Дәнекерлеуші – дәрежелі мамандық

Қазір «Энергомера» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде негізгі жұмыстарды дәнекерлеушілерсіз елестету мүмкін емес. Бұл ретте серіктестікте басы 15 кейінгісі 3 жылдан аса түрлі қызмет түрін көрсетіп келе жатқан Сәбит Борашов пен Сабыржан Өтебай бар. Олар сегіз сағаттық жұмыс кестесінде жүктелген тапсырманы ертеңге қалдырмай, уақытылы орындауымен ерекшеленеді.
Қос маман өз ісінің нағыз майталманы. Олар ашық алаңқайда металл бөлшектерді пісіру арқылы біріктірумен айналысады. Дәнекерлеу алдында металл беттерін тазалап және дайындайды. Сызбалар мен техникалық құжаттармен алдын ала танысып шығады. Пісіру сапасын тексеріп және ақауларды жояды. Әркез қауіпсіздік техникасын сақтап жүреді.
– Электр дәнекерлеуші бірнеше қажетті дағдыны ұстануы тиіс. Нақтылағанда, жұмыс барысында жоғары зейін мен дәлдік керек. Физикалық төзімді болғаны құба-құп. Қолмен жұмыс істеу ептілігі мен дәнекерлеу аппараттарын, электродтарды, техникалық сызбаларды білуі міндетті. Сонымен бірге қауіпсіздік техникасын жетік меңгергені абзал.
Жұмысымыздың ерекшеліктеріне байланысты ашық ауада немесе жабық өндіріс орнында жұмыс істейміз. Жоғары температура мен ұшқындарға байланысты арнайы қорғаныш киімдер киіледі. Яғни бетқалқа, қолғап пен арнайы киіміміз бар. Жұмыс денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін болғандықтан, тұрақты медициналық бақылаудан өтіп тұрамыз, – дейді аға дәнекерлеуші Сәбит Толағайұлы.
Сәбит пен Сабыржан атқарып жүрген істерін айрықша ыждағаттылықпен орындайды. Өйткені олар темірден түйін түюге бала кезден әуестігі болған. Осылайша жасөспірімдердің қызығушылығы өмірлік сүйікті жұмысына айналды.
– Сәбит пен Сабыржан өз жұмыстарына мығым азаматтар. Атқарған еңбектерінен мін таппайсың. Өз тарапымнан тапсырған тапсырмам толық әрі уақытылы аяқталатынына сенімім зор. Өйткені екеуі де еңбекқор және жауапкершілігі мол жандар қатарынан. Қос маманым жайлы кеудені мақтаныш кернеп айтпау мүмкін емес. Қолдарынан бәрі келеді. Қазіргі кезде тұрмыстық қажеттілікте пайдалы қалқалаған шатыр (навес), темір қоршау, терезе торы мен әткеншек арбасы және тағы басқа да түрлі темірден бұйымдар әзірлеудің шеберлері деп айтуға болады, – дейді «Энергомера» ЖШС басшысы Бекетай Мұқашев.
Оқу мен біліктілікті қатар алып жүрген Сабыржан Орныққанұлы албырт жастығының күшімен аз уақыт арасында дәнекерлеу ісін тез меңгеріп алды.
– Электр дәнекерлеуші болу үшін колледжде немесе техникалық оқу орындарында арнайы курстардан өту керек. Дегенмен өзімнің қызығушылығым басым болғандықтан бұл мамандыққа ерекше мән бердім. 3-разрядты Сәбит Толағайұлы қасына келгелі бері оның тиянақты көрсетіп, түсіндіруімен біраз дүниені жасауды үйрендім. Кейін жұмыс барысында қосымша біліктілік курстарынан өттім. Қолым қалт еткенде, демалыс күндері тұрмысқа қажетті темір бұйымдарын жасаймын. Осы мамандықты таңдағаныма еш қынжылмаймын, – дейді Сабыржан.
Бүгінде тұтынушылардың пайдаланып отырған электр энергиясының сапасын арттыру мақсатында және ауданда халықтың орналасу тығыздығы ұлғаюына байланысты 35/10 кВ қосалқы станциясын салу жоспарланған. Осы игі істер қолға алынып, бөлінген қаржы реттілігімен жұмсалуда.
– Аудан бойынша тозығы жеткен электр желілері жаңартылып, қосалқы станция іргетасы қаланып, салынуда. Енді қуат көзі жиі ажыратылып, не жұмыс істеу күші төмендемейтін болады.
Ал осы Сәбит пен Сабыржан – темір мен оттың тілін таба білген, еңбегімен елдің іргесін бекемдеген нағыз шеберлер. Бұл кәсіп – қарапайым жұмыс емес, үлкен дәлдік пен шеберлікті, төзімділік пен жауапкершілікті талап ететін дәрежелі мамандық. Көпшілігіміз ғимараттың биіктігіне, көпірдің мықтылығына немесе зауыт құралдарының қуатына таңданамыз. Бірақ оның артында темірді темірге жалғаған, әрбір жікті жүрегімен жіксіз қылған дәнекерлеушінің ерен еңбегі жатыр. Сондықтан да олар келешек қазалылықтарға үздіксіз қызмет көрсететін қосалқы сатнцияға қажетті құрылыс жабдықтарын әзірлеу үстінде, – дейді Бекетай Мұқашев.
Жалпы электр дәнекерлеуші – жауапкершілігі мол, техникалық білім мен тәжірибе талап ететін мамандық. Бұл салада жақсы маман болу үшін үздіксіз үйреніп, тәжірибе жинау өте маңызды. Білікті дәнекерлеушілерге сұраныс әрдайым жоғары және жалақысы да лайықты.
Серіктестік басшысының айтуынша, дәнекерлеуші – құрылыс пен өндірістің тірегі. Оның қолынан шыққан жұмыс ғасырларға қалатын із қалдырады. Дәрежелі кәсіп – терең білім мен үздіксіз тәжірибені қажет ететін шынайы өнер.
Қазіргі таңда заманауи технологиялар дамығанымен, дәнекерлеушінің орнын ештеңе баса алмайды. Себебі кез келген өндірістік жүйе адам еңбегімен ғана өркендейді. Егер нақты іс пен тұрақты табысты қалайтын болсаң – дәнекерлеуші болу абырой. Бұл – еңбекке адал, шеберлігімен сыйлы болудың жолы.
Мамандықтың үлкен-кішісі жоқ, тек шын шебер мен адал еңбек бар дегенді алға тартады мамандар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА