Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Анаға құрмет – адамзатқа міндет

Анаға құрмет – адамзатқа міндет

Былтырдан бастап, Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің қатары «Аналар күні» мерекесімен толықты. Бұл айтулы күн мамыражай мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтіледі.
Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, оларға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту үшін атап өтілетін маңызды мереке. Бұл күн мамыр айының екінші жексенбісінде АҚШ, Канада, Германия, Италия, Бельгия, Дания, Финляндия, Эстония, Түркия, Жапония, Бразилия және Австралияны қоса алғанда 20-дан астам елде атап өтіледі.
Аналар күнін мерекелеу аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын және қазіргі қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға, қазақ халқының тарихындағы аналардың рөлін танымал етуге ықпал етуге бағытталған. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өткен болатын.
Десе де бұл мерекені әлі де білмейтіндер арамызда баршылық. Биыл екінші жыл тойланып отырған атаулы күннің маңыздылығы мен мәнін көпшіліктің пікірі арқылы газет оқырмандарының назарына ұсынудың орайы түсіп отыр.

Роза АСАНОВА, Қазалы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы:
Ана ұлтты тәрбиелейді
– Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде анаға құрмет көрсетіп, оның мейірімі мен қамқорлығы үшін алғыс айту мақсатында атап өтілетін маңызды мереке. Аналарды қорғау – мемлекеттегі әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ.
Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Біздің отбасылық өмірімізде де, қоғамдық өмірімізде де ананың рөлі ерекше, ол балаларын тәрбиелеп, бағыт-бағдар береді. Әрбір жетістігіне марқайып, қайғысына қабырғасы қайысады.
Қазалы ауданында құрылған әйелдер кеңесімен осы уақытқа дейін түрлі шара мен жұмыс атқарылды. Бұл жұмыстар алдағы уақыт да жалғасады. Кеңеске әр салада еңбек етіп жүрген нәзікжандылар мүше. Әрқайсысының айтар ойы, пайымды пікірі, іскерлік қабілеті жоғары. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей кез келген істе ауызбіршіліктің озық үлгісін танытып отырады. Біз қолға алған, жүзеге асырған немесе алдағы уақытта жоспарға енгізген әрбір іс-шара бәрі де аналардың игілігі үшін.
Ал мерекеге келер болсақ, өте орынды, оңтайлы орныққан күн дер едім. Анаға құрмет көрсету бір күнмен шектелмейді. Әр сәт, әр секунд анаға алғыс айтсақ та жарасады. Дегенмен атаулы күннің болғаны аса маңызды. Балалар көптен көріспеген анасын мерекемен құттықтап, күнделікті күйбең тірлікпен телефон соғуға мүмкіндігі болмай жүрген жандар айтулы күнді қалт жібермейді деп ойлаймын. Өзімізде ұл-қыздарымызға ана, немерелерімізге әже атансақ та анамыздың ыстық құшағын, мейірімді жүзін аңсап тұрамыз. Бұл жалғанда анадан асқан асыл жоқ. Ана ол кез келген құрметке, сыйға лайықты.

Феруза ЖӨЛКЕЕВА, ардагер-ұстаз:
Жүрекке жақын мереке
– Қазақстанда жүрекке ең жақын мереке – аналар күні. Бұл күн – әр ананың ақ тілеуіне, шексіз махаббатына алғыс айту күні. Ана – алғашқы ұстаз, тіршіліктің алтын діңгегі. Қандай биікке шықсақ та, қандай қуанышқа кенелсек те, бәрінің бастауында ана тұр. «Ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» демей ме?! Расында да ана үйдің, әлемнің ұйытқысы. Менің анам өте еңбекқор, сабырлы жан еді. 86 жасқа келіп дүние салды. Бойын тіктеп, еңсесін көтерген күйі өмірден озды. Еңбек десе, жанын берердей еді. Ең бір жақсы қасиеті – ұстамдылығы. Қандай істе болсын сабырлылығымен, байсалдылығымен байыпты іс-әрекет жасайтын. Ретсіз әңгімеге жоқ, орынды жерінде орнықты ой айтатын анамның қасиеті менің де бойымнан табылатындығын мен мақтан тұтамын.
Ананың баланы өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие беріп өсіруі, қоғамда еңбек етуі, үй шаруасын дөңгелетуі, бәрі-бәрі еселі еңбек, қажыр-қайрат десек болады. Анасыз адам болмайды. Әрбір жанға жарық дүние сыйлаған аяулы жан бар. Ол – ана. Саған өмір сыйлаған жанды қалай құрметтесең де жарасады. Жылдың бір күні емес, бар күнін аналар күні десе де артықтық етпейді.
Мен бірнеше жыл бастауыш сынып мұғалімі болдым. Қаншама ана көрдім. Соның барлығы бала үшін барын салатын. Ұлым-қызым өссін, өнсін, білім алсын деп табанынан тозған талайды білемін. Ананың балаға деген махаббаты тілмен жеткізуге келмейтін құдірет. Сондықтан жүрекке жылу сыйлайтын, көпшілікке ананың қадірін ұқтыратын мерекенің жоғары деңгейде аталып өткенін қалаймын. Бұл мереке биыл екінші жыл аталып өтіп жатыр екен. Алдағы уақытта маңыздылығы артып, мән-мағынаға толы айтулы күн боларына мен сеніммен.

Гүлвира АХМЕТ:
Ақылы мені адастырмай алға жетелеп келеді
– Менің анам – әдемі, байсалды, мейірімі шексіз адам. Анама деген махаббатымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Адам басындағы барша асыл қасиет күннің нұрынан, ананың сүтінен дариды. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Анам бала жанының бағбаны – ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгеруге мықтап ден қойған адам. Бар жан-тәнімен мамандығына берілгендігінің нәтижесінде бұл еңбегі босқа кетпеді. Қырық бес минут бойы тақта алдында тұрып сабақ түсіндіріп, түнде телміріп оқушылардың дәптерін қарап шаршағанын қызметіне деген сүйіспеншілігі жеңетін.
Анам осы жасыма дейін көп нәрсе үйретті. Білімнің бастамасын берген өзімнің анам. Біз үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын. Бар сұлулығын, мейірімін бізге сыйлаған адам. Балаларына лайықты тәрбие беріп, әрқашан жанымызда болуға тырысып бақты.
Анамыздың тәрбиесі арқасында біз бір-бәрімізге қамқор болып, бір-бірімізге қорғаныш, алып таудай биік бекініс болып қараймыз. Жан-жақты адам. Бір орында отыра алмайтын, барлығына мейілінше үлгеріп жүреді. Асыл анамның ақыл-кеңесі, берген ұлағатты тәлім-тәрбиесі мені адастырмай алға жетелеп келеді. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айтамын.
Қазіргі қоғамда екінің бірі әлеуметтік желі арқылы ақыл-кеңес айтуға көшті. Түрлі курс сатып, адамның санасын сан жаққа жүгіртіп, тәрбиелеуге талпынуда. Бұның барлығын бос іс-әрекет дер едім. Әрбір адам үшін анадан артық ақылшы, анадан артық жанашыр жоқ. Сондықтан ата-ананың берген тәлімін бойға сіңіріп, қажет жерінде пайдамызға жарата білсек болғаны дер едім.
Түйін: «Жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды. Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды», – деп ақын Қайрат Жұмағалиев жырлағандай ана туралы сөз қозғалғанда толқымайтын жүрек, тасымайтын көңіл жоқ шығар сірә?! Дананы да, батырды да, ақынды да өмірге әкелетін қайсар ананың қашанда адамзат үшін аты асыл, заты бөлек. Аналардың ортамызда жүргенінің өзі береке, амандығы бала үшін үлкен мереке.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
13 мамыр 2025 ж. 45 0

Еңбегі елеулі мамандар

13 мамыр 2025 ж. 49

ҚОЛА ЖҮЛДЕ ҚАНЖЫҒАДА

13 мамыр 2025 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031