Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркиялықтардың мерекелік көңілін су сепкендей басқан суыт жаңалық жарияланды

Түркиялықтардың мерекелік көңілін су сепкендей басқан суыт жаңалық жарияланды

Дәл Құрбан байрам қарсаңында түріктің "Аккую" АЭС-інің мыңдаған жұмысшысы жұмыссыз қалды.
Фото: strana-rosatom.ru
Олардың бәрі жаппай жұмыстан шығарылған.
Evrensel басылымының жазуынша, бұған түріктің тұңғыш атом станциясының құрылысының тоқтауы себеп болды.
"Құрбан айт алдында Аккую атом электр станциясында мыңдаған жұмысшы "құрылыс жұмыстары тоқтатылды" деген себеп-желеумен ақысыз демалысқа шығарылды. Жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген жұмысшылар бұрынғы айлардағы жалақыларының да төленбегеніне шағымдануда. Мерсин қаласының Гүлнар ауданында ресейлік мемлекеттік атом компаниясы тұрғызып жатқан Аккую АЭС-інде қаңтар айынан бері мыңдаған жұмысшы жұмысынан босатылды", – деп жазады түріктің Evrensel басылымы.
Журналистермен әңгімелескен жұмысшының бірі TSM Energy және İçtaş құрылыс компанияларында істейтін жұмысшылардың жаппай қысқартылғанын баяндады.
Оларға тіпті бұрынғы жалақылары да өтелмеген. Ал, жұмысшылардың бір бөлігінің жалақылары бұрын уәде етілгендей индексацияланбапты. Олар ақысыз демалысқа жіберілді.
Түркиялық ақпарат құралдарының жазуынша, санкциялар салдарынан Мәскеу Түркиядағы атом станциясының құрылысын қаржыландыруға валюта таба алмады.
Түркиялық журналистер АЭС аумағы бұдан басқа да проблемаларға батпақтай былығып жатқанына назар аудартты. Құлдық белгілері де көрініс беріп қалыпты.
"Ресей мен Түркия арасында туындаған валюта дағдарысы салдарынан АЭС-тің 2-ші, 3-ші және 4-ші блоктарының құрылысы тоқырағаны бұрын хабарланған болатын. Бұған қоса, құрылыс аумағында кісі өлтіру, жалақыны бермеу, чиптермен қадағалау және басқа дау-жанжалдар болды. Аккую АЭС-і аумағында 50 түрікмен жұмысшысының жеке куәліктерін қосалқы мердігер тәркілеп, алып қойған. Түркімен жұмысшылары Түркияға келмес бұрын Barış Arge Global компаниясы олармен айына 60 мың лира жалақы төлеу туралы келісім жасасқанын айтады. Алайда жұмысшылар жұмысқа кіріскеннен кейін уәделі соманы үш еседей қысқартып, 24 мың лираны місе тұтуға мәжбүр еткен", – деді түркиялық журналист Махсұн Қылыч (Mahsun Kılıç).

Ал, олар кетіп қалмау үшін куәліктерін тәркілеген. Журналист жұмысшылар талаптарының қаншалықты негізділігін білу үшін Barış Arge Global менеджерлеріне қанша қоңырау шалса да хабарласа алмағанын жеткізді.
Түркиялық сарапшылар тұңғыш АЭС-ін салушыны қате таңдап, Анкараның сорға қалғанын ашық айтады.
Түркиялық эксперттердің түсіндіруінше, Аккую АЭС-іне жеткізілуге тиісті Батыстың озық жабдықтарын беру доғарылған.
Содан бас мердігер түріктің атом станциясының бірінші энергоблогын ескірген төл технологияларымен салып шығыпты. Алайда соның өзін толыққанды іске қоса алмай, мерзімін жылжытумен келеді.
"Ақкую АЭС-і өндіріс кезіндегі өлім-жітім оқиғаларымен де жаңалықтарға ілігіп, күн тәртібіне шығып тұрады. Қаржы үнемдеп, ескірген техниканы тартады. 2022 жылы реакторды құрастыруға арналған құрылыс материалдарын тасымалдайтын кранның арқандары үзіліп, тонналаған темір ресейлік жұмысшының үстіне құлап, ол тіл тартпай кетті. 2024 жылдың сәуір айында кран машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеген Хажы Ибрахим Караташ техникалық қызмет көрсету кезінде барабанға кептеліп, опат болды", – деп термеледі жазатайым оқиғаларды Evrensel.
Өткен жылдың қараша айында нөсер жаңбыр мен қатты желге шыдамай, жұмысшылар тұратын лагерлердің шатырлары жаппай ұшқан. Кейбірі жұмысшылардың үстіне құлаған. Жұмысшылардың бірі Ахмет Чифтчи қаза тапты, 2 жұмысшы жараланды.
Evrensel басылымының жазуынша, жұмысшылар құрылыс алаңындағы заңсыз "далалық полиция" өздерін ұрып-соққанына шағымданыпты.
АЭС-тегі жанжалдардың бірі жұмысшылардың білегіне тағылатын сағат түріндегі GPS құрылғылары болды. Осы арқылы олардың жүріс-тұрысы қадағаланған, аз қозғалса, айыппұл салынған.
"Құрылыс алаңына кірген бойда смарт-сағатымызды тағуды талап етеді. Жұмыс барысында қолымызда сағаттың бар-жоғын тексереді. Егер сағатыңды тақпасаң немесе құрылыс алаңына уақытында кіре алмасаң: "Бүгінгі жұмыс күші үшін саған қаржы жоқ" деп ақшасыз қайтарып жібереді. Төлемеу үшін сыныққа сылтау іздейді. Смартсағат соған әйтеуір бір сылтау тауып береді", – деп мұң шақты жергілікті журналистерге мердігердің бірінің жұмысшылары.

Атом станциясының жұмысшылары жалақыларын төлемеу оқиғалары жиілегендіктен, жиі-жиі наразылық акцияларын өткізе бастады.

Мысалы, İntens қосалқы мердігер компаниясында істейтін жұмысшылар жалақыларын көтеру туралы талап қойып, наразылыққа шыққан, бірақ олардың талабын қанағаттандырудан бас тартылған.

Habertürk күнделікті газеті де түріктің тұңғыш атом станциясының бірден 3 энергоблогының құрылысы осымен тоқтағанын жариялады. АЭС құрылысы салмақты қаржылық проблемаларға тап болған.

Өйткені екі ел арасындағы келісім бойынша түркиялық атом станциясын РФ өзі қаржыландырады, өзі салады, өзі жабдықтайды, іске қосылған соң өзі ресейлік мамандар арқылы басқарады. Салған инвестициясын электр энергиясының тарифімен қайтарады.

Бұдан бұрын АҚШ РФ-тің Газпромбанк арқылы түріктің Ziraat Bank-іне аудармақ болған 3 миллиард доллар қаржысын бұғаттап тастады. Оны бұғаттан босату туралы шешім әзірше қабылданған жоқ.

Habertürk журналистері анықтағандай, инвестор түркиялық АЭС-тің 2, 3 және 4-ші энергоблоктарын таяуда бітіруден үмітін үзгенге ұқсайды, сондықтан бірінші энергоблокқа барлық қалған күшін және ресурстарын шоғырландыруға ниетті.

Бірінші энергоблок бірер жыл бұрын іске қосылуы керек еді. Соңғы дерек бойынша, "Росатом" оны тестілеуден өткізуді 2025 жылдың соңына қалдырыпты. Кейбір ақпарат құралы 2026 жылдың басына ысырылғанын да жазып жүр. Бірақ құрылысқа қажетті 7 миллиард доллар Ресейден сол бойы түспепті.

Оның себебін РФ тарапы түсіндірмеген екен. Бұған қоса, сарапшылар АЭС-тің шығыны бастапқы құнынан көп артып кеткенін қаперге салды. Бұл да дағдарысқа ықпал етуі мүмкін.
07 маусым 2025 ж. 207 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30