Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қараөзек қамы өзекті болған қашан да

Қараөзек қамы өзекті болған қашан да

Фото: pixabay
Қазақ «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дейді. Көктемнің әр күні – жылға азық. Әр айдың өзіндік ерекешелігін астрономиясыз-ақ меңгерген жұртымыз бұл жайлы не қалдырды? Бірге білейік.

Көкек қайдан шыққан?

Төл тілімізде жылың екінші айы «көкек» деп қолданылған.
Этимологтар айдың «көкек» деп аталуы көктемнің белгісі саналатын осы аттас құстың шақырып, айналаға жайма-шуақ мезгіл келді дегенімен байланыстырады. Түлркі тілдерінің тармағына кіретін, туыстас тувалықтар мен шорлар да бұл айды «көрік айы» дейтінін ескерсек, бұл ұғым тек қазаққа ғана тән еместігін ескереміз.
Көкек – көктем жаршысы. Оның үнін естіген еңбек адамдары жер жырту, малын өрестету қамына қызу кіріскен.

Өгіз өрге сүйрей ме?

Қазақта жылдың екінші айықос атауға ие. Алғашқысы – сәуір. Байырғы сөздер ұғынықты және бір буынды болып келетінін ескерсек, сөздің туынды не кірме екенін білу қиын емес.
Сәуір, латынша «Aprilis» — қазіргі Григориан күнтізбесіндегі 4-ші келетін айдың қазақша атауы. «Сәуір» арабшадан кірген атау. Қазақшаға аударсақ, «өгіз» деген мағынаны білдіреді. Өгіз – сиырдың аталығы. Ертеден мал баққан халқымыз ірі қараны бертін келе қолға үйреткен. Айдың дәл сол Зеңгі баба төліне қатысты екенгін ұғындаратын нақты, тұжырымды пікір жоқ. Араб тіліндегі өгізге келетін түсінік күн жолындағы шоқжұлдыздың аты. Қазақтар оны ай аты ретінде қолданған.

Атау неге ауысты?

Бала күнімізде бұл айды «көкек» деп атайтынына талай рет қанығып өстік. Тіпті бастауыш сынып оқып жүрген бір жылдары күн ретін де көкек айы деп көрсеткеніміз барын мен құралпы өткен ғасырдың 70-90 жылдарында өмірге келген толқынның көбінің есінен шықпағаны анық. Тарихқа үңілсек, қазақ тілінде атау 1990 жылдары қолданысқа енген.
Бұл туралы оқиға куәгері, журналист Марат Тоқашбай әлеуметтік желідегі жазба қалдырған.
«1990 жылы 24 апрельде арнайы заңмен Қазақстанда президенттік билік енгізілді. Тура сол күнге Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұрын «апрель» сөзі қолданыла беретін.
Компартияның қылышынан қам тамып тұрса да жаңа басылымда ай аттарының қазақша берілгенін көңіліміз қалап тұр. Алайда бір аптадай ғана бұрын Орталық Комитеттің апрель Пленумы өткен. Оны қалай жазамыз? «КПСС Орталық Комитетінің Көкек Пленумы» десең бас кетеді. Содан, газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев жол тапты: «Сәуір Пленумы» дейік деп.
Журналист осы күннен кейін «сәуір» сөзі барша басылымдарға ауыса бастағанын еске алады. «Одан кейін «Орталық Комитет» те, «Пленум» да жойылды. Бірақ қазақша ай аттарының ішінде көзге шыққан сүйелдей боп арабша «сәуір» сөзі қалып қойды. Енді соны неге түзетпеске?!» деп пікірін қалдырады.
Сәуірдің қолданысқа түсуіне Өзбекәлі Жәнібековтің қатысы барын айтады келесі дерек. Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы болып тұрған уағында қайраткер көкектің жеңілтек құс атауы екенін айтып, ығыстырған деседі.
Ғалым-ағартушы Шоқан Уәлиханов тіршілік бастауына ұйытқы болған көкек жағымсыз құс емес, қазақ үшін киелі құс саналғандығын жазған.

Ай емес, амал ма?

Қос сөз де әзірге бір-біріне балама ретінде жалпақ қазаққа таныс. Алайда біренше жыл өткен соң «көкектің» ай атауы болғанын білмейтін буын қалыптасары сөзсіз. Бұл заңдылық. Қазргі күнгі дейін тіл жанашырлары арасында төл атауын қайтару керек деген ұстанымдағы, тіпті «сәуірді» көзге шыққан сүйелдей артық ұғымға балайтындары да жеткілікті. Олардың уәжінің бірі ертеден келе жатқан «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген жолды айдың емес, осы кездегі амал атауы ретінде қолданылған деген пікірді алға тартады.
Амал – әр жыл мезгілінің әр айында болатын табиғат құбылысы. Ел арасында сәуір амалы шамамен осы айдың 20-сыншы жұлдызында басталады делінеді. Ол кіргенде үлкендер жаз бұлттарының жайын бақылайды. Бұлт үйіріліп, ыдырамаса, сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр жауын, тіпті қарлы болады.
Қамбар ата төлінін баптаған, жылқысы бар жандар сәуір амалы өтпей, сәуріктерін пішпейді. Сәурік деген үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр. Себебі, күн суытып кетсе, жас айғырлардың жаңа жағдайға бейімделуі қиынға соғатын көрінеді.
Ертеде бір бай жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел піштіріп тастайды. Қарлы боран болып, барлығы түгел қырылады. Бұл амалдың кейде «қырық сәурік» деп те аталу себебі осы.
Сондай-ақ сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желдің де аты да «сәуір».
Сәуір айында «бесқонақ», «қызыр қамшысы», «тобылғы жарған», «отамалы» деген төрт амал кіреді.

Малмен бірге бағады ауа райын

Ақын Мұқағали Мақатаев:
Сабылып келді міне, сәуір айы,
Сәуір айы – қазақтың тәуір айы.
Жылайды да тұрады жылаңқы бұлт,
Бара жатыр не болып ауа райы?!
Ақ нөсер, өткіншісі – бәрі дайын,
Сабылтыға келген мына сәуір айын,
Құтты көріп, диқандар құптағанмен,
Малшылар салып отыр сарыуайым.
Жылап тұр, жылаңқы бұлт сабылып тұр,
Сағынып тұр күн нұрын, жабығып қыр.
Бірде жауын, біресе қарға айналып,
Сәуір айы малшыға қағынып тұр.
Шопан жүр малыменен, көптен бөлек,
Төпеп тұр,келер емес көктен көмек.
Сәуір айын сықпыртып, сыбайды кеп,
– Құрғырдың түбі түсіп кеткен бе?! –деп.
Ойында әрі ашу, әрі уайым,
Әйтеуір оңдырған жоқ сәуір айын.
Сәуір айы – малшыға сарыуайым,
Малмен бірге бағады ауа райын...– дейді. Ай егіс пен мал шаруашылығының маңызды мезеті. Табиғат өз өзгешеліктерімен ерекшеленіп, бұл айда жаңбыр жауады, ауа райы жылынып, топырақ жібиді, ағаштар бүршік жарып, гүлдер ашылады.

«Отамалы» оң болса, отты болар жер-Ана

Жетісу жерінде сәуірді «отамалы» деп қолдану да кездеседі.
«Сәуір санды қыс, отамалы ойылған қыс, үркерлі айдың бәрі қыс. Саратан-зауза сенен де қорқам» дейді екен бұрынғылар.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Біздің қазақ Айды да білмейді, жұлдызды да білмейді, жылды тоқсан болғанда: «Жер мұз» – дейді. Отамалы, сәуірде қой қоздайды. Қыс болып, суық болса, ақпан мен қаңтар дейді»., – дейді.
Жазушы Табыл Құлияс отамалы негізінен батыс өңірінде болатынын айтады. Бәрімізге белгілі «Абай жолындағы» бала Абай отамалы туралы сұрайтыны бар. Сонда Зере әже отамалының көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығатыны туралы айтады. Суық атауы неге осылай аталғаны да сол жерде айтылады.
Ғалым Құлмат Өмірәлиев: «Шоқан Уәлиханов жазып алған деректе Наурызым – февраль, Отамалы – март, Шаршатамыз – июль айы болып келсе, бір жерлерде (Қазақстанның шығысында, оңтүстігі мен батысында) айдың Қыркүйек аты аталмай, оның орнына Мизам (Мизан) ай аты (зодиак жұлдызы аты) айтылады. Хут (не Үт) айын Қазақстанда шығысында Бірдің айы, ал Хамал айын Көкек деп атайды», – неген жазба қалдырған.
Байбота Қошым-Ноғайның «Тіл ұшындағы тарих» кітабында мынандай дәйекті дерек бар.
«Араб тіліндегі (Хұт) – Балық, ал «Хамал» – Тоқты зодиак шоқжұлдыздарының атаулары біздің ана тілімізде ақпан және наурыз айларының аты ретінде де қолданылған екен. Біздіңше, «Отамалы» атауының пайда болуына дәп осы екі атау себепкер болған секілді. Ерте кезеңдерде «хұт» (ақпан) және «хамал» (наурыз) ай аттарының қосарлана қатар аталуы себепті әуелгі кезде «хұт+хамал» аталып, кейінірек «үт+амал» дыбыстық құрамында жүріп, тілімізде «отамалы» сөзі қалыптасқан деп жорамалдауға болады. Осы екі атаудан пайда болған «отамалы» бастапқыда қыс пен көктем арасында өлара кезеңді бейнелеген де болуы мүмкін. Соңыра ол жылдың осы мерзіміне сай келетін амал атауына айналған деп түсінудің орайы бар».

Сауып тұрған сауын

Соңғы кезде жауын жауғанда тілек тілеу жайлы жиі айтылып жүр. Ал сәуір жауыны шипалы екенін әлемнің көптеген елі білетін болып шықты. Бұл жайында бабаларымыздан «Сәуірдегі жауын – сауып тұрған сауын» деген тәмсіл қалған.
Зерттеушілердің айтуынша, жыланның уы, балықтың інжуі, тіпті бал арасының балы да осы жаңбыр суынан пайда болады. Олар ең таза судың сәуір жаңбыры екенінің мысалы.
Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с Хадистерінің бірінде: «Мені хақ Пайғамбар қылып жіберген Алла Тағалаға ант етейін, баласы болмаған ер осы судан әйеліне ішкізсе, Алланың рұқсатымен әйелі жүкті болады», – делініпті. Келесі хадис-шәрибінде: «Жәбірәйіл (а.с.) маған сондай керемет дәрі үйреткені соншалық ол дәрінің арқасында емшілердің дәрісіне мұқтаждық қалмайды» дейді. Сахабалары: «Ол дәріні бізге де үйрет уа, Алланың пайғамбар!» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сәуірдің жаңбырын жинап, оған сүрелерді оқып, 7 күн үзбей пайдалануға нұсқау беріпті.
Қызығы, сәуір жаңбырында суланған киім шірімейді, шаштар төгілмейді екен. Тұжырымды эколог ғалымдар да жоққа шығармайды.
Осы кезді халық «қараөзек шақ» деп атайды. Дәстүртанушы Болат Бопайұлы: «Көкек айы – көк ішек, мамыр айы – май ішек» дегені қыстай қорада шөппен болмаса жылы жақта жайылыммен шыққан малдардың сүйегі жұқарады. Қараөзек шақ деп отырғаны малдың да жаңағы жілігіндегі жілік майы жіңішкеріп, еті аяздап, арықтай бастайды. Көкек айында жаңа шыққан көкті жегенменен мал семіре қоймайды. Жер ананың тоңы жібіп, табиғат жаңарған сәтте адам ағзасы да тазарады. Осы кезде барынша күтініп, денсаулыққа мән берген жөн», – дейді. Қиындықты еңсеріп, жаңа кезеңге бейімделетін шақ естілікпен енген жұртымыз ештеңеден ұтылмаған.

Дайындаған Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
08 сәуір 2025 ж. 42 0

КӨПКЕ ҮЛГІ АРДАГЕР

08 сәуір 2025 ж. 43

ӘЛЕМ ӘБІГЕР ҮСТІНДЕ

08 сәуір 2025 ж. 43

Не үшін кітап оқу керек?

07 сәуір 2025 ж. 133

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930