Германия Газа халқына қосымша 5 млн еуро гуманитарлық көмек бөледі
Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Израильге сапары барысында Германия аштыққа ұшыраған Газа секторы тұрғындарына көмек аясын кеңейтіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Министрдің айтуынша, Германия БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына (WFP) қосымша 5 миллион еуро бөледі.
— Біз Газа секторындағы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасын қолдау үшін қосымша 5 млн еуро бөлеміз. Бұл, өз кезегінде, наубайханалар мен қоғамдық тамақтану пункттерін қолдауға көмектесіп, орта мерзімді перспективада Газаның тұрғындарын нанмен және ыстық тамақпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Газа секторындағы гуманитарлық апат дереу тоқтатылуы тиіс, — деді Вадефуль.
Сонымен қатар, Германияның сыртқы істер министрі Израиль үкіметін БҰҰ және оның құрылымдарымен тығыз ынтымақтастықты мүмкіндігінше тез арада қайта бастауға шақырды.
Вадефуль гуманитарлық көмектің бір бөлігі ХАМАС қозғалысының қолына түсуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
— Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс соншалықты ауқымды, бұл жағдайда қосымша кедергілер жасау орынсыз. Теріс пайдаланудың алдын алудың ең тиімді жолы — секторға мүмкіндігінше көп азық-түлік пен гуманитарлық көмек жеткізу, — деді.
Германия СІМ дерегінше, 2023 жылдың қазан айында Газада соғыс басталғалы бері Германияның Палестина аумақтарына бөлген гуманитарлық көмегі 330 миллион еуродан асты. Оның 95%-дан астамы Газа секторы халқын қолдауға жұмсалған.
Айта кетейік, 2025 жылдың 2 наурызынан бастап халықаралық гуманитарлық ұйымдар мен БҰҰ құрылымдары Газа секторына көмек жеткізе алмай отыр.
2025 жылдың мамыр айында Израиль АҚШ-тың қолдауымен дәстүрлі гуманитарлық көмек үлестіру жүйесінің орнына жаңа схема енгізді. Ол бойынша, көмекті тарату және қажетті тауарларды жеткізу бойынша іс жүзінде монополиялық құқық Газа гуманитарлық көмек қорына берілген. Бұл бастама халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырады.
Сарапшылардың пікірінше, көмек тарату орталықтарының ұрыс жүріп жатқан аумақтардан тыс Газаның оңтүстігіндегі «қауіпсіз аймақтарда» орналасуы анклав тұрғындарын мәжбүрлі көшіруге алып келуі мүмкін.
Айта кетелік Израиль Газа секторына гуманитарлық көмекті жеткізуді жеделдетуге уәде берген еді.