Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар – жарқын істердің бастауы

Жастар – жарқын істердің бастауы


Елімізде жастар саясатын оңтайландыру үшін аз жұмыс жасалып жатқан жоқ. Өйткені жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңі. Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып саналады. Бүгінде дәл осы бағытта жастармен тікелей қарым-қатынас жасап, бірлесе жұмыс атқарып жатқан аудандық жастар ресурстық орталығының орны да айрықша.
Осы орайда аудандық жастар ресурстық орталығына бас сұғып, орталық директоры Нұрбек Ақпанбетовтен «Жыл басынан бері қандай бастамалар қолға алынды? Жастардың белсенділігін арттыруда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?» деген сауалдарға жауап алуды жөн көрдік.
Қазалылық жастардың жетекшісі Нұрбек Нысанбекұлы орталықтың бастамасымен атқарылып жатқан шаралар жан-жақты бағыттарды қамтитынын айтты. Айтуынша, жылдың бастапқы үш айында 200-ден астап іс-шаралар өткізілген. Оған 4000-ға жуық жас қатысқан.
– Жастар ресурстық орталығының бастамасымен бүгінге дейін 70-тен астам мәдени шара, 20 спорттық сайыс, мемлекеттік бағдарламалар бойынша сала мамандарымен бірге 35-тен астам кеңес беру акциясы, NEEТ санатындағы жастардың қатысуымен 23 іс-шара өткізілді. Сондай-ақ жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттары бойынша 25-тен астам қоғамдық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Орталықтың мамандарымен бірге 700-ден астам жасқа кеңес берілді. Оның ішінде 30 жас құқықтық кеңеске жүгінді, – дейді орталық директоры.
Қазіргі уақытта ауданда 23 552 жас бар. Олар аудан халқының 29,7 пайызын құрайды. Барлық жасты түгелдей қамтып, олармен жұмыстануда штат мәселесі маңызды. Қуанарлығы, қазір орталықта штат бірлігі кеңейіп, саны 18-ге жеткен. Әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жастардың жанынан табылып, оларға қолдау көрсетуге күш салып жүр. Ал ауданға қарасты ауылдық округ жастарына жергілікті жердегі жастар ұйымдарының бекітілген мамандары жетекшілік жасайды.

Тиімді уақыт – ұтыспен тең
Адамдар рухани өмірдің жай тұтынушысы ғана болмай, оның белсенді жасаушысы да болу үшін міндетті түрде бос уақытты ұтымды пайдалануға дағдылану орынды. Дәл осы дағдыны жастардың бойында қалыптастыруда орталық қызметкерлерінің еңбегі ерен. Олар жастардың бос уақытын ұтымды ұйымдастырып, түрлі салалар бойынша бағыт-бағдар бере отырып, шыңдалуына жол ашу мақсатында аймақ жастарымен тығыз жұмыс жасауда. Нақтырақ айтсақ, қаңтар айында жастар арасында салауатты өмір салтын сақтау және оларды спорттық ойындарға тарту мақсатында дойбы, волейбол, бес асық сынды спорт түрлерінен сайыстар өткізді. Сондай-ақ аудандық орталық кітапханамен бірлесе отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті насихаттау бағытында «Жемқорлықсыз қоғам бейнесі» атты ашық диалог алаңын ұйымдастырды. Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектепте, №226 мектеп-гимназияда, М.Матаев атындағы №170 орта мектепте, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде «Жұмысшы мамандықтарының болашағы мен жаңа мүмкіндіктері» атты тақырып аясында жоғары сынып оқушыларымен жүздесу ұйымдастырылды.
Қазалылық жастар қайырымдылық шараларынан да қалыс емес.Сөзіміз дәлелді болу үшін айталық. «Сауаптан құр қалмайық» қоғамдық қорымен бірлесіп, жалғыз басты жанның ауласын тазалап, ізгілікті іс жасады. Сондай-ақ қарт әжені қажетті азық-түлікпен қамтыды.
Жастардың жігерін жанитын әскери бағыттағы байқаулар – уақытты тиімді етудің тетігі болып табылады. Осы мақсатқа орайластырылған «Дала батыры» сайысы орталық жастарының оңтайлы шешімі десек жарасатындай. Бұл сөзімізге патриоттық бағытта өткізілген мергендер жарысына жастардың жарыса қатысқаны дәлел болса керек.

«NEET» санаты: құлықсыз жастарға қолдау бар
NEET санатындағы кәсіптік білімі жоқ және жұмыссыз жүрген жастарды қолдау мәселесі өте өзекті. Ауданда бұл бағыт бойынша да белсенді көмек көрсетіліп, өзге де қолдау шаралары қолға алынып келеді. Аудандық жастар орталығы берген мәліметке сәйкес, бүгінде аудан бойынша «NEET» санатындағы жастар саны 209 құрайды. «Отбасылық цифрлық карта» базасындағы жаңартылған дерек әзірге осындай. Жыл басынан бері 57 жас жұмыссыз ретінде тіркеліп, 46 жастың сырт қалаларда жалдамалы жұмыста жүргендігі анықталған. Ал қалған 32-сін жұмыспен қамту ісі жолға қойылды.
– Қаңтар-наурыз айларында NEET жастардың үлесін азайту бағытында, сондай-ақ жұмыссыз жастарды анықтау және деректер базасын жаңарту мақсатында мекенжай жұмыстары жүргізілді. Ал ақпан айында аудандық прокуратураның бастамасымен «Босжұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізілді. Ауданға қарасты 54 мекеме мен жеке кәсіпкерлер 100 бос жұмыс орнын ұсынып, 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұлардың арасында пробация есебіндегі 2 азамат бар. Алдағы уақытта пробация есебіндегі алимент төлеуден берешегі бар борышкерлерді жұмысқа орналастыру жәрмеңкесін тағы да ұйымдастыру жоспарда бар, – дейді ол.
Байқағанымыздай, аудандық жастар орталығының тындырып жатқан тірлігі сан түрлі. Соған қарамастан жастарды бір ортаға тоғыстырып, оларға қолдау көрсетуді олар маңызды міндет санайды. Осы мақсатта кент және ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі мамандарының қатысуымен жыл басында «Bir tolqynda» атты кездесу ұйымдастырылды. Бұл басқосуда аудан жастарының ахуалы, жергілікті деңгейдегі жастар саясатын жүзеге асыру сынды мәселелер талқыланып, жылдық жоспар талданып, алдағы мақсат айқындалды. Сондай-ақ аудан аумағында NEET санатындағы және маргинал жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды одан әрі жетілдіру, және NEET санатындағы жастарды өзектендіруді жалғастыру бойынша жауапкершіліктер жүктелді.

Жастарды жақсылыққа бағыттау маңызды
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – дені сау, саналы, ақыл парасаты биік, дұрыс азамат тәрбиелеу. Бұл – біздің қоғам алдындағы борышымыз. Жастар ресурстық орталығы дәл мақсатта аға буын өкілдерін қатысуымен жиі басқосулар өткізіп тұрады. Ағалар өздерінің өмірлік кеңестерін айтып, жастарды дұрыс жолмен жүруге бағыттайды.
Қазір қоғамда жастардың қатысуымен жасалатын қылмыстар жиіледі. Ал мұндай жағдайға жол бермес үшін, жастармен көбірек кездесулер өткізу маңызды. Ауданда жүзеге асырылып жатқан «Қылмыссыз өңір – кемел келешек кепілі» жобасы да жастар арасындағы жайсыз жайттардың алдын алуға бағытталған. Бүгінде аталған жоба аясында іс-шаралар жоспары бекітіліп, Қазалы ауданының қоғамдық даму бөлімі мен Жастар ресурстық орталығы қызметкерлері аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобымен бірлесе профилактикалық есепке алынған азаматтардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексерістер жүргізуде. Сондай-ақ отбасылық жанжалдың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.
Көше кезген жастың көпке бармайтыны бесенеден белгілі. Бірақ кеш болса көшеде жортып жүретін жастар біздің аудан да жетерлік. Дегенмен түнгі уақытта торуылға шығатын арнайы топ беймезгіл уақытта жүрген бойжеткендер мен бозбалаларға, желіккен жастарға түсіндірме жүргізуді тоқтатқан жоқ. Рейд барысында олар орын алуы мүмкін қылмыстарға (зорлау, кәмелетке толмағандарға қатысты қол сұғулмаушылық, жол-көлік оқиғалары, алаяқтық, ұрлық, топтық төбелес) жол бермеу керектігін түсіндірді. Мұндай түсіндірме жұмыстарына мектеп ұстаздары мен әкімшілік қызметкерлері де қатысып, оқушылардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрмеуін қадағалау жасайды.
Елде құмар ойын ойнайтын жастардың саны айтарлықтай артып барады. Ол бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыны бүлдіреді. Бұл кеселмен күрес күн тәртібіндегі басты мәселе. Құмар ойындарға тәуелділікті түпкілікті жою оңай болмағанымен, мәселені шешуде ауданда әртүрлі деңгейдегі шаралар жүзеге асырылуда. Мысалға айтар болсақ, студент жастардан бөлек, мемлекеттік қызметшілер мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен де кездесулер ұдайы ұйымдастырылуда.
«Ал пробация қызметі есебінде тұрған жастарды тура жолға бағыттау мақсатындағы кездесулер кейінге қалдырылмайтын іс» дейді орталық директоры. Айтуынша, жыл басынан бері өткізілген мұндай шараларда аудандық пробация бөлімінің бастығы, әділет подполковнигі Е.Сражатов, прокурор А.Жұмашев, қоғамдық даму бөлімінің теолог маманы Дәулет Дарханұлы бой көрсетіп, есептегі азаматтарға адасудан аулақ болу керектігін айтқан.
Бүгінде 34 жас пробация есебіне алынған. Олардың жұмыспен қамтылғаны – 29. Жұмыссыздар саны – 2-еу. Біреуі бала күтімінде. Ал енді біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Бұл жастар орталығы берген дерек.
Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысының хаттамасына сәйкес, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі жастар арасындағы бұзақылық және кіші топтық төбелестің алдын алу мақсатында Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде студенттермен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Жұмыспен қамту жүйелі жүзеге асуда
Қолдағы мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда аудан бойынша «Мансап» орталығына жұмыс іздеуші ретінде 35 жасқа дейінгі 1646 жұмыссыз жас хабарласқан. Оның 405-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал мемлекеттік бағдарламаға 417 жас қатысып, 55-і «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмыс тапқан. Әлеуметтік жұмыс орнына 8-і жіберілсе, ақылы қоғамдық жұмысқа 250 жас тартылған.
Жастарды кәсіпкерлікке тарту уақыт талабы. Бұл бағытта біршама мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жастар тарапы мұндай мүмкіншіліктердің барынан бейхабар дейді мамандар. Осы мәселені көтерген Жастар ресурстық орталығы жастарды кәсіпке тартып, олардың жаңа дүниені меңгеруге деген дағдыларын ояту үшін өз кәсібін жолға қойған кейіпкерлермен кездесулер өткізіп жүр. Жастар қолған алған «Еңбек адамы» айдарының кезекті кейіпкері Айжан Үсенғазы. «Aizhan Tattiler» кондитерлік желісінің негізін қалаушысы. Айжан Есқазықызы жастармен жүздесу барысында өз кәсібін қалай бастағанын айтып, қажетті кеңестерімен бөлісті.
Өздеріңіз білетіндей, биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама еңбекқорлық пен кәсіби маман қалыптастыру идеясын дәріпейтіні сөзсіз. Дәл осы идеяны қолдау және кәсіптік мамандықтарды кеңінен насихаттау мақсатында «Еңбек адамы» айдары аясында дәнеркерлеуші Құттыбай Манарбек жастармен жүздесіп, қоғамның қажетіне жарау үшін әрбір жас өзі қалаған мамандықты жаңылмай таңдау керектігін жеткізді.
Жастардың қалауы мен әлеуетіне сай келетін лайықты жұмыс табу өте маңызды. Бұл ретте орталық мамандары әлеуметтік желілерде бос жұмыс орындары, мемлекеттік бағдарламалар туралы мәліметтер мен жалпыға қажетті ақпаратты жариялап отыр. Жедел жарияланымдар жастардың жұмыс табуын қолжетімді етуде.
– Жалпыға түсінікті болу үшін айта кеткеніміз жөн болар. Жұмыссыз іздеген жастар мынаны ескергені абзал. Егер оқу (колледж немесе университет) бітіріп, 5 жылда жұмыс таппай жүрсеңіз, «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа орналаса аласыз. Ал егер кәсіби біліміңіз болмаса, кәсіптік даярлаудан өтуді талап етпейтін, уақытша жұмыспен қамтылуға мүмкіндігіңіз бар. Яғни, әлеуметтік пайдалы бағыттағы еңбек қызметінің түрін (әлеуметтік, ақылы қоғамдық) таңдап, жұмысқа орналасуыңызға әбден болады, – дейді орталық директоры Нұрбек Ақпанбетов.

Еріктілер ерлеп тұр
Ерікті болу – жас талғамайды. Қуанарлығы, ауданда осындай жауапты қызметті жүрегімен қабылдап, жүгіріп жүрген волонтер жастар жетерлік. Олар ізгі істердің басынан табылып, жақсылықтың жаршысы болып жүр. Ел дамуының негізгі драйвері саналатын жастардың бойындағы жігер мен белсенділік – еріктілер қозғалысын алға жетелеп келеді. Осы ретте, біраз істің басын қайырып, қайырымдылық жасап жүрген жастардың жұмыстарын жіпке тізсек.
Наурыз айында «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында қазыналы қарттардың шаңырағына арнайы барып, оларға құрмет көрсетті.
Кейін «Бізбен Бірге» атты волонтерлық ұйымының кезекті қабылдауын өткізіп, еріктілердің басын қосты. Қабылдауға шығармашыл жастардан құралған колледж студенттері қатысты. 30-ға жуық студент ұйым қатарына қосылып, қоғамдық шараларға қатысып, қоғам дамуына өз үлестерін қосуға бел буды. Сондай-ақ ерікті жастардың, студенттердің қатысуымен Қазалы аграрлық-техникалық колледжінде «Нашақорлыққа қарсы қоғам» атты жастар акциясын ұйымдастырды.

Жастар қолдаусыз қалмайды
Жас отбасыларды қолдау қашан да маңызды қадам. Бұл бағытта да Жастар ресурстық орталығы қамсыз емес. Оларға көмектесіп, қолдау көрсетуді күн тәртібіне қойған. Сондай шаралардың бірінде отбасылық құндылықтарды дәріптеп, жас отбасыларды дөңгелек үстел алаңына топтастырды. Бір ортаға тоғысқан отбасы өкілдері біршама ситуациялық сұрақтарды талдап, талқылады. Қызықты ойын ойнап, пікірлерін ортаға салды.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ажырасу деңгейін төмендету, жастарға психологиялық қолдау көрсету – шараның басты бағыттарының бірі болды. Жиын қорытындысы ретінде тек пікір алмасып қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау және оларды жүзеге асыруға бағытталған ортақ ұстанымдар қалыптасты.
Кейін аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын-алу мәселелері бойынша «Өмір сен кереметсің!» тақырыбында №70, №204 орта мектебінің педагог-психологтары А.Жұбаназар мен Р.Абдикалиева студент сенминар-тренинг өткізді. Аталған шарада мамандар суицидке мүлдем жол бермеу керектігін, өмірдің қандай да қиындықтарына қарсы тұрып, әрқашан дұрыс таңдау жасау қажеттігін жеткізді.
Сауалнамалар нәтижесі сөйлесін
Шыны керек, қазір жастар арасындағы ахуал кім-кімді де алаңдатпай қоймайды. Әсіресе жастар арасындағы ажырасу мәселесі. Көптің көкейінде жүрген мәселе төңірегінде орталық мамандары желіде сауалнама жариялаған екен. Нәтижесі төмендегідей. Сауалнамаға 18-35 жас аралығындағы жастар қатысқан. Ерлі зайыптылар арасындағы қарым-қатынас деңгейі қандай деген сұраққа сауалнамаға қатысушылардың 67,3 пайызы жақсы қарым-қатынаста деп жауап берген. Ал 28,2 үлесі орташа деңгейде десе, 4,5 пайызы қарым-қатынаста қиындықтар бар екендігін айтқан. Орталық қызметкерлерінің сөзінше, мұндай сауалнамалар жас отбасылар арасындағы ахуалды анықтап қоймай, жағдайды бақылауға алуға, олармен жүйелі жұмыстануға мүмкіндік береді.

Мерзімді әскери қызмет – жастарға міндет
Жастарды мерзімді әскери міндетін өтеуге шақыру жұмысын жандандыруда аудандық жастар ресурстық орталығының да үлесі бар. Олар әскерге аттану науқанын сапалы жүзеге асырып, өздеріне жүктелген жұмысқа жауапкершілік танытуда. Біз білсек, бүгінде аудан бойынша әскери есепте тұрған жастар саны – 3393-ті құрайды. Әскери комиссияға оның 420-сы шақырылған. Бүгінге дейін уақытылы келгені 99 болса, 321-і әлі келмеген. Ал 27 жас әскер қатарына алынған. Өкіншке қарай 99 жас борышын өтеуден жалтарып, ізін жасырып жүр. Дегенмен адрестік жұмыстар аясында 5 жас табылып, қатарға қосылды. Мерзімді әскери қызметке жарамсыз жастар да бар. 3-еуі міндеттен уақытша бос болса, ал 33 жас жарамсыз деп танылған.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
14 маусым 2025 ж. 49 0

Ақхалаттылар ардақталды

14 маусым 2025 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30