Қазақстанда әйелдер 53 жаста зейнетке шыға алады – Талаптары қандай

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кімдердің 53 жаста зейнетке шығуға құқылы екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда ерлер 63, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Бірақ олардың арасында зейнет жасын күтпей, зейнетақы алуға құқылы қазақстандықтар да бар.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының басшысы Әнел Шенеева Әлеуметтік кодексіне сәйкес, бес немесе одан да көп баланы сегіз жасқа дейін тәрбиелеп өсірген әйелдер 53 жастан бастап зейнетке шыға алатынын айтты.
“Президенттің тапсырмасымен 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап зиян еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында арнайы әлеуметтік төлем тағайындау қарастырылған. Бұл төлемді алу құқығы 55 жасқа толған және кемінде жеті жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген азаматтарға беріледі. Осылайша, зиян еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтарға жұмыстан кетіп, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін арнайы әлеуметтік төлем алуға мүмкіндік беріледі", – деді Шенеева.
Бұдан бөлек, күштік құрылым қызметкерлері еңбек еткен жылдарына байланысты ерте зейнетке шығуға құқылы.
“Тиісті мемлекеттік органдар қызметкерге еңбек сіңірген жылдары бойынша оның жұмыс істейтін орнына байланысты зейнетақы тағайындайды.”, – деп мәлімдеді министрлік.
Бұған дейін еңбек министрі Светлана Жақыпова қазір елімізде базалық зейнетақының ең төмен мөлшері 32 360 теңге болса, келер жылы 35 596 теңгеге ұлғаюы мүмкін, ал базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері биыл 50 851 теңге болса, келесі жылы 5 мың теңгедей қосылып, 55 936 теңге болуы мүмкін екенін айтқан еді.