Чемпиондар «шеберханасы»

Бұқаралық спортты дамыту– мемлекет маңыз берген стратегиялық бағыттардың бірі. Дені сау ұлт қана бәсегеке қабілетті болады . Жастардың жігерлі, мықты азамат болып қалыптасуында бұқаралық спорттың маңызы зор. Салада соны серіліс бар. Заңнама жаңарған. Мұндай қамқорлық нәтижесінде болашақ жеңімпаздар шоғыры, ел азаматтарының спортқа деген оң көзқарастары қалыптасқан.
Табандылық, жоғары спорттық шеберліктерімен шыңдалып жүрген аудан айбоздары қатары жыл санап көбейіп келеді. Бұл жағдайды Қазалы спорт клубының ұжымы ауданда да бұқаралық спортты дамытуға лайықты көңіл бөлініп, спорт кешендерінің жүйесі кеңейе түсуімен байланыстарады. Себеп те жоқ емес. Саңлақтар тұсауын кесіп, үлкен белеске бағыттайтын орынның оқу-тәрбие жұмыстары саланың байрақты аренада биік баға алуына ықпалдасып, қалыптасқан дәстүр, тамаша спорттық тарихымен үлгі.
Жақсы нәтиже, жемісті жеңістерімен аты алысқа жеткен орында біз де болдық.
«Салмақты бастамалар, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың маңызы біздің балғындарды биік межеден көрінуіне жігерлендіруде. Спорт қашан да елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала», – деп бастады әңгімесін Қазалы спорт клубының директоры Нұртуған Өтегенов.
Бірнеше жыл аталмыш мекеме бұйдасын ұстаған басшының айтуынша, спортқа бетбұрыс қанатын кеңге жайған. Ел дамуында спортшыларға да артылар жүк ауқымды.
2013 жылы жұмысын бастаған Қазалы ауданының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің «Қазалы спорт клубы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде бүгінде 120 орындық спорт кешені, 800 орындық Жалаңтөс баһадүр атындағы стадион алаңы бар.
Салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру мен спортты тұрғындар арасында насихаттау, дене шынықтыру мен спортпен белсенді айналысуына тартуды мақсат тұтатын нысанда бүгінгі таңда 818 жас екі ауысымда түрлі үйірмелер бойынша жаттығады. Спорт сүйер қауым үшін футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, дзюдо, таэквондо, тоғызқұмалақ, жеңіл атлетика, қол күресі, шахмат бөлімшелері қамтылған. Арнайы жаттықтырушылар мен нұсқаушылар ізденістерін арттырып, тұрақты жұмыс істейді.
Мекеменің бір жыл ішіндегі нәтижелі істеріне көз жүгірттік.
Деректерге сүйенсек, Әйтеке би кентінің өзінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға, оның ішінде ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытушы жасөспірімдер саны соңғы үш жылда ұлғайған.
Спорт клубы тәрбиеленушілері жыл сайын Республикалық және облыстық сайыстарға қатысып, жоғарғы жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жоспарлайды.
Ұлттық спорт түрлері – ел мақтанышы. Тәуелсіздік алғаннан кейін төл спорт түрлері тез танымал болып, қызығушылық оятуда.
Ұлттық дәрежедегі төреші, ат спортынан ауданның бас бапкері Бейбіт Салмаев саңлақтары Сырдария ауданында өткен жатқан ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз–2024» облыстық спартакиадасында бабында екендіктерін байқатқан. Аударыспақтан Мұхамет Бегімов 90 келі салмақта қарсылас шақ келтірмесе, Темірхан Орынбай 60 келі салмақ қатысушылары арасынан екінші орын алған.
Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына арналған іс-шарада Темірхан Орынбай, Жасұлан Жұмабай, Аяп Аманжол, Мұхамет Бегімов 60, 70, 80, 90 келі салмақта жүлдегер атанса, Аяп Аманжол абсолюттік салмақта бірінші орынға қол жеткізген.
Асық ойыны балалардың жүйке жүйесін шыңдап, ұқыптылық, есептей білу, төзімділік сияқты қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі. Пайзулла Набиев жаттықтаратын жасөспірімдер ауыл спортшыларының XXXVI «Алтын күз» спартакиадасында асық ату, бес асықтан ерлер мен әйелдер арасында жеңімпаз. Сонымен қатар, осы спорт түрлері командалық құрама бойынша облыстық іріктеу жарыстың қорытындысы бойынша екі мәрте Қазақстан чемпионатына жолдама алған. Ақтау қаласында 2008-2010 жылы туылған өрендер арасында өткізілген Қазақстан чемпионатында чемпион атанған. Чемпион Аңсар Мырзахмет Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына енген. Бес асықтан Аяна Тұрсынбай да жеңімпаз атанып, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапына кірген. Жыл ішінде бесасықшы Дана Наурызбай мен Нұрсая Әзілханның қол жеткізген жүлделері қуантарлық.
Спорт шебері Сәбит Шүленбаевтың талапты шәкірттерінің де асқан асуы аудан абыройын асқақтатуда.
Командалар тоғызқұмалақтан ерлер мен әйелдер арасында Қызылорда облысының командалық чемпионатында, Орал қаласында жекелей облыстық чемпионатында бірінші орынға ие болып, республикалық жарысқа жолдама жеңіп алған. Ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз» спартакиадасында ерлер екінші орынға қол жеткізген. Оқу жылында 6 шәкірт спорт шеберіне үміткер атаса, екі оқушы Қазақстан Респубдикасының командалық чемпионатында топ жарған.
Тоғызқұмалақтан Чехияның Пардубиция қаласында өткен әлем кубогында қазалылық жүйріктер екінші орынды еншілеген. Колумбимяның Кали қаласында өткен халықаралық турнирде командалық есепте үштікті толықтырған. Алматы қаласында Қазақстан Республикасының жекелей әйелдер арасында чемпионатында қолаға қол жеткізген. Қырғызстан Республикасы Бишкек қаласында өткен ересектер арасындағы Халықаралық турнирде бірінші орын биігінен көрінсе, Ақтау қаласында өткен Қазақстан Республикасының командалық чемпионатында, Қызылорда облысының қыздар командасы классика түрінен жүлделі орындар иеленді. Ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз» спартакиадасында тоғызқұмалақтан арулар шеберліктерімен танылған. Жаттықтырушылары спорт шебері Ұлдана Маханбетамин.
Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлерінің синтезі нәтижесі болып табылатын қазақтың ұлттық күресі– ең көне спорт түрлерінің бірі. Қазақ күресінің даму кезеңі халық тарихымен тұтасады.
Күрестің бұл түрі адам денесін ширатып, бұлшық еттерді қатайтады, төзімділікке, батылдылыққа, ептілікке, керек кезінде тез ойланып, әдіс таба білуге машықтандырады. Онда балуан өзін еркін ұстап, күшін, әдісін түгел пайдаланады. Жаттықтырушы Жаңабек Нағашыбаевтан шалу, жата тастау, арқалай тастау, қол байлап күресу, салмақпен басу, тіресу, ашадан алу, аяқтың басымен іліп тастау, жамбасқа алып иіре лақтыру, белінен қысып, тірсектен шалу сияқты әдістерін қолдануға болатынын білдік. Шалып лақтыру, қағып лақтыру, иліп лақтыру, лақтыра жығу, арқадан асырып лақтыру, еңкейіп лақтыру, көтермелеп лақтыру, айналдырып лақтыру, кеудеден лақтыру, орап лақтыру сынды әрбір әдістің өз техникасы, мақсаты бар.
Қазақ күресі – қазір әлем жұрты қызығушылық танытқан, спорттық командалары бар ресми түрде жұрт танылған өнер. Техникалық әрекеттерде нұсқауда берілетін «баста», «тоқта», «бүк», «жамбас», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс» сынды айналымға енген терминдер арқылы қанашама адам төл тілімізді танып үлгерген.
Ж.Нағашыбаев баулыған балауандар түрлі бозкілемдік белдесулерде басымдығын байқатқан. Атап айтар болсақ, облыс біріншілігінің іріктеу кезеңінде Нұржан Орынбет 82 келі салмақта күміске қол жеткізіп, Қазақстан Республикасы чемпионатына жолдама алған. Облыстық 2009-2010 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында өткен «Алтын белбеу» турнирінде Нұрмұхамет Әбдіразақ, Әділет Әбдіраман, Нұрасыл Болатбек, жеңімпаздар болып танылса, XXXVII «Алтын күз» спартакиадасында 55, 90, 100 келі салмақта Ернұр Қайнар, Ақжол Аманжол, Нұрдаулет Әмит өз шеберліктерімен көрерменін сүйсіндірген.
Қол күрестен Шалқар қаласында ұйымдастырылған 2007-2015 жылы туылған жас жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы ашық біріншілігінде мектеп оқушылары жүлделі орындармен оралса, Ақтөбе қаласына 155 жыл толуына орай ұйымдастырылған ашық біріншілікте жеңімпаз атанған. Мерей Рахан жаттықтырған білектілер Байқоңыр қаласында өткізілген жарыста, топ жарған.
65 келі салмақ бойынша Нұрай Нағашыбаева, 75 келі салмақ дәрежесінде Айлуна Баймұратова, 50 келі салмақта Ринат Болатбекұлы, 70 келіде Есімхан Көлібай алтыннан алқа тақса, 60 келі салмақ дәрежесінде күш сынасқан Рақымжан Нағашыбай, 70 келіден артық салмақ бойынша күшін байқатқан Айтұмар Болсын күмісті місе тұтқан. Жалпы командалық есепте аудан спортшылары екінші орын иелеген.
Орал қаласында қол күрестен 2010-2012, 2013-2015 жылғы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында өткен "ОРАЛ" спорт клубының жеке және командалық ашық чемпионатынада Кеңес Наурызбек бірінші орын биігіне көтерілсе, тұғырды толықтырған Ерасыл Мерейұлы мен Нұрасыл Шыныбай қола медальді қоржынға салған.
Шалқар қаласында өткен қол күрестен 2007-2015 жылы туған жас жеткеншектер және жасөспірімдер арасындағы Наурызбек Кеңес өз салмағында барлық қатысушыдан басым түссе, Ерасыл Мерейұлы, Нұрасыл Шыныбай, Ринат Болатбекұлы, Дәурен Сүлеймен қолаға қол жеткізген.
Ауданда аладопқа аңсары ауған қарадомалақтар қатары қалың. Спорт клубында жасыл алаңға жыны құмар жасөсіпірімдерді Жандосбек Нәбиев жаттықтарды.
Қазалы ауданы футбол құрамасының капитаны,Қызылорда қаласы супер лига жазғы маусым чемпионы, Польша қаласында өткен «LLF» әуесқойлар чемпионатының қатысушысы, Сырдария ауданында ұйымдастырылған ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз» спартакиадасында бірінші орын, лига маусымы Қызылорда супер лигасының үздік ойыншысы, жазғы маусым лигасының 2024 жылғы жеңімпазы, «үздік сұрмерген» номинациясын алған жаттықтырушының ұл-қыздары да жақсы нәтиже көрсеткен.
Қазалы ауданының футбол құрама командасының бас бапкері Дархан Ысқақов өрендері 2 айналымнан тұратын футболдан XI облыс чемпионатына 8 команда арасынан екінші орын алған. Жандосбек Нәбиев «Үздік ойыншы» атанса, Нұрым Қанатбай «Үздік қақпашы» деп танылған. Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз» спартакиадасында футболдан жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. Қайсар ФК ұйымдастырумен футболдан 2013 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ футболының ардагері, Әбіл Қалымбетовты еске алуға арналған республикалық турнирде жүлделі екінші орынға табан тіреген.
Қызылорда облысы ауыл балалары арасындағы өңірлік лигада баскетболдан 2009-2011 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында баскетболшылар чемпион атанған. Спорт клубының баскетбол бөлімшесінің жаттықтырушысы Медетов Құдайберген бірінші дәрежелі дипломмен марапатталса, Нұрлат Темірбек «Үздік қорғаушы» бағамына ие болған. Қызылорда облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазалы ауданында өткен баскетболдан 2009-2010 жылы туылған балалар-жасөспірімдер арасында облыс біріншілігінде екінші орынды еншілеген. Сырдария ауданында өткен ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз» спартакиадасында баскетболдан әйелдер арасында жүлдегер болып танылады.
Айдын Оразбаев волейболшылары да оқу жылын жақсы тәмамдаған. Қызылорда облысы әуесқойлар арасындағы волейбол лигасында командасы жүлдегер болса, Сырдария ауданында өткен жатқан ауыл спортшыларының XXXVII «Алтын күз -2024» облыстық спартакиадасының аудандық командалар арасында екінші орын алады. Аманкелді Оралбайұлын еске алуға арналған облыстық турнирде, Әйтеке би Бәйбекұлының 380 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнирде, Телжан Шонақұлын еске алуға арналған волейбол турнирінде үшінші орынға табан тірейді.
Қазақстан Республикасы спорт шеберіне үміткер, бірінші дан иегері Серік Жиенбаевқа баласын беретін аудан тұрғындары көп.
Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасының спорт шебері қара белбеу 4-дан иегері Пак Вячеславты еске алуға арналған облыстық ашық біріншілікте шәкірттері Әсел Қуаныш жеңімпаз атанса, Аман Сәдірхан, Надира Икрам, Інжу Болат, Жанель Қуанышбай, Мансұр Бақытжан, Надира Икрам, Әсел Қуанышбай, Інжу Болат жүлделі орындарға қол жеткізген.
Рамазан Оразбай дайындаған дзюдошылар да өз мүмкіншілігін көрсете алған.
Бұдан бөлек спорт клубы клуб өрендері Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына арналған «Ел қорғаны – ер Жәкем», Бекарыстан би ауылының 100 жылдық мерейтойында, «Бабаларды ұлықтау – ұрпақ парызы «Бірлік пен сенім» атты «Бабаларды ұлықтау – Ұрпақ парызы» атты шараларда, аудандық «Алтын белбеу» жарысы жеңіс тұғырынан көрінген.
Қызылорда облысында өткен «Жігер» спорт клубының кубогы үшін қазақ күресінен 2015-2016 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында ашық біріншілікте Нұрасыл Күнеділ, Нұрперзент Ардақұлы, Айбек Жарасқанұлы алдыңғы үштіктен табылған.
Қазалы жеңіл атлетикашылары жыл ішінде Қазақстанның барлық аймақтарында түрлі марафондарға қатысып өз жас ерекшелігі бойынша бірінші орынды жеңіп алған. Жаттықтырушысы – Мейрамбек Қарабалаев.
Шахматшы шәкірттер 7, 9, 11, 13, 15, 17 жастағы жасөспірімдер арасында облыс біріншілігінде топ жарған. Берекет Серікұлы қарсыластарын шаң қаптырса, қыздар да қоладан алқа таққан. Қызылорда қаласында «Senat Open 2024» журналистер, қоғам белсенділері және үкіметтік емес ұйым мүшелері арасында Айғара Жоламан, Тұрсымұрат Ерғали, Кеңесбай Бекжан Республикалық жарысқа жолдамаға қол жеткізген. Спорт нұсқаушысы – Мұрат Әбдіхалықов.
Жеңіске физикалық мығымдылықпен бірге жеңіліске жетелейтін құрал-жабдық сапасы да маңызды. Бұл орайда да жаңашылдықты аңғардық.
Елдің үміті мен тілегін арқалап, сенім үдесінен шыға білетін білекті де жүректі спортшылары ұрпақ сабақтастығын жалғап, айтулы додаларда атой салатынына бүгінгі беталыс бастама.
«Спорт – бейбітшілік елшісі. Ол адамның денсаулығын нығайтуымен бірге, ел мәртебесін асқақтататын бірден-бір күш болып табылады. Дене шынықтыру және спорт кез келген ересек және өсіп келе жатқан балаларымыздың өмірінің ажырамас бөлігі болуы тиіс. Мұны көкейіне құйып, өмірлік мақсатына айналдырғанын балалардың әрбірінен ұғыну қиын емес. Жас спортшыларымыз жеткен жетістіктер – жаттықтырушылардың еселі еңбегінің жемісі.
Жаттықтырушылар мен спортшылар алдағы уақытта да біздің аудан мерейін асырып, даңқын шығаратын лайықты алмастырушыларды тәрбиелеу үшін өздерінің шеберліктері мен күштерін, тәжірибелерін осы мақсатқа жұмылдыра береді», – дейді Нұртуған Сәдірханұлы .
«Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс» деген Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен жақында дене шынықтыру және спорт туралы жаңартылған заң күшіне енді. Бұл ұлттың ең қымбат байлығы – дені сау ұрпақтың жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау алғышарты. Чемпиондер «шеберханасындағы» көрініс көңілге үлкен үміт ұялатты. Бұдан бөлек биылғы жылы аудан тұрғындары игілігіне ұсынылмақ бірнеше заманауи спорт кешені мен алаңдары спортсүйер өрендер өнерін одан әрі өрістетері анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА