Ғасырлар куәсі болған керуен сарай

1853 жылы В.А. Перовский №1 фортты Қазалыда салуға бұйрық берді. Осылайша, Қазалы қаласының іргетасы қаланады. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылып, Қазалы қаласының №1 форт атауы өзгереді. Сырдария облысының уездік Қазалы қаласы болып, осы генерал-губернаторлықтың құрамына кіреді. Уезге Арал, Қазалы, Қармақшы аймақтары бағындырылды. Қазалы уезд орталығы болғаннан кейін, мұнда сырттан қоныс аударушылардың саны артады. Өйткені Қазалы өңірі Сырдария жағасында орналасқан, көлдері мен балықтары мол болды. Осыны жақсы түсінген орыс, еврей, Бұхара, Хиуа саудагерлері Қазалыға біржола қоныс аударады. Алғаш болып келген орыс саудагерлері Деев пен Путаловтар еді. Одан кейін Қазан татарлары Ахмет және Ғани Ғалиұлы Хусайыновтар келді.
Бұл саудагерлер мал және егін өсіріп, арақ-шарап, сыра және басқа да азық-түліктерді сатып, сауданы кеңінен өрістетті. Ғани Хусайынов 1869 жылдары күйдірілген кірпіштен үлкен үй салдырды. "П" әрпі тәріздес үйдің солтүстікке қараған алдыңғы жағында арбалар мен мал кіруге ыңғайлы кең қақпасы бар. Қақпаның үстіңгі қабатында қонақтар көлеңкеде демалатын жай салынған. Ғанибай шетелдіктермен де сауда байланысын орнатқан екен. Ауызша деректерге сүйенсек, ол Германияға тері мен жүн экспорттап тұрған деседі.
Қаладағы республикалық мәртебесі бар архитектуралық ескерткішке жататын Ғанибай үйін (керуен сарайын) есепке алу үшін "Казпроектреставрация" институты 1980 жылы есепке алып, құжаттарын дайындаған. Ғанибай Хусайынов салдырған керуен сарайына 1937 жылы Ақтөбе облысының Мартөк ауданынан көшіріп әкелінген ауылшаруашылық техникумы орналастырылған. Техникум 1971 жылға дейін жұмыс істеді, кейін Сырдария ауданына көшірілген.
Ғанибай архив деректері бойынша 1894 жылы үйінің жанынан мешіт салдырған. Бұл мешіт Ғанибайдың мешіті деп аталады. Қазіргі уақытта ғимаратта Қазалы қалалық кітапханасы орналасқан. Бұрын ғимарат әртүрлі мақсаттарға пайдаланылған. 1900 жылдың 2 желтоқсанында қалада Сыр бойындағы алғашқы кітапхана ашылды.
- Қаланың көрнекті архитектуралық ескерткіштің бірі - Ғанибай мешіті. Бұл діни құрылыстың тарихы 1887 жылы Ғанибайдың жеке қаржысына басталыпты. Алайда, құрылыс тоқтап қалып, кейіннен жергілікті халықтың күшімен 1894 жылы аяқталды, ғимарат тіктөртбұрышты пішінде күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған”, - дейді Ғани Мұратбаев атындағы музей меңгерушісі Роза.Шорақызы.
Ресейден жер аударылып, қазақ даласында жүрген орыс социал-демократтары кітапхана қорына қолда бар әдебиеттерін беріп, қазақ жастарының ойын-сауық кештерін ұйымдастыруына көмектеседі. Кештен түскен қаржыға кітаптар сатып алынады.
Сонымен қатар қазақ зиялылары да кітапхана қорын толықтыруға өз үлестерін қосады. Нәтижесінде, кітапхана алғашқы жылы 437 кітап қорымен жұмысын бастайды. Сол жылдары кітапхананың 113 тұрақты оқырманы болған екен.
Орта Азияға сапар шеккен атақты саяхатшы П.П. Семенов-Тянь-Шаньский Қазалы қаласында болып, кітапхана жұмысын жақсарту туралы кеңестер берген. Ол тіпті өзінің жеке кітапханасынан 200 кітапты қолтаңбасымен сыйға тартады. Бұл құнды кітаптар қазіргі уақытта М. Горький атындағы қалалық кітапхананың жанынан құрылған "Алтын қор" мұражайында сақтаулы.
Тоғжан ШОРА