"Қажет болса, күш қолданамыз": Трамп Иранға ескерту жасады
АҚШ қажет болған жағдайда Иранға күш қолдануға дайын. Бұл туралы Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Иранның ядролық келісімнен бас тартуы жағдайында әскери қимылдар басталуы мүмкін бе деген журналистердің сауалына: Егер бұл қажет болса — иә, - деп жауап берді Трамп.
Сонымен қатар, Трамп АҚШ-тың Еуропадағы Қарулы Күштерінің, соның ішінде Әуе күштерінің санын қысқарту ықтималдығына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселе халықаралық келіссөздер барысында қарастырылатын тақырыптардың бірі болуы мүмкін.
Бұл жағдайға байланысты. Біз Еуропадағы әскери күштер үшін қаржы жұмсаймыз, алайда Еуропа елдерінен де, Оңтүстік Кореядан да тиісті өтемақы алмаймыз. Сондықтан бұл — саудаға тікелей қатысы жоқ, бірақ талқылауға лайық мәселелердің бірі. Меніңше, біз бұл мәселені де сауда келіссөздерінің бір бөлігіне айналдырамыз, - деді ол.
Бұдан бөлек, Дональд Трамп АҚШ-тың иелігінде «әлемдегі ең қуатты қару» бар екенін айтып өтті. Алайда ол нақты қандай қару туралы сөз болып отырғанын нақтыламады.
Бізде ешкім білмейтін, әлемдегі ең қуатты қару бар. Ол кез келген өзге қарудан әлдеқайда мықты, - деді Трамп.