Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Арынды ақындар аламаны

Арынды ақындар аламаны


Халық батыры Жанқожа бабаның 250 жылдығына арналған торқалы той түс қайта «Халқына қорған болған батыр баба» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасты. Аудан орталығында орналасқан Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінің алты жүз адамға арналған көрермен залы лық толды.
«Айтыс өтеді» деген күнді сөз құдіретін түсініп, қара өлеңнің қадірін жете білген айтыссүйер жұртшылық асыға күткен еді. Мәдениет орталығына ағылған халықтың көптігі осы сөзіміздің айғағы. Көп күттірмей жеті жүзден астам адамды жинаған айтыс аламаны да басталды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген айтыскерлер көптің қошеметімен сахна төріне шақырылды.

Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет республикалық ақындар айтысына қатысушыларға сәттілік тілеп, баба ұрпақтарына жылы лебізін білдірді. Айтыс тізгіні ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаевқа берілді.
Ақындар айтыста Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығы мен Әйтеке бидің 380 жылдығы, Сыр өңірінің Қазалы ауданынан шыққан қайраткерлері мен тарихи-тұлғалары, батыры, би-шешендердің дәріптеу, жастарға өнеге, «Жаңарған Қазақстан, Жаңғырған өлке» тақырыбында жырлады.
Дүбірлі жыр додасында белгілі айтыс ақындары үш дүркін «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы), «Алтын домбыра» республикалық айтысының жеңімпазы Рүстем Қайыртай (Семей облысы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Нұрзат Қару (Алматы қаласы), Мөлдір Айтбай (Қызылорда қаласы), Қайнар Алагөзов (Ақтөбе облысы), Бексұлтан Орынбасаров (Арал ауданы), Мырзахан Қанат (Жамбыл облысы), Ерасыл Бәйментай (Сырдария ауданы), Елнұр Нұрқасым (Қазалы ауданы) бақ сынады.
Аламан айтысты шырайлы Шымкенттен келген Біржан Байтуов пен Ақтөбенің айтулы ақыны Қайнар Алагөзов бастады. Қай кезде де шаршы топта сөз бастау қиын. Десе де, республикалық айтыстарда төбе көрсетіп жүрген ақындар тосылып қалмады. Рет-ретімен ортаға шыққан жұптардың қай-қайсысы да осал еместігін аңғартты. Ақындар сүбелі сөз, оймақтай ой, пайымды пікірлерімен тарихты түгендеді, кешегі күнді көз алдына келтірді, бүгінгі күннің жетістігін жіпке тізді, болшақты бағамдады. Ара-тұра әзіл айтып, жарасымдылық пен сыйластықтың үлгісін танытты.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі алдында аудан әкімінің орынбасары Болат Жолтаев сөз алып, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері, Сыр елінің тумасы, белгілі эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров, жыршы, әнші, күйші, этномузыктанушы, фольклорист, филология ғылымдарының кандидаты Берік Жүсіпов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда филиалының жетекшісі, республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мансұр Нұрмат және айтыс ақыны Мұхтар Ниязовқа Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойлық медалін табыс­тады.
Халықты жырмен сусындатқан айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңге сыйақыны ақын Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Ал жүлделі бірінші орынды (800 мың теңге сыйақы) Семей облысының намысын қорғаған Рүстем Қайыртай, екінші орынды (600 мың теңге сыйақы) Алматы қаласынан келген Нұрзат Қару иеленсе, аралдық Бексұлтан Орынбасаровқа үшінші орын (400 мың теңге сыйақы) жүлдесі бұйырды.
Одан бөлек, жыр додасына қатысқан Мөлдір Айтбай, Нұрқасым Елнұр, Біржан Байтуов, Қайнар Алагөзов, Мырзахан Қанат пен Ерасыл Бәйментайға «Батыр шапағаты» бағамы және 250 мың теңгенің қаржылай сыйақылары берілді.
Жанқожа бабамыздың ұлылығы мен өрлігін, ерлігін шабытты шумақтармен паш етіп, айтысқа сусаған көрерменге елдік рухты асқақтатар ой салған ақындар әрленген әзілмен де елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Республикалық аламан айтыста ақындардың өнерін белгілі эколог-жазушы С.Жұбатыров, этномузыктанушы Б.Жүсіпов, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының Қызылорда филиалының жетекшісі Н.Мансұр бағалады.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
22 қазан 2024 ж. 20 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031