Италияда пойыздар енді жер сілкінісін алдын ала анықтай алады

Италияда алғаш рет Рим мен Неаполь арасындағы жоғары жылдамдықты теміржол желісінде жер сілкінісін ерте ескерту жүйесі (EWS) орнатылды. Бұл жүйе сейсмикалық белсенділік анықталған жағдайда пойыздарды автоматты түрде тоқтатады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Wanted in Rome басылымының жазуынша, Италия теміржол желісі бұл салада көпжылдық тәжірибесі бар Жапонияның жер сілкінісін басқару жүйесін үлгі етіп алған. Жаңа ерте ескерту жүйесі бір-бірімен үйлесімді жұмыс істейтін бірнеше технологияға негізделген, бұл жер сілкінісі кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, теміржол бойына арнайы датчиктермен жабдықталған акселерометриялық станциялар орнатылған. Бұл құрылғылар жер сілкінісінің алғашқы – P-толқындарын анықтап, ақпаратты жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық желі арқылы нақты уақыт режимінде жібереді.
Аталған датчиктер Рим – Неаполь учаскесінің бойына таралып орнатылған: кейбірі жер бетінде, ал кейбірі терең бұрғылау ұңғымаларына орналастырылған. Бұл шешім сейсмикалық толқындарды анықтаудың дәлдігін арттырып, уақытты үнемдеуге көмектеседі.
Одан кейін заманауи бағдарламалық жүйе алынған мәліметтерді бірден талдап, сейсмикалық қауіп деңгейін бағалайды және қауіпсіздік шаралары қажет болатын аймақты анықтайды.
Қауіп деңгейі белгіленген шектен асып кеткен жағдайда, жүйе теміржолдың сигнал беру құрылғыларына автоматты түрде әсер етіп, пойыздардың жылдамдығын баяулатады немесе олардың қозғалысын мүлде тоқтатады.
Жер сілкінісі тоқтағаннан кейін, теміржол желісін басқаратын RFI қызметкерлері арнайы басқару панелі арқылы тексеріс жүргізіп, пойыз қозғалысын қауіпсіз жағдайда қайта жандандырады.