Мемлекеттік шығындар қайта қаралады: Қай салада үнемдеу болады?
Фото:chatgpt.com
Миллиардтар далаға кетпеуі үшін Үкімет бюджеттік саясатты қайта қарап жатыр. Президенттің тапсырмасымен басталған бұл қадам енді нақты іс-шараларға ұласып, артық шығындарды азайтуға жол ашпақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке маңызды емес салалардағы артық шығындарды қысқарту жөнінде тапсырма берді. Бұл қадам бюджетті тиімді пайдалану және қаржы тұрақтылығын сақтау мақсатында қолға алынған. Осыған байланысты мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға бағытталған арнайы жедел топ құрылды.
Аталған жедел топтың құрамында бірнеше кіші топ бар. Солардың бірі – Премьер-Министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқаратын кіші топ. Бұл топтың басты міндеті – мемлекеттік шығыстарды ұтымды пайдалану және бюджетті тиімді жоспарлау жолдарын әзірлеу.
Жұмыс 4 негізгі бағыт бойынша жүргізеді. Олардың ішінде:
- әлеуметтік сала мен нақты экономика секторындағы шығындарды қайта қарау,
- салалық ерекшеліктер мен нақты проблемаларды ескеру,
- заңнамалық және әдістемелік кедергілерді анықтау,
- шығындарды жай ғана қысқарту емес, ақылды және сараланған үнемдеуді енгізу.
Қазір қай сала талданып жатыр?
Мысалы құрылыс саласына қатысты мәселелер қазірдің өзінде егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр. Жоспарлау тәсілдері, құрылысқа бөлінген қаржының тиімділігі, оның жұмсалу тәртібі қаралып, жетілдіруге арналған нақты ұсыныстар әзірленді, - делінген редакциямызға берген Ұлттық экономика министрлігінің ресми жауабында.
Сала мамандары бұл бастаманы "шығындарды сызықтық қысқарту" деген ескі тәжірибеден бас тарту деп бағалап отыр. Енді әр саланың нақты жағдайына қарап, қай жерде артық шығын бар, қай жерде қосымша қолдау қажет – соны анықтау көзделіп отыр.
Сонымен қатар, Ұлттық қор қаржысын сақтау, ақша-кредит және фискалдық саясат арасындағы сәйкессіздікті жою секілді жүйелік мәселелер де күн тәртібінде. Бұл шаралар ел қаржысының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмыс топтарының отырысы он күн сайын өткізіліп, ұсыныстар тұрақты түрде талқыланады.