TikTok пен Telegram арқылы жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тартады
Қазақстанда жасөспірімдерді есірткі тасымалына тарту деректері көбейіп барады. Бұған басты құрал — әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. «Курьер керек» деген қызықты хабарландырулардың артында – есірткі тарату желілері жасырынған. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов SHYNDYK подкастында айтты, деп хабарлайды newsroom.kz.

Оның айтуынша, қазір есірткі бизнесі балаларды онлайн кеңістікте арбайды.
«Көшедегі граффити жазулар арқылы да тартады. Мысалы: “Курьер керек. Жалақысы жоғары” деп жазады. Еш жерде есірткі туралы сөз болмайды. Сілтеме қалдырып, QR-код салуы мүмкін. Соған кірсеңіз — есірткі дүкені ашылады. Онда не істеу керек екені түгел жазылған», – дейді Әлжанов.Әдетте бұл схема мақсатты жарнама арқылы таралады: «Жылдам әрі көп ақша тапқың келе ме?» деген жарнама сілтемесі арқылы бала есірткі желісіне тап болады. Онда оған тапсырмалар мен төлем тәсілі анонимді түрде жіберіледі. Кейде мұндай ұсынысты өз таныстары немесе достары арқылы алады, бұл жағдайды одан әрі қауіпті етеді.
Бұрын Telegram секілді платформалар VPN арқылы жұмыс істеп, серверлері шетелде орналасқандықтан, ұйымдастырушыларды анықтау қиын болатын. Алайда онлайн платформалар туралы жаңа заң қабылданғалы бері жағдай өзгерді. Енді мұндай платформалар Қазақстанда өкілдік ашып, құқық қорғау органдарының сұранысына жауап беруге міндетті.