көже таратылды.
Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға Халықаралық әйелдер күніне орай 3 қарттың үйіне арнайы барып сый-сияпат жасалды.
Ұлыстың ұлы күніне орай қарттар мен мүгедектерге Наурыз көже таратылды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай М-бай кафесінде жеке кәсіпкер Әуезов Арманның демеушілігімен шара өтті.
Аталған шараға қызмет алушы балалар қатысты. Жеке кәсіпкер А.Әуезов және бөлім басшысы С.Бабанаев мерекелік құттықтауларын арнап, концерттік бағдарламалар мен аниматорлар балаларға жақсы көңіл-күй сыйлағандығын жеткізді мамандар.
Сонымен қатар әлеуметтік мәдени қызмет бойынша мүгедектігі бар балаларға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет алушы балаларға арналған іс шараларды ұйымдастыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
02 тамыз 2025 ж. 132 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031