Тілі жоқ тіршілік иесі, тимесін обалы, киесі
Фото: А.Қазмағамбетова
Жыл басында жүзеге асқан жаңалықтың бірі жануарлар дүниесін қорғау мен оларды қолдауға бағытталған. Дүниежүзі дабыл қағып дүрліккен іске Түрлі табиғи өзгерістерге бейімделген тіршілік иелері туралы өзгерісті өзекті деп танып, орындыға балайтындар да, қажетсіз деп санайтындар да қоғам арасынан табылуда. Жаңа бетбұрыстың берері қайсы?
Жыл басында жүзеге асқан жаңалықтың бірі жануарлар дүниесін қорғау мен оларды қолдауға бағытталған. Дүниежүзі дабыл қағып дүрліккен іске Түрлі табиғи өзгерістерге бейімделген тіршілік иелері туралы өзгерісті өзекті деп танып, орындыға балайтындар да, қажетсіз деп санайтындар да қоғам арасынан табылуда. Жаңа бетбұрыстың берері қайсы?
Жаһандық жанашырлық
Адамзаттың аңды ату, оған залал келтіру, көбеюіне бөгесін болуға арналған тосқауыл бар. Дүниежүзілік жануарларды қоғау туралы ортақ Заң 1931 жылы Флоренцияда өткен Халықаралық конгресінде қабылданған қарардан кейін шыққан. Дәл сол күн бүкіл әлем бойынша жануарларды қорғау күні ретінде аталып өтуде.
Тағы бір дерек 4 қазан күні католик дінінде жануарлар қорғаушысы саналған Франциск Ассизскийдің туған күніме байланысты өрбиді. Еуропада бұл күнді ауқымды түрлі шаралармен аталып өтетін дәстүр қалыптасқан.
Дүниежүзінің көптеген елінде мүшелері бар «Fauna and Flora Preservation Society» фауна мен флораны құтқару қызметін көпшілік біледі. 1903 жылы құрылған бұл қоғам өсімдіктер мен жануарлардың жойылу қаупін еңсеруді мақсат тұтады, қоршаған орта мен жан-жануарлардың сиреп қалған түрлерін қадағалайды.
Еліміздегі жануарлар мүддесін жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы Қазақстан Республикасы заңы қорғайды.
Аталмыш құжатта жабайы жануарлардың табиғи еркiн тiршiлiк жағдайларын қамтамасыз ету, табиғи үйiрлердiң түр жағынан сан алуандылығы мен тұтастығын сақтау мақсатында оларды қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу, сондай-ақ осы саладағы заңдылықты нығайту екені баса көрсетілген.
Заңның 4-бабында жануарлар дүниесiнiң мақсатты мiндетi белгіленген. Оларды сирек кездесетiн және құрып кету қатерi төнген түрлерi, аң аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi, балық аулау объектiлерi болып табылатын түрлерi, өзге де шаруашылық мақсатында пайдаланылатын түрлерi, шаруашылық мақсаттарда пайдаланылмайтын, бiрақ экологиялық, мәдени және өзге де құндылығы бар түрлерi, халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығын және басқа да үй жануарларын аурудан алдын ала қорғау халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу мақсатында бас санын реттеп отыруға жататын түрлерi деп бөліп, қарастырған.
Халықаралық ынтымақтастық аясына даярланған заңнама тіршілік иелерінің аурудан алдын ала қорғау, халық шаруашылығына нұқсан келтiрiлуiне жол бермеу, өсіру жайы көрсетілген. Яки жануарлар дүниесiн табиғи ортаның негiзгi құраласы деп қарайтын Қазақстан Республикасы табиғи байлықтарының маңызды құрамдас бөлiгiн қорғауда қатаң тәртіп пен талап түзген.
Хайуанатқа қорған болған елдер
Жануарларды қорғау, олардың қауіптілігін еңсеруге бағытталған бастама Германияда қолға алынған. Онда зоопарк, цирктер жоқ. Фауна әлеміне қызығушылық тудырған тұрғындар мен қонақтарға тірі түрге өте жақын галогарммалар жұмысы ұсынылады.
Циркте жануар өнер көрсетпейтін, үйсіз жануарлары жоқ, хайуанаттар жаппай зарарсыздандырылатын алғашқы ел саналады. Бұл елде жануарларға дұрыс күтім жасамаған, не өміріне зиян келтіретін амалдар жасаған адам абақтыға тоғытылып, 8 миллион теңгеге жуық айыппұл арқалайды.
Ит пен мысықты тастап кеткендер – қылмыскер. Дәл солай. Италия төрт аяқты асырандыңызды қараусыз қалдырсаңыз, бір жыл бас босандығынан айырып, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз. Келеңсіздік үшін 10 мың еуро көлемінде айыппұл салынады. Бұдан бөлек жануарларды күніне үш реттен аз серуендетсе 500 еуро төлейсіз.
Әлемде итті арқандатпайтын, балапанды торға тоғыттырмайтын ел де бар. Аталмыш ереже бұзылса, қалтаңыз 2 мың мен 15 мың долларға жұқарады. Және өмір бойы жануарды ұстау мүмкіндігінен айырылуыңыз мүмкін.
2012 жылы Грецияда қабылданған заң бойынша жануарлардың барлығы чиптелген. Сатуға, көңіл көтеру мақсатында пайдалануға рұқсат жоқ. Жануарды ұрлағандар, алты ай айып арқалап, үш мың еуро көлемінде айыппұл төлейді. Қастандық жасағандар бір жыл бас бостандығынан айырылып, мемлекетке 15 мың еуро өтеу өтейді.
Дельфиндер туралы дабыл қаққан ел Үндістан да жануарларға қастандық жасағандарға 50-150 мың теңге көлемінде айыппұл, екі жылға дейін бас бостандығынан айырылу үкімі кесіледі. Егер жағдай қайта орын алса, айыппұл көлемі екіге артады
Мұнда дельфинарий мүлде жоқ. Сондай-ақ жануарларға косметикалық сынама жасатпайды.
Жабайы жануарларды қолда немесе жартылай қолда ұстайтын ғылыми ағарту мекемесі хайуанаттар бағында жануарлар табиғи мекендеу ортасына жақын көлемде қоршалған аумақ торда, қоршауға орналастырылады.
Алғаш хайуанаттар бағы б.з-дан 1500 жыл бұрын Мысырда, 1000 жыл бұрын Қытайда ұйымдастырылған. Еуропаға 18 ғасырда келеді. Ал цирктің тамыры ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астлидің ат мектебінен басталады.
1777 жылы жұртшылық назарын аударып, оқушылар қатарын көбейту үшін бос уақытында демонстрациялық қойылымдар өткізуді қолға алады. Табысты қойылымдар аз уақытта танымалдыққа ие болады.
Қазақ даласындағы цирк ХХ ғасырдың 20-жылдары қалыптастас бастайды. Балуан Шолақ, Күш атасы Қажымұқан, Шашубай Қошқарбаевтар Алаштың алағашқы ареналарында көпшілікке өз өнерлерін ұсынады.
Тыйым неге түрткі болды?
Елімізде жыл басынан бері хайуанаттарды мәдени мақсатта пайдалану туралы заң күшіне енді. Көшпелі цирк пен зообақтар ісіне тыйым салу туралы ереже 2002 жылы қабыланған. Биылдан бастап жылжымалы зообақтар мен көшпелі цирктердің жұмыс істеуіне түбегейлі тыйым салынуда. Енді жүк көлігіне, тіркемеге тиелген аң-құсты алыс жерлерге апарылмайды. Өздерін қаржыландыру арқылы жануарларды күйін күйттейтін мекемелер өзгерісті қалай қабылдауда. Олардың ендігі күйі қандай болады? Бұл сауал көпшілікті толғандыруда.
«Тыйым енді жануарларға да келіпті. Қызық. Көшпелі цирктің жұмысын жүргізіп отырған кәсіпкер арнайы маман болса, барлық талаптарды сақтаса, арнаулы орындардан рұқсат алса, оның несі қауіпті деген ой келеді маған. Ара-жігін мамандар айтар, мүмкін біз білмейтін басқа да қиындықтар болуы мүмкін», – дейді Боранбай Елшібекұлы.
Аниматорлық немесе ақша табу көзі
Мен өте дұрыс бастама деген ойдамын. Менің ұсынысым, енді жануардарды тойда табыс көзіне айналдырғандарға тыйым салынса. Қолданыстағы Заңда жануарлар жағдайына кедергісін келтірмесе, оның өнер көрсетуіне болады делінген дейді. Түйе қалың жұрттан үркіп, бүркіт қолдан сусып, тазы иттің табаны, тұлпардың тұяғы тақтатаста тайса, жауапты кім?
Көршім бар, иті 6 жылдан бері байлаулы тұр. Оның жағдайын ойлап жатқан ешкім жоқ. Кедергінің көкесі осында. Жануарларға жанашырлық осындай қадамдардан басталса, – дейді Нұржанар Әлимолла.
Нұржанар айтқан жағдай ой салады. Атыраудағы итті тоңазытқыш есігімен қылғындырған ер адамның әрекеті, жасөспірімдердің топтасып ит, мысықтарды қорлаған көріністері көптің есінен әлі кеткен жоқ .
Уақытында қабылданған шешім
Ветеринария саласының ардагері Төрехан Іздіков жануарды қорғауға бағытталған норманы орынды деп санайды.
«Жануарлар өзінің табиғи ортасынан ажырағанда, көптеген қиындықтарға тап болады. Оларды бейімдеу үшін адамдар тарапынан қолданатын нұсқаманы қосыңыз. Нидерландыда 2015 жылдан жануарларды циркте қолдану тоқтатылған.
Мені, әсіресе, зообақтағы жануарлар жайы ойлантады.
Мәселен, маймылдар туыстық қатынаста, топ болып өмір сүруге бейімделген. Олардан біреуін ажырату денсаулығына ауырлық тудырады. Мешін, белесіздер, өзін-өзі танитын, еңбек құралдарын қолдана алатын, сөздерді түсіне алады. Ортасынан алыстаған маймылдар да, туыстары да қатты күйзеліске түседі. Тағы бір айта кетерлігі, олар жылуды жақсы көреді. Жылы жақта өмір сүретіндіктен, біздің құбылмалы табиғатқа икемделуі де қиын. Ал сондай жануарды жұмыс деп, ары-бері тасымалдап, жағдайын қиындату дұрыс емес. Сондықтан орынды, уақытылы қабылданған шешім», – дейді ол.
Бақыланып жатқанынана күмәнім бар
«Тілі жоқ демесең тірі жануарлар, расымен, қорғауға мұқтаж. ҚР Жануарларды қорғау туралы Заңында жануарларды көшiру, жерсiндiру, қайта жерсiндiру және будандастыру, оларды әкелу және Қазақстан Республикасы шегiнен әкетуде ғылыми-зерттеу мекемелерiнiң қорытындылары ескерiліп, аранйы уәкiлдiк берiлген органдардың берген рұқсаты бойынша жеткізіледі. Ал көшпелі цирктерде, зообақтарда солардың барлығы сақталады деу қисынсыз. Тіпті жануарлар жайы бақыланып жатқанына күмәнім бар. Себебі, мамандар тапшы.
Салаға қолдау аз болғандықтан, маман да тұрақтамайды», – дейді Сайлаубек Дүрмек. Алматылық азамат зоопарктен зейнетке шыққан көршісі бірінеше аң-құсты ауласында өсіріп, қорғап отырғандығын айтады.
Іс бітті, бақтағылар кетті
Бұған дейін көшпелі зообақ басшысы болған Марат Мусайлян өз жұмыстарын тоқтатқанын айтады. Қарамағындағы жануарлар талап бойына стационарлық зообақтарға тапсырған. Түрлі қойылымдарымен талайды тәнті еткен көшпелі цирктің тұяқты өнерпаздары өнері қалай жалғасары белгісіз? Әр жануарды баладай мәпелеген цирктегілер жаңа ортаға бейімделуде олар қиындыққа тап болмауына алаң. Ал жұмыссыз қалған онға жуық адамға ваканция ұсынып отырған ұжымдар жоқ.
Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Мақсат Жайықов жануарлардың қалыпты жағдайға бейімделуіне барлық жағдай жасалғандығын жеткізген.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдері көшпелі зообақтардағы хайуанаттар Қазақстандағы Шымкент, Алматы және Қарағанды қаласында орналасқан үш мемлекеттік хайуанаттар бағына жөнелтілгенін жеткізген. Бұл мемлекеттік мекемелер жұмысын тоқтатпайды. Елімізде эстарада және цирк мамандарын даярлайтын оқу орны жұмысына жағдай әсерін тигізбейтін білдік.
Неге балам хайуанаттарды көрмеу керек?
«Сіз айтып отырған Заңның қолданысқа енгенін естідім. Мен шағын ауданда туып-өстім. Мегаполиске, зоопаркі, циркі бар қала, облыс орталығынан жырақ. Кішкентайымда ауылға Ресейден, Өзбекстаннан зоопарк, цирктер келгенде, 2-3 рет қана тамашалағаным бар. Балаларым да сондай. Қазалыға осыдан 5 жыл бұрын Қарағандыдан көшпелі цирк келіп, өнер көрсетті. Сондағы қуанған әсерін көрсеңіз ғой. Одан кейін карантин басталды, енді мынандай өзгеріс болып отыр. Сонда менің балаларым жануарларды көрмей ме?
Мүмкіндік болса, әлгі үш қалаға алып барармын. Бірақ барлық ата-ананың оған жағдайы бола бермейді. Естуімше, басқа елдерден келетін жануарлардың өнерін көрсетуге, біздегі талаптарды сақтаса, тыйым жоқ. Олар неге көрсетеді. Билет бағасын асқақтауға ерік беріліп тұр ғой. Сонда елдің циркі, зоопаркі дамымауы керек пе? Жануарларды қорғауды қолға алса, жақсылап көңіл бөлінсін. Менің пікірімше, асығыс қабылданған шешім», – дейді Айжанар Несіпбекқызы.
Қаңғыбас иттерді қарық қылып алсақ
Өткен жылы еліміз бойынша 42 мыңнан адамды ит қапқаны анық болды. Ол ресми мәлімдеме дерегі. Ал қожайындары қорғап, тіркелмеген оқиға қанша? Олардың есебін алуда да жүйелік жоқ. Таңертең көшелерде бұралқы иттер көптеп жүреді. Мысықтың түр-түрін кез келген ауладан табуға болады. Атуға тыйым салынған. Күтіп-баптайтын орын да қауқарсызбыз. Жұмыс істеп тұрған цирктер мен зоопарктер қызметін тоқтатқанша, мемлекет осы мәселені реттесе деймін, – дейді Амантай Келдібай.
Сөз соңы. Қазақстан зообақтары мен мемлекеттік цирктері Халықаралық табиғат қорғау одағы талапатары аясында жұмыс істеп отырған еліміздің ғана емес, ТМД-ның мақтанышы.
Жабайы жануарларды да табиғаттың теңдесіз байлығына балаған қазақ жұрты оларды ешқашан елеусіз қалдымаған. Олай болмаса, халықтың «Ақсақ құлан» күйі, Сәкен ақынның тұрпатын көз алдыңа келтіретін «Ақсақ киік» поэмасы тумас еді. Киіктің киесі, құралайдың көз жасына қалмайық деп қорған болған қорықшы Ерлан Нұрәлиев кеудесін оққа тоспас еді. Табиғат – тіршілік тынысы болса, оны қорғап, қолдау – адамзаттың ортақ жұмысы. Қолданыстағы өзгеріс осыны ойға салғандай.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА