Күріш тапшылығы: рекордтық деңгейдегі экспорт тіркелді

Жапония елде бұл өнімге сұраныстың жоғары болуына және оның бағасының күрт өсуіне байланысты оңтүстіккореялық күріш өндірушілеріне жүгінуге мәжбүр болды.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, NongHyup атты оңтүстіккореялық ауыл шаруашылығы федерациясының жапондық өкілдігі арқылы 2 тонна күріш жеткізілген, ал жақын арада тағы 20 тонна жеткізіледі деп күтілуде.
Оңтүстіккореялық БАҚ-тың мәліметінше, бұл – Жапонияға күріш экспорттау бойынша 1990 жылдан бергі ең үлкен көрсеткіш.
Өткен жылы Жапонияда ауа райының қолайсыздығы мен табиғи апаттардың салдарынан күріштің түсімі төмен болған.
Сонымен қатар, елге рекордтық деңгейде туристер келуі және жапондардың күрішті алдын ала көп мөлшерде сатып алуға ұмтылуы тапшылықтың артуына себеп болды.
Өнім бағасы өткен жылдың сәуірінен бері 92%-ға өсіп, бұл 1971 жылдан бергі ең жылдам баға өсімі болып отыр.
Наурыз айында билік бағаның өсуін тоқтату үшін 210 мың тонна күрішті қордан дүкендерге шығара бастады. Алайда, қазіргі уақытқа дейін бұл көлемнің тек аз ғана бөлігі дүкен сөрелеріне жеткен, ал билік бұны "логистикалық мәселелермен" түсіндіреді.
Сәуір айының басында Жапония супермаркеттерінде 5 келілік күріш орамы 4124 иенге ($30) сатылып, бір жыл бұрынғы бағамен салыстырғанда екі есе қымбаттаған.