Сапалы білім – тұрақты дамудың кепілі
Білімнің күші құдіретті. Ол бар жерде үздіксіз даму үрдісі жүреді. Білім мен ғылым арқылы өркениет дамып, мәдениет гүлденеді. Білім арқылы адам баласы өмірдегі өз орнын табады. Ұстаз – келер күннің ұстасы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Алтын ұя, ұлағатты ұстаз, ойлы оқушы. Бұл үшеуін бір арнаға тоғыстыратын білім көкжиегі. Бүгінде Қазалы ауданында шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, ертеңгі күнге қанатын қомдайтын 35 жалпы орта, 3 негізгі орта, 2 қосымша, 1 балаларды сауықтыру демалыс орталығы, 1 кешкі және 49 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар.
Сонымен қатар 77 МАД тобы жұмыс істейді. Оларда 1343 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуда. 19 мемлекеттік балабақшада – 2038, 12 жеке балабақшада – 855, 18 шағын орталықта – 598 бала тәрбиеленуде. Мектепалды даярлық топта 1479 бала білім алып жүр.
Аудандық білім бөлімі мамандарының мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша барлығы 1-6 жас аралығындағы 6149 баланың 4970-і мектепке дейінгі біліммен қамтылған Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 1-2 жас аралығында 1953 баланың 882-ы бөбекжаймен, 2-6 жас аралығында 5689 баланың 4875-і және 3 пен 6 жас аралығындағы 4088 бала жүз пайыз мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда 581 педагог қызмет атқарады. Оның 455-і жоғары, 126-сы арнаулы орта білімді. Біліктілігі бойынша жоғары санатты – 5, педагог-зерттеуші – 5, бірінші санатты – 5, сарапшы – 65, екінші санатты – 31, педагог-модератор – 219, санатсыз – 239 педагог. Жалпы аудандағы педагог қызметкерлердің біліктілік деңгейін арттыру бойынша 581 педагогтың 103-і арнайы курстар бойынша, 338-і түрлі тақырыптар бойынша біліктілігін арттырған. Қалған 140 педагог келесі оқу жылында біліктілігін арттырады.
Материалдық-техникалық базаны нығайтуға байланысты 2О24 жылы №11 Балапан, №21 Алпамыс мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бейне бейнебақылау орнатуға 13 миллион 550 мың теңге қаржы бөлінген. Қазалы ауданы бойынша осал обьектілердің І тобына мемлекеттік «Аққоян», «Балауса», «Сәуле», «Балдаурен», «Айгүл», «Жауқазын» балабақшалары, «Емжай» жеке балабақшасы, ІІ топқа – мемлекеттік «Ақерке», «Айгөлек», «Өрімтал», «Шұғыла», «Балдырған», «Балапан», «Алпамыс», «Ақбота» балабақшалар және «Рауан» жеке балабақшасы жатады. І және ІІ топқа жататын барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақша хабардар ету жүйесімен, дабыл түймесімен, бейнекамерамен, домофонмен қамтылған. 2024 жылы ІІ топқа жататын 2 балабақшаға талапқа сай бейнекамера орнатуға 14 миллион 400 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Сапалы білім – тұрақты дамудың кепілі. Қазалыда білім саласында жеткен жетістіктер аз емес. 2024-2025 оқу жылын 38 мектеп 16962 оқушымен бастады. 1 сыныпқа 1641 бала қабылданса, 9 сыныпта 1589, 11 сыныпты 961 оқушы білім алуда. Биылғы жылы 899 түлек мектеп бітіріп, 797-і ҰБТ-ға қатысты, бұл барлық оқушының 89 пайызын құрады. ҰБТ 1-ші лек бойынша орташа бал-82,7, 2-ші лек бойынша 83,7-ні құрады.
ҰБТ тапсырған 797 оқушының 693–і мемлекеттік грант конкурсына қатысып, нәтижесінде 579 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Мемлекеттік грант иеленген 579 түлектің 137-сі педагогика, 67-сі медицина, 208-і техникалық, 16-сы ауылшаруашылық, 151-і басқа сала бойынша мамандық меңгеруде.
– Аудан бойынша 36 мектеп типтік, 2 мектеп (№146,226) ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Бір мектеп (№94) апаттық деп танылған. Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 9 мектеп (№25, 88, 90, 95, 100, 165, 190, 216, 234, 238) бойынша кезектілік жасалды. Кезектілікке сәйкес №234 мектептің жоба-сметалық құжаты дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Сонымен қатар №216, №165, №100 мектептерге ЖСҚ әзірлеу үшін 8 миллион 055 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылған. 2022-2023 оқу жылы 11 мектеп, 2023-2024 оқу жылы 7 мектеп мемлекеттік аттестаттаудан өтті. 2024 жылдың желтоқсан айында – 15 мектеп аттестаттаудан өту жоспарлануда. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға байланысты 2О24 жылы №№70, 165, 170, 204, 216, 226, 234, 266 білім беру ұйымдарына және №11 «Балапан», №21 «Алпамыс» мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына, Қазалы ауданының психологиялық түзету кабинетіне бейнебақылау орнатуға 74 миллион 526 мың теңге, №№16, 204, 216, 226, 234, 249, 70, 266, 165, 170 білім беру ұйымдарын скуд системаға қосуға 13 миллион 430 мың теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Барлық білім беру ұйымдары жабдықталған пән кабинеттерімен қамтылған, алайда жыл өте келе кабинеттердің ескіруіне және жарамдық мерзімінің өтуіне орай жыл сайын кезең-кезеңімен жаңартылуда, – дейді оқу жылының басынан бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталған білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов.
Ұлболсын ЕРБОЛҚЫЗЫ