Енді меморган прокуратураның келісімінсіз инвесторды тексере алмайды
20 қаңтардан бері бірде-бір мемлекеттік орган прокурордың келісімінсіз инвесторға қатысты тексеру тағайындауға, әкімшілік жауапқа тартуға, лицензиясын қайтарып алуға құқығы жоқ. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Ризат Смағұлов мәлімдеді.

— Инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың негізгі шешімдері бойынша «прокурорлық сүзгі» енгізілді. Ол ең алдымен инвесторларды мемлекеттік органдардың заңсыз шешімдерінен, негізсіз тексерулерден, келісімшарттарды заңсыз біржақты бұзудан және басқа да тыйым салу және шектеу шараларынан қорғауға арналған. Бір жылдың ішінде мемлекеттік органдардың инвесторлар үшін ауыр зардаптарға әкелетін барлық шешімдері прокурордың келісімінен кейін ғана қабылданды. Бұл механизм оң нәтижесін көрсетті. Прокурорлар 700-ден астам шешімді келісуден бас тартты, соның ішінде инвесторларға қатысты 310 тексеру мен 250 әкімшілік өндірістің жолын кесті, — деді ол ОКҚ алаңында.
Спикердің айтуынша, мәселені қарау кезінде прокурор «заңның әріпін» ғана емес, ақылға қонымды көзқарасты басшылыққа алады.
— Мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың біріне міндеттемелердің толық орындалмауына байланысты келісімшартты ұзартудан бас тартылды. Алайда, прокуратура мұндай шешімді шығаруға рұқсат берген жоқ, өйткені 2020 жылдан бастап жер қойнауын пайдаланушы жобаға 10 млрд теңгеден астам инвестиция салды және жұмысты тоқтаусыз жүргізіп жатты. Сондықтан оған өз міндеттемелерін орындауға уақыт беруге болады деп шештік, — дейді Ризат Смағұлов.
Оның айтуынша «Прокурорлық сүзгінің» тиімділігін бизнес-қауымдастық та, Президент те жоғары бағалап, ол Кәсіпкерлік, Азаматтық процестік және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерде бекітілген.
— Осы жылдың 20 қаңтарынан бастап бірде-бір мемлекеттік орган прокурордың келісімінсіз инвесторға қатысты тексеруді тағайындауға, әкімшілік жауаптылыққа тартуға, оның қызметін тоқтатуға, лицензияны қайтарып алуға, келісімшарттарды бұзуға және талап қоюға шара қолдана алмайды. Қазір облыстық және республикалық пулдың барлық инвестициялық жобалары прокурорлық сүзгіден өтеді, — деп түйді сөзін Бас прокуратура өкілі.
Айта кетейік, елімізде инвесторлардың құқығын бұзған 140 лауазымды тұлға жазаланды.
Сондай-ақ инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді. Атап айтқанда «Жасыл дәліз» жүйесі мен цифрлық платформа іске қосылды.