Қаңтар оқиғасы кезінде жоғалған қару-жарақты тапты

Алматының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы тергеу изоляторының қызметкерлерімен бірлесіп, Түрксіб ауданында қару жасырылған жерді анықтады. 3 шолақ мылтық, 3 тапанша, 4 граната, шамамен 50 патрон, сонымен қатар Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ дүкенінен ұрланған карабин тәркіленді.
Таразда екі шолақ мылтық және Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған жауынгерлік арбалет табылды.
Ақтөбеде 56 патроны бар ТОЗ винтовкасы мен Ф-1 гранатасы тәркіленді.
Алматы облысында екі қару, РГД-5 гранатасы және Калашников автоматының 20 патроны, сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған екі Макаров тапаншасы табылды.
Талдықорғанда жергілікті тұрғынның автокөлігінен бес травматикалық тапанша тәркіленді.
"Кейінгі екі жылда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері заңсыз айналымнан 1000-нан астам қару-жарақ тәркіледі, оның ішінде Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 130 қару бар. Бұл бағыттағы жұмыс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.