Егістіктерді шегірткеге қарсы өңдеуге арналған техниканың саны 2 есеге артты
Сонымен қатар жерүсті бүріккіш техникасы мен ҰҰА-ны (дрондар) сатып алу және пайдалану қолжетімділігін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілері мен химиялық өңдеу жөніндегі қызметтерді ұсынушыларға сатып алынған техника құнының 25%-ы өтеледі. Бұл үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің инвестициялық субсидиялау ережелеріне тиісті өзгерістер енгізілді.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Үкіметте шегірткеге қарсы күреске дайындық және көктемгі дала жұмыстарына әзірлік барысы туралы мәліметтер талқыланды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2024 жылы химиялық өңдеу үшін 247 бірлік техника пайдаланылған болса, 2025 жылы бұл сан 443-ке дейін ұлғаймақ. Оның ішінде 46 агродрон бар, оларды Ауыл шаруашылығы министрлігі «Фитосанитария» РМК-ның аймақтық бөлімшелеріне сатып алған. Сондай-ақ 7 зерттеу ҰҰА алынған.
«Түркістан облысында өткен жылдың көктемінде агродрондар арқылы алқаптарды бүрку және пестицидтерді сатып алу, тасымалдау, сақтау және өңдеуді қоса қамтитын орталықтандырылған қызметті пилоттық түрде сынақтан өткізу жобасының нәтижелері бойынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық шараларды барлық өңірлерде «Бір жеткізуші – барлық жұмыстар» қағидаты бойынша ұйымдастыруды енгізді. Бұл бизнеске аталған қызметтерді сатып алуға қатысуды тартымды етіп, нәтижеге жауапкершілікті арттырады. Бұдан бөлек, біз фермерлер мен химиялық өңдеу қызметтерін жеткізушілерге агродрондар, жерүсті вентиляторлы және штангалы бүріккіштердің құнының 25%-ын өтеу арқылы қолайлы жағдай жасадық», — деді Ермек Кенжеханұлы.
Сондай-ақ отырыста аймақтардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығы қаралды. 2024 жылғы 29 қарашада басталған ерте қаржыландыру аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 70 млрд теңгесі 671 ауыл шаруашылығы өндірушісіне бағытталды. Бұл қаржыны ең белсенді пайдаланғандар – дәнді дақылдар егетін аймақтар: Ақмола (15,4 млрд теңге), Қостанай (14,9 млрд теңге) және Солтүстік Қазақстан облыстары (14,5 млрд теңге). Ал оңтүстік аймақтарда – Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында, көктемгі егіс жұмыстары ертерек басталатын аймақтарда, өтінімдер сомасы небары 10 млрд теңгені құрайды.
Аймақтардың алдын ала мәліметі бойынша, республикада көктемгі дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы қазіргі таңда шамамен 56%-ды құрайды. 2024 жылғы өнімге арналған тұқымға деген қажеттілік 2,3 млн тонна болса, оның 99%-ы дайындалған.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин егістік алаңдарының құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда, бидай егу алқаптарын қысқартып, майлы дақылдар мен басқа да жоғары тиімділігі бар дақылдарды көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ 2024 жылғы өнімде ең жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық селекцияның элиталық тұқымдарын егу алаңдарын барынша ұлғайту қажеттігін айтты.
Келесі сәрсенбіде Серік Жұманғарин көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысымен танысу және экономиканың нақты секторының дамуын талқылау үшін оңтүстік өңірлердің біріне баруды жоспарлап отыр. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2024 жылғы 30 желтоқсанда Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Қарағанды облысында болып, ведомствоның жұмысы өңірлердегі жұмыспен кіріктірілетінін мәлімдеген болатын.