Алтын арқау «АЗиЯ»

Татарстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев, Әзербайжан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Анар Расулоглу Рзаев, Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Ефимович Швыдкой, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев онлайн желісі арқылы құттықтау лебізін айтты.
Дәстүрлі жиындардан ерекше өткен бұл басқосудың бел ортасында Олжас ақынның өзі отырды, мұхиттың арғы-бергі жағында әлемдік лингивистикадан түркі сөзінің іздерін түгелдеп жүрген достары, жас достары, үзеңгілес серіктерінің біразы қатысты.
Өткенге сәл шегініс жасасақ, ақынның «АЗиЯ»-сы 1975 жылы 7 сәуір күні Мәскеудегі «Наука» баспасынан шықты, түркілердің рухани дүниесіне жан бітірді, көшпелілердің эстетикалық мұраттары жаһандану заманында із-түссіз жоғалып кетуі мүмкін емес екенін ескертті. Лингвистика саласындағы зерттеулері ойдың керемет сұлулығын теориялық тереңдікпен үйлестірді, лингивистикадағы түркілік іздің жаңғырығына назар аудартқысы келді, ежелгі Русь мәдениеті оқшауланбаған жағдайда өмір сүргенін, ондағы қыпшақ, көшпелілердің дауыстарына ден қойды. Сүлейменовтің іні досы Бақытжан Қанапияновтың сөзімен айтқанда, тарихи субъектілердің теңдігі, Еуразия кеңістігі жабайылардың мекені емес, тарихи үдерістің толыққанды қатысушысы деген көзқарасты ғылыми айналыммен интеграциялағысы келді. «Ресми қудалау болған жоқ, бірақ ашық пікірталас та болған жоқ. 15 мың данамен шыққан кітаптың біразы таралып үлгірді. Шығарма туралы баспасөзде бірде-бір пікір болмады. Жарияланған жоқ. «Тек жасырын тыйым салу: дәйексөз келтірмеу, талқымалау, қолдау көрсетпеу» тәрізді әрекеттер аса құпия жағдайда жүріп жатты. Орыстілді қазақ қаламгерлері шығармаларында жалпыадамзатты ұлттық терең түсіну арқылы көрсететін болса, әлемдік әдебиеттің игілігіне айналатынын КСРО идеологтері түсінгісі келмеді», дейді Бақытжан Қанапиянов.
Жиынды ашқан Олжас ақынның айтуынша, 70-жылдары патриотизмнің кемшіндігі сатқынның таңбасымен теңестірілді. Мұндай жағдайда жындыханаға күштеп жатқызу, болмаса, КСРО азаматтығынан айырып шетелге кетіру жолы тұрды. Осы кезде Олжас Сүлейменов Қазақстан басшысы Д.Қонаевқа жазған «Ашық хатында» өзіне де, кітапты жариялауға атсалысқан жолдастарына да қауіп-қатер төнгенін, жағдай көмек сұрауға мәжбүрлегенін жазды. КСРО басшысы Л.И.Брежневпен жақсы қарым-қатынаста болған Димаш Ахметұлы ақын тағдырына араласып, Брежневке бәрін түсіндірді. Ақынды қудалаудың жөнсіз екеніне көзін жеткізіп, қауіп-қатерден аман алып қалу үшін Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің мүшелігіне қабылдады.
1975 жылы 9 шілдеде «Ленинская смена» газетінде Светлана Штейнгруд пен Рашида Зуеваның «Кыпшақ сөздері славян жолына түсті» атты мақаласында «АЗиЯ»-ны ашық қолдады дегенді бұрын сырттай естігенбіз.
Осы жиынға Израильден ат арытып келген Светлана Штейнгруд бізбен әңгімесінде ақынның кейде парадоксалды болып көрінетін қисынды батылдығы мен бейтараптығы таңғалдыратынын, ақынды зерттеу, оны өз деңгейінде түсіну осы ғасырдың екінші жартысында немесе келер ғасырлардың еншісіне өте ме деп қауіптенетінін айтты. Себебі әлем лингвистикасынан түркі тілдері іздерін іздеу әлі бір жүйеге түскен жоқ. Күні бүгінге дейін оны талдауға тісі батпай, ақынның әуесқойлығы деп жылы жауып қойғысы келетіндер де баршылық. «Тюрки в доистории», қазақшасы «Атамзаманғы түркілер» деген кітабы «АЗиЯ»-ның жаңғырығындай еңбек екеніне күмән келтіре алмаса да, аз талданды. Себебі ақын адамзат тарихының түп негізіне көз жіберу арқылы түркінің де түп төркінін іздеді. Бірақ бұл бағытта талпыныс әлі әзірге тым әлсіз. «Оның жаңалығына қисынды қарсылық білдірген ғалымды әлі кездестірген жоқпын. Мүмкін, ақынды түркі тектес елдер тарихы деңгейінде зерттеуді қолға алу керек шығар. Бұл бастамаға қазақтар мүдделі болуы керек», дейді Светлана Штейнгруд.
Жиынға қатысқан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің айтуынша, О. Сүлейменов 60-жылдардың басында КСРО поэзиясына әлеміне құбылыс болып енді, түркі тілінен енген сөздерді әлемдік әдебиет айналымымен интеграциялады. Оның айтуынша, «АЗиЯ» дәуірмен шектелмейтін мәдени құжаттың сирек кездесетін үлгісіне айналды. Мұны академиялық орталарда пікірталас емес, мәдени субъективтілік актісі, ұлтшылдық емес, теңгерімді қалпына келтіру, тану емес, мойындау деп қабылдау керек. «Олжас АЗиЯ-ға үлкен дайындықпен келді. 1962 жылы «Кочевники и русь» деген мақаласы сол кездері «Простор» журналында жарияланды. Арада жылдар өткенде осы тақырыпқа қайта оралды, дүниеге «АЗиЯ» келіп, КСРО Ғылым академиясының лингивистикаға қатысты қасаң пікірін тас-талқанын шығарды» дейді Мереке Құлкенов.
Мереке Құлкенов айтып өткендей, Олжас шығармаларын, оның ішінде «АЗиЯ»-ны мектеп бағдарламаларына академиялық пән сабағы ретінде енгізетін кез келді. Сол кезде ғана болашақ ұрпақ «АЗиЯ»-ны ұлттық рухтың қайнар көзі деп таниды.