Тыйымға қарамай табақтан табылды: Түркияда шошқа етіне қатысты заңбұзушылықтар тіркелді

KAZINFORM — Тыйымға қарамастан, Түркияның бірқатар провинцияларында сатылатын өнімдерге шошқа еті қосылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркияның Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі елдің түрлі аймақтарында шошқа етінің таралуына қатысты соңғы тексеріс нәтижелерін жариялады. Жарияланған тізімге сәйкес, шошқа еті ең көп сатылатын алты провинция — Бурса, Конья, Анталья, Мугла, Балıkесир және Адананың аты аталды.
Министрлік ерекше назар аударған өңірлер — дәстүрлі түрде консервативті көзқарастағы және діни ұстанымдары басым тұрғындары бар Бурса мен Конья қалалары. Бұл жерлерде шошқа еті қосылған өнімдердің көптеп табылуы күтпеген жағдай болды.
Туристер жиі келетін Анталья мен Муглада шошқа етіне сұраныс шетелдік қонақтар тарапынан болғанымен түсіндіріледі. Алайда министрліктің мәліметінше, кейбір мекемелерде келушілерге тағам құрамына қатысты толық ақпарат берілмейді, бұл өз кезегінде шағымдардың көбеюіне себеп болған.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі қоғамдық тамақтану және сауда орындарына бақылауды күшейтіп, өнім құрамын дұрыс көрсетпеген компаниялардың тізімін жариялады. Сондай-ақ азаматтарға өнім жапсырмаларын мұқият тексерудің маңыздылығын ескертіліп жатыр.
Тексеріс нәтижелері мен ереже бұзған кәсіпорындар туралы өзекті ақпаратты министрліктің ресми сайтынан көруге болады: guvenilirgida.tarimorman.gov.tr.
Министрлік тұтынушыларды қырағы болуға және тағам өнімдеріндегі жалған ақпаратқа қатысты дереу хабарлауға шақырады.
Бұған дейін біз Коджаэли провинциясына қарасты Кёрфез қаласында 600-ден астам адамның тауық донерінен уланып қалғаны туралы жазған едік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия қонақүйлердің жаппай жабылуы туралы қауесетті жоққа шығарғанын жазған едік.