Қой жүні болса қажетсіз, түйе жүнінен жоқ табыс
Кинодағы ұнатқан қызы үшін қырықтыққа бармағанда, Қожаның келесі сыныпқа көшірілмейтінін айтатын Майқанованың сөзі жүн жинаудың сол тұста бүкілодақтың маңызды іс екендігінен хабардар етеді. Қазіргі жағдай қандай? Жүн жайы жұтап, тұралап тұруына не себеп?
Қадір мен қауқар
Жылына 40 мың тоннаға жуық қой жүнін өндіруге қауқарлы қазақстандықтар үшін бүгінде жүн өңдеу мен оны дамыту ісі жауыр болған, сұранысы жоқ өнеркәсіпке саналуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, еліміздегі қой жүнінің 4,1 бөлігі ғана қайта өңделуге жарамды.
Ал түйе жүнін түгендеп жатқандар жоқтың-қасы.
«Қазақстан 200 тоннадан асатын жүннен жіпке дейінгі сұраныстың 5 процентін ғана қамти алады. Бұл сандар экспортқа тәуелділікті көрсетуде. Экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болу үшін біз кем дегенде 30-40 процент тауармен қамтамасыз етілуіміз қажет. Бұл орайда қауқар ғана емес, көзқарасты да түбегейлі өзгеру қажет. Мәселен, Түркия, Үндістан, Қытай сияқты елдерде тұрғындардың төрттен бір бөлігі жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істейді. Бірнеше буынға жалғасқан өндіріс түрлері бар. Озық тәжірибені пайдаланып, табысты кәсіпке айналдыру тетігін табуға болады», – дейді экономист Мақсат Ерғұлан.
Елімізде ауыл шаруашылығы министрі, қой шаруашылығы ғылыми зерттеу институы бар. 2009 жылдан бері қой шаруашылығы палатасы жұмыс істеп келеді.
Қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеп, өнім өндіру үшін оны сатып алуға арналған шығындары субсидияланады.
Қазақстан Республикасының жеңіл өнеркәсібін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданған. Құжатта шаруашылықтар мен тұрғындардан жүн сатып алудың орталықтандырылған жүйесін қамтитын қаржыландыру көзделген. Қазір жүн дайындаумен айналысатын кәсіпорындар үшін заманауи, электронды құралдар сатып алу үшін де субсидия төленеді.
Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі ауылшаруашылығын өңдеу департаменті мамандарының айтуынша, инвестициялық субсидия берілу де жолға қойылған. Модернизациядан өткізуге құрылғыларын жаңалаушының 25 процент өтемақысын мемлекет өтейді.
Мелекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында агроөнеркәсіп саласына қолдау аясын ұлғайту жайы көтерілген.
Аграрлы аймақ саналатын Ақтөбеде тауарлы мал қылшық жүнді қой мен цигай тұқымды қой жүнін өңдеу зауыт биыл іске қосылды. Жаңа нысан шикізаттық тапшылық тумас үшін өткен жылдан бастап жүн қабылдаған. Жылдық қуаты – 2100 тоннаны құрайтын зауытта жылу оқшаулағыш материалдар да шығарылмақ.
Шығыны боп тұр көл-көсір
«Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген халық тәмсілінің мәнін бүгінгі аграршылар өзгертіп айтуға мәжбүр. Еркебай Ықыласбайұлы малды жылына екі қырқудың орнына бір рет қырқатын әдет қалыптастырғанына қиналады. Бұ әрекет жануар үшін зиянды екенін жеткізген ақсақал бірер жыл бұрын ауылға тері қабылдаушылар келсе, қазір ондайлар ат ізін салмайтынымен бөлісті.
Қазақстан үшін маңызды нысанға саналған Атыраудағы алпауыт цех жақында жұмысын тоқтатуға таяу екенін айтып, дабыл қағуда.
Сұранысқа жарамды қой өсіру Қызылорда облысына тиімсіз. Жылына өңірде 100 тоннадан астам түйе жүні, 70 мыңға жуық ірі қара, 125 мыңға жуық ұсақ қара мал терісі өндірілсе, қалғаны өртеледі.
Қазақстандағы шикізаттың 70 процентін қылшықты және жартылай биязы жүнді қамтиды. Ол тек киіз бен байпақ тігуге ғана жарамды. Жеңіл өнеркәсіп саласы мамандары жүн өндірісінің жағдайына батыл бетбұрыс болмаса, құлдырауға кетеді деген болжамды айтып отыр.
Шымкенттік қуаттылығы 100 мың тоннаға бағытталған зауыт қазір 10 мың тонна өнім шығаруға мәжбүр. Киіз, тоқыма, мата, жіп бұйымдарын дайындайтын кешендегі кедергі сапасыздықта емес, кедендік қиындық пен ішкі сұраныс жоқтығанан өрбіп отыр.
Қызылордалық жеке кәсіпкер Гүлзия Оралбекова қайтарымсыз грант негізінде жүн түтетін құрылғы, қуатты машина, кір жуатын машина, кептіргіш алған. Қазір көрпе мен көрпеше тігетін келіншек болашақта өз ісін өрістетуді жоспарлап отыр.
Қостанайлық Қанат Тоқышев кәсіпкерлік курстан өтіп, байпақ басып шығару ісін ілгерілетіп келеді. Әзірге шағын цехта аяқ киім түрлері дайындалып жатыр. Басқа бұйымдарды жасауға өндірістік қуаттылық қажет.
Таразда 80 мыңға жуық ұсақ мал терісі мен жүнін өңдейтін өндіріс орнының да өз жыры бар. Кемелбек Әбдуалиев тері мен жүн өңдеуге Қазақстан қауқарсыздығын айтады.
Республикада небәрі 13 жүн мен тері өңдейтін кәсіпорын, санаулы цехтар қажеттілікті толық өтей алмайды. Олардың 4-уі биязы жүнді өңдеп, дайын өнім шығара алады. Қылшықтан аяқ киім мен киіз шығаратын 9 зауыт бар. Кеңестік жабдықпен жұмыс істеп отырғандарда кедергі мен келеңсіздік көп.
Тон болмаса, жол болсын
«Орамал тон болмайды, жол болады» деген тілеулес мағынада айтылатын нақылды өмір сүру дағдысына айналдырғандар бар болып шықты. Ешбір жер қабылдамайтын мал терілерін жергілікті жұрт тастайтын жер таппағандықтан, қолданысқа пайдаланған. Ғылыми техникалық қондырғының қуаты жетпейтін жаңалықты атыраулықтар ашқан. Қажетсіз терілерді қатар-қатар тастап, жолдарды батпақ пен құмнан біршама еңсеруге жұмылдырған. Осылайша қыратты, құмды жолдың қиындығын Қызылқоғада жабағылар жеңілдетуде.
Жақын маңдағы ауылдардағылар тау болып үйілген қой, жылқы, түйе жүндерін алушылар болса, тегін тарту етуге де ықыласты.
Аралдық Ақмейір Ерғарақызы түйе жүніне мүлде сұраныс жоғын айтады. Өзі иіріп, тоқыған киімдерін де ешкім алмайды. Көрпе-төсекке пайдалануды да қойғанын жеткізді. Қазақстандағы үш түйе жүнін өңдеумен айналысатын өндіріс орнының бірі Қызылордадағы фабриканың жағдайы да мәз емес.
Әдетке айналдыру қажет
Дәрігер Жанат Қалмаш бүгінгі кең етек алып отырған аллергияға басты себеп – синтетикалық киімдер кию, төсек-жабдықтар пайдалану екендігін айтады. Маман пікірінен ұғынғанымыз, табиғи таза өнім аллергияны асқындырмайды, тітіркендіру тудырмайды, бактерияларды тежейді. Сезімтал адамдарға жарамды. Жүн талшықтары ауаны өткізіп, денені демалдырып тұруға қабілетті. Киім ішіндегі ауаны реттеп, денені салқындатады, терлетпейді.
«Қоғамда кездесіп жүрген балалардың жетілмеуі, тілі кеш шығуы, үлкендер арасында аурушаңдықтың артуына да табиғи таза бұйым тұтынбағандығымыз, олармен жұмыс істемегеніміз себепкер болып отыр. Сондықтан күніне аз уақыт болса да, мақтадан, жүннен жасалған киімдер киюді әдетке айналдыру қажет», – дейді ол сөзінде.
Қазалылық Райкүл Әбжаппарованың ойы дәрігер сөзін нықтайды.
«Қазір медицинада шала туылған нәрестелердің жүйке талшықтарын ояну үшін түбіті алынбаған киімдер кигізіп қою үрдісі кеңінен пайдаланылады екен. Ата-бабаларымызда Шалабай, Шалагүлдерді тымаққа салып қою бұрыннан бар. Аналарымыз ауырған жеріне шарқат тартатын, әкелеріміз тоқылған мойынорағыш, шұлық, байпақ киетін. Әлеуметтік жағдай жұтап, нарықтық қоғам орнықпай, халық қиналғанда, денсаулыққа дем беріп, қиындықтан алып шыққан табиғи өнімдер болды», – дейді ардагер-ұстаз.
Мектепте технология пәнінен сабақ беретін Гүлфарида Мейірханқызы ұзақ жылдан бері жүн бұйымдарын қолдану, іске асырумен бірге оқушылар қызығушылығын оятуда тынымсыз тер төгіп келеді.
– Жүн өте жақсы жылу ұстағыш, биологиялық жолмен ыдырайтын материал. Ондай бұйымдар пішінін ұзақ сақтайды. Кішкентайымыздан алаша тоқу, ұршық иіру, жүн түту, киіз басу сынды қолданбалы өнер түріне қанығып өстік. Мектеп бағдарламасында көп уақыт бөлінбесе де, дәстүрлі өнер түрін балалар бойына барынша сіңіруге тырысамын.
Жүн технологиясын сабақта меңгерткенде, оқушыларымыз: «Не деген керемет, бұлай да тамаша өнім жасауға болатынын білмеппіз», – деп ризашылығын білдіріп жатады. Шәкірттеріммен бірге әзірлеген бұйымдар қашан да бағалы, сұранысқа ие, көрмелерде топ жарып жүр, – деген тәжірибелі маман дәстүрлі өнердің ұмыт болып бара жатқанына қынжылады.
Балабақша тәрбиешісі Айман Қалыбаеваның да тәрбиеленушілерінің табиғи жүннен бұйымдар жасауда қызығушылықтары жоғары екенін жеткізді. Тәрбиеші тақырып туралы алаңын да іркіп қалмады.
Қайтпек керек?..
«Жақында ауылға барып, келін түсіргенде, отқа май иіскетерде, келіннің аяғының астына жаятын тулақ табылмағанына, іштей қынжылдым. Киіз басып, не жүн түтіп жатқан адамды да кездестірмейсің. Тіпті көрмеге қоюға, іздесең де таба алмайсың. Осылай кете берсек, бабаларымыздан бізге жеткен үлгілі үрдіс ұмыт қалары анық», – дейді сөзінде.
Жылына 40 мың тоннаға жуық қой жүн өңделетін елдегі ішкі сұраныс 100 тоннаға да жетпейді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына өңдеу өніркәсібі дамыған кезде ғана мемлекет дамитыны туралы мәселе қойып отыр. Осы саладағы үлес-салмақты арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Өкінішітісі, өңірде жүн өңделетін орындар тапшы. Бірер жыл бұрын аймақта моңғолиялық компаниямен осы мақсатта жоба пысықталса да, оның игілігін халық көре алмауда.
Түйінді түйіткіл тарқау үшін төмендегі мәселелерді шешу жайы тұр.
Биязы жүн бағасын реттеу кәсіпкерлер қолынан келетін шаруа емес.
Жүннің бағасын әлемдік нарықтағы деңгейге жеткізуге жан-жақты жұмыс істеу қажет. Бренд қалыптастыру, жарнамасын арттыру да – уақыт талабы. Бұл орайда, Президент айтқан, жайылым жайы мен мал азығына да көңіл бөлу қажетсінеді.
Қолданыстағы биязы жүн өндірісін субсидиялау туралы заңға өзгеріс енгізетін уақыт та келді.
Түлік будандарын, түрлерін жаңарту мақсатында мамандарға мұқтаждық бар.
Түлік түрлерін қорғау, сақтауға көңіл бөлінуі де қаржыны қажет етеді.
Сондай-ақ терең өңдеумен айналысатын инновациялық кластер құруға маңыз беру қадамы сұрануда.
Түйін: Жыл басында 1,1 триллион теңге болатын 46 жобаны іске асыру көзделген Қызылордада жүн өңдеу, өндіруге байланысты бірде-бір жоба болмай шықты. 64 мыңға таяу Ойсылқара төлі бар аймақ түйе саны бойынша Маңғыстаудан кейінгі екінші орында. Радиациялық сәулелерге қарсы емдік қасиеті бар бағалы байлықты қайта қолға алу үшін насихат пен білім кемшіндік етіп тұр ма, білсін?.. Қазіргі қауқар қолда барды тиын-тебенге шикізат күйінде Ресей мен Қытайға арттырудан аспауда. Жеңіл өнеркәсіп жүгі жеңіл емес десек те, көштен қалмау үшін көпшілік ойлануы тиіс.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА