Биыл қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Биылғы жыл басынан бері 4 427 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған, қандастардың 45,8% – Қытайдан, 40,9% – Өзбекстаннан, 5,4% – Түрікменстаннан, 3% – Монғолиядан, 2,3% – Ресейден және 2,6% – басқа елдерден келген, деп хабарлайды Egemen.kz.
1 мамырдағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,7%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,9%-ды және зейнеткерлер 8,4%-ды құрап отыр. Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17,4%-ы жоғары білімді, 26,8%-ы орта кәсіби білімді, 53,6%-ы жалпы орта білімді, және 2,2% білім жоқ.
Қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Жыл басынан бері 339 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 136 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.