Жылжымалы зертханамен автожолдардың құрылысы тексерілді

Қаланың жол қатынасын оңтайландырып, көлік кептелісі мәселесін шешуге бағытталған Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы кеңейтіліп қана қоймай, бүгінде Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін ұзарту көзделген. Яғни, Сырдария өзенінің бойымен 2,8 шақырым жаңа жол салынып, дария бөгетін нығайту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мердігер «УАД» мекемесі. Жоба бойынша жол төрт жолақты болады. Алдымен топырақпен үйілген жер қабаты нығыздалып, 25 см малта тасты құмды қоспа салынды. Содан кейін 8см қиыршық тас пен 6 см ірі түйіршікті ыстық асфальт бетон қоспасы төселуде. Ең соңғы қабатына қиыршық тасты мастикалық асфальт бетон қоспасы салынады. Жалпы алғанда жаңа жолдың қалыңдығы 44 см құрайтын болады.
-Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылында жұмыстар мамыр айынан басталды. Содан бері, жолдың негізгі қабаты толық жүргізілді. Қазір бірқатар учаскесінде асфальт төсеу жұмыстары басталып кетті. Бұл нысан бойынша филиал мамандары құрылыс-материалдарынан 5 рет сынама алып, жолдың сапасы ұдайы бақылауда. Зертханалық тексеру барысында өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Дегенмен, бірқатар сын-ескертпе берілді. Мердігер мекеме тарапынан уақытында талапқа сай түзету жұмыстары жүргізілді. Жалпы ЖАСҰО мамандары жыл басынан бері 126 нысан бойынша жол құрылыс жұмыстарына 607 мәрте зертханалық және аспаптық тексеруге шыққан. Барлығы 1714 сынама алынып, тиісті сараптама жасалды. Бүгінде аймақ басшысы да жолдардың сапалы салынуына баса назар аударып отыр. Сондықтан, орталық мамандары бұл бағытта бақылау жұмыстарын күшейтіп, кемшіліктерге жол бермеу басты міндетіміз,-дейді ЖАСҰО Қызылорда филиалының директоры Мақсат Мұқанов.
Сондай-ақ, тағы бір маңызды жоба «Қызылорда-Жезқазған» республикалық автожолының қала аумағынан өтетін 2-12 шақырым аралығына орташа жөндеу жұмыстары. Бұл нысан «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатыр. Жөндеуден өтіп жатқан автожол шаһардың іргесіндегі Қарауылтөбе, Досан, Абай елді мекендері мен Бәйтерек мөлтек ауданы тұрғындарының көлік қатынасына оң септігін тигізеді. Ұлттық сапа орталығының жылжымалы зертханасымен жаңадан төселген асфальт жабындысынан сынама алынды. Мамандар бұған дейін де 40 мәрте тексеріп, барлығы 122 сынама зертханалық тексеруден өткен.
-Орташа жөндеуден өтетін автожолдың ұзындығы 9,5 км. Ені – 14 метр болады. Жер төсемесін кеңейту жұмыстары жүргізіліп, 7,3 шақырымында жолдың негіздемесі 20 см қалыңдықта ресайклерлеу әдісімен жасалды. Содан кейін 6,0 шақырым ұзындықта 8 см ірі түйіршікті асфальт төселіп, жамылғының жоғарғы қабатына 5 см қиыршық тасты мастикалық асфальт төсеу жұмыстары басталды. Бүгінде жоғарғы қабаты бойынша 1,6 шақырымы орындалды. Жоғарғы қабаты төселген учаскелерде кезең кезеңімен жол қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда.-дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары Ерсайын Мұзафар.
Жол құрылысынан алынған барлық сынама орталықтың заманауи зертханасында сараптамадан өтеді. Автоматтандырылған қондырғылар арқылы асфальт жабындысының тығыздығы, суға қанығу коэфицентіөлшеніп, оның құрамындағы қиыршық тас пен құмның да сапасы анықталады.
-Аймақ жолдарының сапасын арттыру үшін ең бастысы құрылыс-материалдарын сараптамадан өткізетін зертхана заман талабына сай болуы керек.Ұлттық сапа орталығында қазір қағазбастылық жоқ. Жолдан алынған әрбір сынама арнайы планшет арқылы базаға тіркеледі. Асфальт жабындысы нөмірленіп, қандай сараптама жүргізілгені және оның нәтижесі барлығы тайға таңба басқандай платформада көрсетіліп тұрады. Яғни, қазір толықтай цифрлық жүйеге көштік. Зертханада 100-ден аса соңғы үлгідегі заманауи қондырғы бар. Бұрын бір сынамаға 10-15 күніміз кететін болса қазір 3 күннің ішінде сапасын анықтап береміз. Мамандарымыз жыл сайын шет елдерде біліктілік арттырып, олардың озық тәжірибесін өндіріске енгізіп жатырмыз,- дейді зертхана меңгерушісі Мағжан Қасымхан.


Айта кетейік, бүгінде Жол активтері сапасының ұлттық орталығы мамандары республикалық жолдар бойынша 11 нысанға, облыстық маңыздағы 10 жобаға, аудандық және елді мекендерді ішкі жолдар 88 жолға, қалада 16 көшенің құрылысына бақылау жүргізуде.