Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейтін болды
Фото: Azattyq Rýhy
Қаржы министрі Мәди Такиев министрлік енгізген жаңашылдық туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Министр аталған мәлімдемені Мәжіліс кулуарында хабарлады.
"Біз Қаржы министрлігі атынан қазынашылыққа сыйақыларға арналған шоттардағы қаражаттарды аударуға тыйым салдық. Егер мемлекеттік органдарда үнемделген қаражат болса, оны сыйақыға аударуға рұқсат жоқ. Бұл қаражат бюджетке қайтарылады. Бұл туралы бұрыннан айтқым келіп жүрген", – деді ол Мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, енді үнемделген қаражаттардан ғана емес, ешқандай көздерден сыйақы төленбейді.
"Сыйақы болмайды. Біз сыйақы үшін қаражат бөлінетін және ол алынатын 112 кодты жаптық", – деп толықтырды министр.
112 КОДЫ ДЕГЕН НЕ?
Қазақстанда 112 код – бюджетте қызметкерлерге сыйақы төлеуге арналған арнайы шығыс коды. Әдетте бұл код бойынша мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне жыл соңында немесе қаржылық үнемдеу нәтижесінде сыйақы төленетін.