Әуелі SMS, келмесе айыппұл: Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа ережесі бекітіледі

Бұл жаңалықты мәжіліс кулуарында журналистерге Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖАЗЫҚБАЕВ НЕ ДЕЙДІ
Ulysmedia.kz тілшісі Жазықбаевтан кейінгі кезде не себепті көшеден жастарды әскерге күштеп әкету жайттары жиілеп кеткенін сұраған.
Біз Қорғаныс министрлігі шақыру уақытын аяқтадық. Қажетті әскери қызметшілер бізде толықтырылды. Қазір жүріп жатқан науқан – ішкі істер министрлігінің ұлттық ұлан қатарына жинап жатқаны. Бұған кешенді қарау керек. Қазір заң жобасын қарап жатырмыз. Шақыру жұмыстарын, жүйесін заңға өзгерістер енгізу арқылы орнына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Заң жобасы Сенатқа өтті. Сол заң шығу керек. Шақыру жүйесінде СМС-арқылы әдіс қолданылады. СМС келеді. Хабарламаны алған соң ол жігіт өз аяғымен әскери комиссариатқа келмесе, айыппұл төлейді. Біз осы уақытқа дейін Қазақстан азаматтарына заң жүзінде айыппұл да салған жоқпыз, жазаға да тартқан жоқпыз. Бірақ шақыру науқаны уақтылы өтіп жатыр, – дейді ол.
Жазықбаев барлық жас жігіттерге айтарым бар дейді.
Әскерден қашпау керек, әскерден қорықпау керек. Әскери дайындықтан өту керек. Уақыты келген кезде беті аулақ – Отанды қорғауға дайын болу керек. Біз Қорғаныс министріміз. Құқық қорғау органы емеспіз. Егер қандай да бір заң бұзылса, ішкі істер министрлігі мен прокуратура бар. Сол жаққа шағым жасау керек. Егер сіздерде осындай уақытта осындай заңды бұзды десеңіздер, біз өз тарапымыздан хат жолдап, қылмыстық іс қозғауға түрткі боламыз, – дейді министрдің орынбасары.
ОҚИҒА ЖАЙЛЫ
Жақында БАҚ-та Бақытгүл Сәли атты азамат Түркияда оқуға түскен баласын әскери комиссариаттың қызметкерлері көшеден алып кеткенін айтқан еді. Түнгі екіде анасының ұялы телефонына “мені военком...” деп жазып үлгерген. Бақытгүл баласының оқитыны турасында құжаттарды әкелгеннен кейін ғана комиссариаттан оны босатқан.