Министр ауыл шаруашылығындағы негізгі көрсеткіштерді жариялады
Ауыл шаруашылығында нақты көлемінің индексі былтырмен салыстырғанда 12,7%-ға өсті. Бұл туралы елордада «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» тақырыбында өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.
Фото: Kazinform
- Жалпы, «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Заңға сәйкес, халықтың жылдық қажеттілігінің 80 пайызы отандық өндіру есебінен қамтамасыз етілген кезде, елдің азық-түлік тәуелсіздігіне қол жеткізілді деп айтуға болады. Бұл ретте, ішкі нарықтың негізгі тауарлармен қамтамасыз етілу деңгейі – қажеттіліктен бірнеше есе көп. Мысалы, ұн бойынша қажеттілік 2,4 есе жоғары (тұтыну 1,4 млн тонна, өндіріс – 3,3 млн тонна), күріш жармасы бойынша – 1,7 есе (қажеттілік 117 мың тонна, өндіріс – 205 мың тонна), күнбағыс майы – 1,7 есе (қажеттілік 394 мың тонна, өндіріс-672 мың тонна) жоғары, қой еті бойынша қамтамасыз ету – 106%, сондай-аұ сиыр еті бойынша 101% қамтамасыз етілген, - деді А.Сапаров.
Оның айтуынша, қойылған міндеттерге сәйкес, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша сала оң серпін алған. Мәселен, ауыл шаруашылығы нақты көлемінің индексі былтырмен салыстырғанда 12,7%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығында өсім - 18,8% (4 424,9 млрд теңге), мал шаруашылығында - 3,3% (2 578,4 млрд теңге).
- Биыл астық өнімділігі бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді, яғни 26,7 млн тонна астық бастырылды, бұл 2023 жылғы деңгейден бір жарым есе көп.Ішкі қажеттілік 7,5 млн тонна көлемінде болғанда, жыл сайын орта есеппен кемінде 18 млн тонна астық өндіріледі. Күріш, қарақұмық, майлы дақылдар, картоп сияқты басқа да негізгі дақылдар бойынша да өсім байқалды. Күріш 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға (2023 жылы – 485,2 мың тонна, 2024 жылы – 563,1 мың тонна), қарақұмық – 42%-ға (2023 жылы – 83,5 мың тонна, 2024 жылы - 118,1 мың тонна) көп жиналды. Майлы дақылдар өнімі 3,2 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдан 46%-ға көп (2023 жылы - 2,2 млн тонна). Күнбағыс тұқымы бойынша өсім 35%-ды құрады (2023 жылы 1,2 млн тонна күнбағыс тұқымы бастырылды). 2,9 млн. тонна картоп жиналды, былтырғы деңгейінен 40%-ға артық, - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, биылдың 10 айында ет өндірудің көлемі 4,4%-ға (889 мың тонна), оның ішінде сиыр еті – 6,2%-ға (313,8 мың тонна), құс еті 10,3%-ға (296,7 мың тонна) өсті. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 3,1 млн тонна сүт өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға көп және тауық жұмыртқасы бойынша өсім 0,9%-ды (3 734,5 млн. құрады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, парламенттік тыңдау бароысында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ауыл шаруашылығында ескі тәсілдермен өнімділікті арттыру мүмкін емес екенін атап өтті.