Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазалыда халық тұрмысын жақсартатын ауқымды жобалар іске асуда

Қазалыда халық тұрмысын жақсартатын ауқымды жобалар іске асуда


Қазалы ауданы бүгінде Сыр өңірінде әлеуметтік-экономикалық серпін алған аудандардың қатарында. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, ауыл-аймақтарды дамыту, білім мен мәдениет саласындағы инфрақұрылымды күшейту - аудан басшылығының басты назарындағы мәселе. Осы мақсатта аудан көлемінде көптеген жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жұмыстарды көзбен көру, елге кеңінен ақпарат тарату мақсатында Қазалы ауданына арнайы БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры ұйымдастырылды.
Баспасөз туры аясында журналистер ауданның бірқатар маңызды нысандарымен танысты. Алдымен Қарлан учаскесіндегі темірбетонды көпірдің құрылыс жұмыстары көрсетілді. Бұл көпір - ауданның көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған маңызды жоба. Құрылыс толық аяқталғанда жолаушылар мен жүк тасымалының қозғалысы айтарлықтай жеңілдейді. Бұл әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау мен ауылдар арасындағы байланыс үшін үлкен қолайлылық әкеледі.
Келесі бағыт - Әйтеке би кентіндегі автокөлік жөндеу орталығы. Мұнда тұрғындар автокөліктеріне кәсіби әрі сапалы жөндеу жұмыстарын жасата алады. Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл - аудан тұрғындарының тұрмысына тікелей ықпал ететін сервистік қызметтің жаңа деңгейі.


Бұдан кейінгі аялдама - Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Ү.Түктібаев ауылдарына газ тарту жұмыстары. Қазіргі таңда аталған елді мекендерде магистральды газ құбырларының құрылысы қарқынды жүруде. Жыл соңына дейін аяқталса, ауданның газдандыру көрсеткіші 73 пайызға жетеді. Бұл - ауыл халқының өмір сапасын арттыратын маңызды бастама.
«Әлсейт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары да тілшілер назарына ұсынылды. Бұл бағыттағы жұмыстар аяқталғанда жол қозғалысы қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ. Ауылдардың бір-бірімен байланысы нығайып, тасымал ісі жандана түседі.
Майдакөл ауылындағы 100 орындық ауылдық клубтың құрылысы да маңызды мәдени нысандардың бірі. Құрылысы аяқталуға таяу клуб ауыл халқының руханият ордасына айналмақ. Мұнда түрлі мәдени іс-шаралар, жиындар, концерттер ұйымдастырылатын болады.
Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық «Жайлы мектеп» жобасы да өзекті. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан бұл мектеп ауыл балаларының сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді. Кең әрі заманауи жабдықталған білім ошағының ашылуы - ауыл үшін үлкен жаңалық.
Бұдан бөлек, Қазалы аудандық ауруханасы жанынан салынып жатқан 42 төсектік инсульт және кардиология орталығының құрылысы назарға ұсынылды. Құрылыс аяқталған соң бұл орталық аймақта алғаш рет ашылатын инсульттік көмек орталығы болады. Заманауи медициналық құралдармен жабдықталып, аудан халқына сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетілмек.
Қазалы қаласындағы «Руханият» орталығы мен сквері, №234 мектептегі ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары, Қазалы теміржол вокзалы мен жаяу жүргіншілер көпірінің құрылыс барысы да журналистердің басты назарында болды. Әсіресе 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалының күрделі жөндеуден өтуі - аймақтың бет-бейнесін жаңғыртатын маңызды қадам. Вокзалдың заманауи қалыпқа келтірілуі - ауданның стратегиялық әлеуетін арттырады.
Сондай-ақ Әйтеке би кентіндегі жаңғыртылған орталық алаң, Қазалы мәдени-демалыс кешені, спорт кешенінің құрылысы көрсетілді. Бүгінде Қазалыда спортқа, мәдениетке, демалыс орындарына ерекше көңіл бөлінуде. Мұның бәрі тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасауда.
Жалпы, баспасөз туры аясында Қазалы ауданында халық игілігі үшін жүзеге асырылып жатқан жобалардың ауқымы мен нәтижелері кеңінен таныстырылды. Бұл жұмыстар өңірдің өркендеуіне, елдің тұрмысын жақсартуға бағытталған жүйелі бастамалардың нақты көрінісі.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі
24 шілде 2025 ж. 241 0

Айбары биік ата заң

25 шілде 2025 ж. 198

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031