Мен жатқан жер – еншім, тел жатқан жер – көршім болады
Тыныштықтың басты кепілі – шекараның маңызы мемлекет үшін зор. Ел егемендігі мен тәуелсіздігінің беріктігіне жауапты жолдағы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің 2019 әскери бөлімі «Жанқожа батыр атындағы шекара заставасы» деп аталады. Мемлекетіміздің Өзбекстан Республикасымен белгіленген аумағын бақылауда ұстайтын заставаға халық батырының аты қалай берілді? Тақырып төңірегінде Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлдан сұрап-білдік.
«Қазақстан картасына қарағанда, таным-тамырыңа бойлататын тарихи атаулардың тізіліп тұруының сратегиялық маңызы бар. Төл атаулар жердің иесін сыртқы күштерге айқын паш етуі тиіс. Өйткені бұл мәселеге – елдіктің құны, тәуелсіздіктің тағдыры тәуелді», – деп бастады әңгімесін.
Ел сенімін арқалап, Парламент депутаты болғанында қоғам белсендісі алдымен мінберде көтерген елді мекендер, жер-сумен бірге шекара заставалары атауларында ұлт ұйытқыларының есімін ұлықтау, ескірген әскери бөлімдер жағдайын жақсарту туралы Заң жобасының қайта қаралуына мүдде тоғыстырған жанның бірегейі де дәл осы азамат. Жанқожа батыр атының шекара заставасына берілуін ол халықты, жауынгерлерді, жас ұрпақты батырлар рухымен рухтандыру мәселесіне баса мән берілген толымды табысымыздың біріне санайды.
«2014 жылы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 240 жылдығына арналған республикалық ауқымдағы іс-шарада Қызылқұмдағы шекара бекетіне оның есімін беру бастамасын көтеріп, осы мақсатта сол кездегі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Әбіқаев пен Мәдениет және спорт министріне хат жолдадық. Ұсынысымыз үш жылдан соң жүзеге асты», – дейді.
2017 жылдың 3 сәуірінде қабылданған №157-ші Үкімет қаулысымен Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы Қызылорда шекара отрядының 2019-шы әскери бөлімінің «Қызылқұм» шекара заставасы Жанқожа батырдың атымен аталады.
«Дәуір жүгін қайыспай көтеріп, үш патшалықпен айқасып, өмірінің соңына дейін ат үстінен түспеген қабілетті қолбасшының даңғайыр даңқы жауын ықтырған, ұрпағына туған жердің қастерлігін ұқтырған ұлағатты іс болды. Әскери салада өзгерістерге қол жеткізу оңай шаруа емес. Бұл халқы күткен, әділеттілік салтанатының көрнекті көрінісі. Жанқожа Нұрмұхаммедұлының: «Мен жатқан жер еншім болады, тел жатқан жер – көршім болады» деп соңына аманат қалдыруы тек емес. Бабамыз мәңгілік мекен еткен орында қос мемлекеттің ендік сызығы белгіленген. Өзі айтқандай, бұл қасиетті орын Отан қоғаушылармен бірге ел қауіпсіздігіне қорған болып тұр. Батыр атымен аталған орында әскери борышын өтеу тыныштықты тапжылмай күзететін шекарашыларға айбарлы рух, қажырлы қайрат бере отырып, жауапкершілікке жігерлендіре түсері анық», – дейді Бақытбек Смағұлұлы.
Жерлесіміздің ҚР Парламенті мәжілісінде ықпал еткен істері нәтижесінде азаттық ақтаңгері аты берілген шекара бөлімшесі заманауи игіліктерге иек артқан 20 модульдік типтегі ғимаратқа қол жеткізеді. Уақыт талабына сай ғимарат табиғи тосын мінездерге төтеп береді, қауіпсіздігі қамтамасыз етілген, жылдың қай мезгілінде де қалыпты температураны ұстап тұруға қауқарлы.
Б.Смағұл Зайсан шекара отрядының В.В.Кондюрин атындағы шекара заставасын «Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы, Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданы аумағындағы, «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» болып қайта аталуына атсалысады. Сондай-ақ қазақ халқы үшін тер төккен ерлер есімдерін ұлықтау мақсатында шекараларды қайта атау мәселесін әрдайым көтеріп келеді. Өзінің ұстанған бағыты туралы кейіпкеріміз былай дейді.
«Маңызды қадам қазақстандықтарды ерлік пен отаншылдықтың үздік үлгісінде тәрбиелеу құралы. Ел шебі мен ұлттық қауіпсіздікті қорғаушыларға батыр бабалардың ұлы рухында, мәңгілік елдің мақсат-мұратында тәрбиелеуге үлес қосады.
Тарихымыздағы тұғырлы тұлғалардың атын мәңгі қалдыруға қызмет етіп, шекарадағы бөлімшелерді батыр бабалар атымен атау арқылы біз шет мемлекеттердің азаматтарына, әсіресе, көрші алпауыт елдерге қазақтың әз тарихын және ер ұландарын ұлықтайтын, ұмытпайтын, солардың биік рухымен рухтанатын өр әрі өркенді ел екенін ұғындырамыз», – дейді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА