«Ортаншы бала» синдромы

Бала күніңізде анамызға «қай балаңызды қаттырақ жақсы көресіз?» деген сауалды сіз де қойған боларсыз? Сонда ол «әр балам – бір-бір төбе, бәріңді бірдей жақсы көремін» деуші еді. Алайда жалғыз ұл немесе кенже баланы ерекше еркелетіп, оған ерекше сүйсініп, жақсы көріп жататынын бала көңіл ағармайды дейсіз бе? Қазір әлеуметтік желіні ақтара қалсаң, ортаншы бала жайындағы әзіл-шыны аралас видеороликтерден көз сүрінеді. Әр үйдің ортаншылары өздерінің «елеусіз» екенін алға тартады. Расымен солай ма?..
«Ортаншы бала синдромы» – үлкен және кіші балалардың ортасында дүниеге келген балалар сезетін психологиялық жағымсыздық. Байқадыңыз ба, «синдром» деген атауға да ие болған. Демек әрбір үйдегі ортаншылардың елеусіз өсетінін көрсетіп тұрғандай. Жалпы психологтардың айтуынша, көпбалалы отбасыда балалар жиі ата-ананың назарына таласады. Алайда «ортаншы бала» синдромы барлық отбасыда бірдей кездеспейді екен. Кейде ортаншы балаға туыстары одан үлкен немесе кіші бауырына қарағанда оған аз көңіл бөлетіндей көрінуі мүмкін. «Ортаншы бала синдромы» осыдан шыққан. Мұндай бала зейіннің жетіспеуін бүлікшілік жасау және агрессия көрсету арқылы, кейде жиі ауыру, энурез және тұтығып сөйлеу арқылы орнын толтыруы мүмкін.
Бұл синдром есейгенде де сақталуы ғажап емес. Әдетте ортаншы балалар өз қалауларына тыйым салады. Яки аз нәрсеге қанағат етеді. Өз потенциалының ашылуына мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ олар өскенде де оларды жақсы көре ме деп күмәнданады.
– Әр бала – жалғыз және ерекше екенін түсіну маңызды. Олардың барлығы сіздің назарыңызды қалайтынын ұмытпаңыз. Әр балаға жеке-жеке уақыт бөлуге тырысу қажет. Ортаншы балаға әрекетімен өзіне назар аудартпайтындай уақыт бөлу керек. Оның жеке жетістіктерін мойындап, балаларды бір-бірімен салыстырмау қажет. Балаға өз қызығушылығын табуға көмектесіп, оның отбасының ең керемет бір бөлшегі екенін айтып отыру керек. Балалардың бақытты болуының басты шарты – бақытты ата-аналар. Бала әке-шешесі бір-бірін жақсы көретінін көріп өссе, ол махаббатқа толы ортада тәрбиеленеді. Ата-ананың бір-біріне деген махаббаты балаға деген махаббат секілді өте маңызды, – дейді психолог Әділет Сәдуақас.
ОЙЛЫ ОРТАНШЫ
Біз мән бермесек те ортаншы бала турасында әлемдік көзқарастар сантүрлі. Жаһандағы ғалымдар оны зерттейді, себебі мен салдарын ізденеді. Әрі тұжырым жасайды. Мәселен, Брока және Калгари университетінің ғалымдары отбасыдағы ортаншы бала өзгелерімен салыстырғанда табыстырақ болатынын анықтаған. Айтуларынша, ортаншы баланың бойында өзгелерге қарағанда ерекше сенім басым екен.
Канадалық ғалымдардың тұжырымынша, аға-әпкесі немесе іні-қарындасы бар балалар өзіне сенімді, шыдамды әрі тәуекелшіл болып келеді. Сондай-ақ оларда ашуға бой алдырмайтын, кешірімді бола білетін және адамдармен тез тіл табысатын мінез қалыптасады екен. Жоғары оқу орнының өкілдері мысал ретінде жетістікке жеткен ортаншы балаларды келтірген. Олар Мартин Лютер Кинг, Мадонна, Уоррен Баффет және Авраам Линкольн. Зерттеу барысында үйдің тұңғышы ақылды, ал кенжелер бұзық әрі ерке болатыны анықталған. Отбасында жалғыз өскен ұл-қыздардың да мінезді болатыны көрсетілген.
ТАЛДАУҒА ТҮСКЕН ТЕОРИЯ
Психоаналитик Альфред Адлердің теориясы бойынша баланың өмірге келу реті оның мінезіне әсер етеді. Тереңінен тарқатып көрейік.
Көпбалалы отбасы үшін ортаншы бала деп бірнеше баланы айтуға болады. Туғаннан оған ағасы не әпкесі үлгі болады. Солардай боламын деу олардың даму темпін тездетеді. Ертерек жүреді, ертерек сөйлейді. Тұңғыш бала мен екінші баланың арасы 2 жастан кіші болса, мұны «жалған егіз» деп атайтын зерттеушілер де бар. Олардың айтуынша, мұндай жағдайда екінші бала тұңғыш балаға қарағанда белсендірек болады. Жалпы ортаншы бала жарысқа бейім (әсіресе тұңғыш баламен жынысы бір болса) болады, өзгенің өзін құрметтегеніне қатты мән береді.
Адлердің өзі үйдегі екінші бала болған, сол себепті бұл теориясында оның жеке тәжірибесі жатуы мүмкін. Ортаншы балалар туралы бір ғана пікір айту қиын. Көпбалалы отбасыларда жүргізілген зерттеу бойынша ата-ананың қаттырақ жақсы көретін балалары тұңғышы мен кенжесі екен. Ортаншы бала иә үлкен емес, иә кіші емес. Үнемі бірінші де бола алмайды. Үнемі кенжетай да бола алмайды. Сондықтан ортаншы балалар үшін қиыны – өзінен мықтырақ тұңғыш баламен де жарысады, өзінен әлсіз кіші баламен де жарысады. Алайда кіші балаға қамқор болатындықтан ортаншы балалардан эгоист шықпайды. Кейде алдына ешқашан жете алмайтын қиын мақсат қоюы мүмкін, кейін содан өзі қиналады. Есейгенде көбіне кез келген авторитетті мойындағысы келмейтін «бүлікші» болады. Отбасында нақты өз орны болмағандықтан мүмкіндігіне (оқуда, жұмыста) сенімсіздік танытатын кезі көп болады. Кейде басқалармен жарыстың құралы ретінде көп ішу, көп тамақ жеу, көп ақша жұмсау сияқты жолдарды таңдайды. Орталық позициясының арқасында түрлі адаммен іскерлік қарым-қатынас құра алады, бәріне достық пейіл таныта алады, келіссөз жүргізу қолынан келеді. Бұл теорияға сіздің қөзқарас қандай?
«СҮЙІКТІ» СТАТУСЫ
Қарапайым бір мысал айтып көрейін. Біздің шаңырақта Құдай берген үш бала бар. Үлкені ағам, ортаншысы әпкем және кенжесі мен. Үйдің тұңғышы көбіне ата-әжесінің баласы болып өсті. Қазақ отбасыларында өзі сондай бар емес пе? Бала өмірге келсе, еншілеп алатыны. Ортаншы қыз – пысық, тік мінезді. Оған бар керектіні әперетін. Киім, әдемі дүниелер, жалпы қыз балаға не керек барлығы сонда болды. Ал менің өзім 6-7 жылдан соң дүниеге келсем де, анау айтқандай еркеліктің шыңын көрмеппін. Мінез – тұйық. Көп сөйлемейді. Дүние қапылып жатса да сол ұяң отырыс. Студент боламын дегенше өзіме арнап алынған киім бірең-сараң ғана. Ортаншы қыздың сөмке-сөмке болып шкафқа сыймайтын киімдерін киіп өстім. Көпшіліктің кенже баланың айтқаны болады дегені қате ұғым екенінің дәлелі осы. Қош.
Әрбір отбасыда баланың өміріне түрлі рөлдер ықпал етеді. Ата-ана мен аға-іні немесе әпке-қарындастар арасындағы қарым-қатынас олардың өмірінің қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді. Отбасындағы баланың жасы бойынша орын алатын рөлдердің әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен әсері бар. Ортаншы бала – бұл ерекше психологиялық және әлеуметтік жағдайды бастан өткеретін бала.
Отбасындағы ортаншы бала көбінесе психология мен әлеуметтік зерттеулерде «көп назар аударылмаған» немесе «көлеңкеде қалған» бала ретінде сипатталады. Бұл жағдайда «ортаншы бала» дегенде бірінші және соңғы баламен салыстырғанда ерекше психологиялық және әлеуметтік сипаттамаларға ие болатын балалар айтылып отыр. Ортаншы бала көбінесе ата-анасының көңілінен тыс қалады. Алғашқы баланың назарды өзіне аударуы табиғи, себебі ата-аналар бірінші баласының тәрбиесіне ерекше назар аударады. Ал ең кіші баланың «сүйікті» статусына, әдетте, ата-ананың тарапынан арнайы сүйіспеншілік бөлінеді. Ортаншы бала осы екі баланың арасында өзінің орнын іздеп, «қалғып кеткен» бала ретінде қалыптасуы мүмкін. Бұл жағдайда баланың тұлғалық дамуы мен өзіндік баға сезіміне теріс әсер етуі ықтимал.
АДАПТАЦИЯ
Ортаншы бала – өзін көрсету жолында шебер және көп жағдайда бәсекеге қабілетті болады. Ол үлкендермен салыстырғанда өзіндік ерекшеліктерін көрсету үшін жиі жаңа әдістер мен тәсілдерді іздейді. Олардың көбі өздерінің тәуелсіздік пен жеке бастықтығын көрсету үшін көрнекі түрде ерекше болуға тырысады. Бұл балалар бір-бірімен неғұрлым бәсекелес болуы мүмкін. Олардың бауырларымен қарым-қатынасы әрдайым динамикалық және жан-жақты болып келеді. Ортаншы балалар көбінесе ортадағы рөлді орындауға бейім, себебі олар өздерінің өмірінде ересектермен және балалармен бірдей қарым-қатынас орнатуға дағдыланған. Бұл балалардың ортақ мінез-құлықтары, бейімделгіштік дағдылары мен әлеуметтік қабілеттері өте жоғары болуы мүмкін. Олар жиі басқалардың көңілін табуға, келісімдер жасауға және жанжалды болдырмауға тырысады.
Ортаншы бала өз орнын табу үшін күреседі, бұл процесс көбінесе «таңдаусыз» немесе «жоғалған» сезімдерге әкелуі мүмкін. Мұндай балалардың көбісі өздерінің мақсаттарын табу үшін көп ізденіп, жеке жетістіктерге жету үшін қосымша күш-жігер жұмсайды. Олар өзіндік бейімделу дағдыларын дамытуға тырысады және жиі шығармашылық жолдарды іздейді. Отбасының динамикасында маңызды рөл атқарады. Әр баланың өз орны бар, ал ортаншы бала өз мүмкіндіктерін кеңейтеді. Көбінесе отбасының әр мүшесімен жеке қарым-қатынас орнатады. Олар әдетте үлкен баланың үлгісін алады, бірақ кіші баламен де жақын араласуға тырысады. Бұл әлеуметтік қабілеттердің қалыптасуына әкеледі.
Ортаншы балалар тәуелсіздікке және өзін көрсетуге ерекше мән береді. Олар өздерін үлкен және кіші бауырларымен салыстырғанда тең немесе дербес тұлға ретінде сезінеді. Тек өз қабілеттеріне сеніп, әлеуметтік ортасында өз орны мен мақсатын табуға ұмтылатын олар көбінесе өзіне жоғары талаптар қояды.
Түйін: Айтып, айтпай не керек? Мұндай синдром көп балада кездесе бермейтіні жасырын емес. Өйткені ортаншы баланың өміріндегі психологиялық, әлеуметтік және тұлғалық дамуында көптеген факторлар ықпал етеді. Оның тұлғалық дамуы көбіне отбасындағы орнына, ата-анасының қарым-қатынасына және бауырларымен ара-қатынасына байланысты қалыптасады. Олардың өз-өзіне деген сенімділігі мен құндылықтары отбасындағы тұрақты қолдау мен махаббатқа тікелей байланысты екенін естен шығармаған жөн.
Айнұр ӘЛИ