МӘМС: Мен жұмыс істемейтін болсам мәртебені қалай аламын
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне туралы сұрақтар түсуде. Оларға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова түсініктеме берді.
Мен жұмыс істемейтін болсам мәртебені қалай аламын?
Сізде екі таңдау бар. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде жарна төлеуіңізге болады. Екіншісі – жұмыспен қамту орталығына хабарласып, жұмыссыз ретінде тіркеле аласыз. Бұл жағдайда сіз жеңілдік санатына кіресіз және сіз үшін жарналарды мемлекет төлейді.
Егер мүгедектігі бар болса, ЖК МӘМС-ке жарна төлеуі қажет пе?
Жоқ, өйткені ол жеңілдетілген санатқа енеді. Сондай-ақ ол 18 жасқа дейінгі балалар; зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектері; «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр Ана» атағы, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордені бар көп балалы аналар; мектептерде, лицейлерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, магистратурада күндізгі білім алушылар санаттарына енетін болса, ЖК жарналарын төлемейді.
Егер пациент ауруханаға жатқызылған күні стационарға келе алмаса не істеу керек?
Жоспарлы емдеуге жатқызудың белгіленген күні стационарға келмеген жағдайда пациент бұл туралы бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына немесе емдеуге жіберілген денсаулық сақтау ұйымына хабарлайды. Стационар ауруханаға жатқызуды екі күннен аспайтын мерзімге ауыстырады.