Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қара жорға» қайдан шыққан?

«Қара жорға» қайдан шыққан?

2000 жылдардың бас кезі. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универсиетіне қабылданған жылы шетелдік қандастырмызбен аралас-құралдықта болғанда, олардың сөйлеген сөздері, іс-әрекеттері, киім киістері ауылдан ұзамаған бізге қызық көрінетін. Әсіресе бір ырғаққа бір уақытта бәрі бірдей қимылмен қосыла кететін биіне таңырқап қарайтынбыз. Кейін білдік. Қазіргі танымалдығы артқан «Қара жорға» осылайша қазаққа шалғайдағы туыстармен қайта оралыпты.

Күлкі шақырған көрініс

Жасыратыны жоқ, құдды денешынықтыру пәніндегі мұғалім жасатқан жаттығуға ұқсайтын би қимылдары алғашында күлкі шақырған. Сол тұста бидің бұл түрі теледидардан беріле бастады. Буын биі деген би болатынын 2002 жылдары білдік. Ал «Қара жорға» туралы алғашқы түсінік 2003 жылы Түркістан қаласына сол өнер түрінің насихатшысы Арыстан бишімен болған сұхбатта қалыптасты.
Бұрын-соңды тіні үзіліп қалған бидің төрге озуын жатырқай қарағандар да, қабылдамай, қарсылық танытқандар да болды. «Қазақтың ерлері би билемеген», «Бізде «Қамажай» мен «Маусымжаннан» басқа би жоқ» деген пікірлер де сол тұста анық айтылды. Бұл, сірә, би өнерінің қазақ мәдениетінде әлі де толық зерттеп-зерделенбегендігінен туған тұжырым болса керек-ті. Оған маңызын жойған «Қара жорға» жоқ, бірте-бірте биікке ұмтылды, халыққа етене сіңді. Қанда бар дүние қашан жаттық танытсын, бойда ойнап, тұтас дүниетанымымен астасты.
Би құрылымына бойлайтын болсақ, байырғы бабалар тұрмысы көз алдыңда көлбеңдейді. Бiртұтас желi бойында бiрнеше бөлiм бар. Ойын-сауық, той-думанды жақсы көретін халқымыз бұл биді шаруадан қолы босағанда тамашалайды екен.
Туыстас өзбек, татар, грузин авхаз, қарашай, балқар, анадолы түріктерінің жиылған көңілді ортасына бара қалсаң, топтасып, жұптасып билейтін билер бар. Ерлер жасайтын қимыл мен әйелдер болмысына арналған икемдердің өзіне тән ерекшеліктері болады. «Қара жолға» да сондай.

Акробаттар ғана жасай алатын амал

Композициясына байыптасақ, денесі мығым бір жігіт ортаға суырылып шығып, жылқыға ұқсап, төрт аяқтап тұрады. Келесі биші қол соғады. Ал домбыра тартушы дәстүрлi әуенді ойнай бастағанда, екінші бишi ат болған жігітке жақындайды. Алдымен атты баптап, кекілін тарап, жалып сыйпайды, сонан соң ноқталап, сауырын сипап, атты ерттеу көрінісін көрсетеді. Жігіт ер-тоқымын салып, құйысқандамақ болғанда, ат үркiп, мiнез танытады. Ерттелiп болғаннан кейiн, бишi жiгiт атты айнала көпшiлiктiң алдында буын биiнiң небiр қынды қимылдарын қосады. Шарықтау шегінде аттың төрт аяғын тағалау көрінісін жасап, қарғып мiнiп, атүстi қозғалысының ең күрделi де қызықты қимылдарын көрсетеді. Сондай-ақ аттың сауырына аяқтарын ары-бері өткiзiп, бірде шалқайып, бірде еңкейiп, жиылған жұртты күлкіге қарықтырады. Мұндайда қонақтар қатарындағы өзге бишілер де қосылып, тамаша көркін арттырады.
«Қара жорға» алғашында елдің ерні аққа тиген берекелі шақта цирк акробаттары сынды ат үстiнде билейтiн ойын-сауық түрін болған деседі.

Жылқы биінің дамыған нұсқасы

Аспан асты елінен атамекеніне оралған журналист-ақын Жәди Шәкенұлының жазбасына көз жүгірттік.
Автор «Қара жорға» кімдікі? деген сұраққа «Шамандық дәуірден бастау алатын ескі әдебиет және өнер жұрнағы болған бағзы заманға қайрылсақ, би өнеріне ешкімнің де таласы жоқ» деп жауап береді. Оған ғылыми тұжырмдама келтіріп, көпке ұсынады. Келтірілген мағлұматта ғалым Ясын Құмарұлы өз еңбектерінде шаман бақсыларының басына үкі тағынып, денелеріне түрлі шашақты киімді киіп, биге басқан көріністері Азияның терістігіндегі Баянжүрек пен Шынжаңның Бардақұл жартас суреттеріндегі осындай шамандық бейнелер осыдан 3500 жылдың (б.з.б. 2000 – 1500 ж) арғы жағындағы көрініс бергендігін жетікізеді.
Журналист 1980 жылдардан басталған Шынжаң жерінде қағазға түскен қазақ халқының “Аю биі”, “Қара жорға биі”, “Ортеке биі”, “Көк түйме биі”, “ Шешеке биі” секілді өз билері барын айтады.
Тарихқа үңілсек, бидің шығу төркіні тым тереңде екеніне көз жеткіземіз. Ежелгi Ғұн, Үйсiн, Қаңлы, Найман-Керей тайпаларының жылқы мінген жауынгерлері ұзақ жорықтарда жүргенде демалу, бойларын жазу үшін билгендігін айтады. Ол «Ма у» яғни “Жылқы биi” деп аталатыны жөнiнде ертедегi қытай жазбаларында сақталған.
Тағы да сөз басына оралсам, буын биін қытайлықтардан бөлек Монғолия, Пәкістаннан келген қандастарымыз да білетін болып шықты. Баянөлгейлік Маржан Керімхан өз жерінде бұл биді тек қазақтар ғана билетінімен бөлісті.
««Қара жорғаның» қытайда кеңінен сипат алуына не себеп?» деген сұраққа мақаладан мынандай жауап таптық.
«Таң хандығы дәуірінде «Жылқы биі, тост күйі» атты музыка болған. Хан, Таң патшалығы кезінде Орта Қытайға батыс өңірлерден көптеген жылқы кіргізіледі. Осыған байланысты Таң дәуірінде Шынжаңда «жылқы биі» көп таралады. Қазір Іле, Алтайды мекендеген қазақтар мен Тасқорғанды мекендеген тәжік, Атұшты мекендеген қырғыздар арасында таралған. Қазақ халқына жаппай таныс «Қара жорға»биі осы жылқы биінің дамыған, басқа нұсқа деген межелер бар.
Уаң Жиячың қазақ халық билерінің материалдарын жинағанда, Шынжаң Алтай аймағы Көктоғай ауданының қиырдағы қыстағынан “бақсының ойынын” көргенін айтады. Көрініс құшынаштың сайтан қууына ұқсайды. Басына қауырсын тағып, денесіне аң терісін киіп, сол қолына аса таяқ ұстап, оң қолына барабан алып, лаулап жағылған отқа балтаны қыздырып, жалаң аяғына балтаны басады. Бірде оттағы балтаны алып шығып, тілімен жалап арбаң-құрбаң етеді. Енді бірде күбірлеп дұға оқып, албастыны аластап, пәле қазадан аулақ болу үшін тілек тілейді. Әйелдердің ойынында аналық қауымның соңғы кездерінің қалдықтары бар. Жартас суреттерінде бедерленген бұл екі түрлі халық биі Алтай аймағы қызыл тастан ойылып сызылған топтық би схемасын кездестіре алатынымыз келтірілген.

Аңыздың айтары бар

Әлімжан Әшімұлы «Қара жорғаның» екі алақанды, білекті кезек аударып-төңкеру, иық пен жауырынды қозғалта тербеу, жорға жүріске басып, секіртпе қимылдар жасау арқылы орындалатынына тоқталады.
Қытай тілінде жазылған бидің зерттеуді бізге жеткізуші би тарихына телінентін бірнеше нұсқаны көрсетеді.
Алғашқысында ертеде сахара төсінде келе жатқан бір жігіт үйір жылқыға кез болып, олардың қатарндағы бітімі бөлек қара түстісін құрықтайды. Сол жылқыны баптап, жорға етіп шығарып, аулына мініп келеді. Атының бабын, өзінің қимылын дос-жарандарына көрсетіп, түрлі әрекеттеремен мақтанады.
Екіншісі Шынжаңдағы Сайрам көлінің жағасында тіршілік кешкен отбасымен байланысты өрбиді. Кемпір-шалдың айдай сұлу қызына құмартқандар көп болғанымен, ата-анасы келісім бермейді. Бір күні кедей жігіт қара жорға мініп, үй алдына келіп көңілін білдіреді. Мұны байқаған қыздың шешесі жігітке: «Егер сен мына киімнің бір түймелігін мен тігіп болғанша, алдағы атыңмен мына Сайрамды бір айланып шығатын болсаң, қызымды саған беремін», – деп талап қояды. Көлдің бір айналымы 90 шақырым болады екен. Жігіт екі сөзге келместен, қара жорғасына ойнақтап мініп кете жөнеледі. Ат үстінде кетіп бара жатқан жігіттің бітімі, атқа отырысына дән риза болған қыз анасы қара жорға аттың жорғасына еліктеп билей жөнеліпті.
Соңғысы Моңғол шапқыншылығынан сыр шертеді. Осындай аласапыран күндердің бірінде бар мал-мүлкінен айрылып, тоз-тозы шыққан қазақтар жан-жаққа қашады. Жау ұзап кеткен соң олар жиналып, күңіреніп отырады. Қасірет қамытын сәл болса да сейілтемін деп бір малшы сыбызғыны үрлегенде, талай белді асып, моңғолдардың қолында кеткен қара жорға ат аспап үніне елітіп, жалын тікірейтіп, осқырынып, бір үйір жылқыны бастап кері қайтады. Сол қара жорғаға риза болған жұрт оның жүрісін, қимылын салып, «Қара жорға» биін және оның әуенін шығарған деседі.


Саз бен сөз

««Қара жорға» әні бірінші шықты ма, биі бірінші шықты ма?» деген сауал төңірегінде әлі де дау-дамай жеткілікті. Әйтсе де, бізге жеткен деректер би қимылының алғаш пайда болғанын нұсайды. Бертін келе әуенге айналғанын айтады. ««Қара жорға» болмаса, бидің сәні келер ме?» деген жолдар сөзің кейін шыққанына айғақ бола алады. Ән мәтініндегі сөз қолданыс пен ұйқас қазіргі тілімізден алшақ еместігін ескерсек, әуенге сөз соңынан жазылғанын түсінеміз. Бұл туралы толғамды тоқтам, тұжырымды пікір айтуға хақымыз жоқ. Өнертанушылар мен тарихышал үлесінде.
Біздің ұғынатынымыз «Қара жорға» ұғымындағы алғашқы «қара» сөзі ежелгі сына жазуларымен жазылған Орхон-Енесей ескерткіштері тілінде «қасиетті» деген мағынаға ие. Лексиконымыздағы «қарашаңырақ», «қара қазан», «қара бала» сөздеріндегі теңеу түске тән емес. «Жорға» сөзінің Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі анықтамасы екеу. Біріншісі, ырғала, теңселіп, тайпала басатын жүріс, майда тірек шабыс. Ауыспалы мағынасы, бір нәрсеге жүйрік, жетік, майталман. Бұл жолдарды негізге алсақ, «Қара жорға» биінің мүлдем жылқыға қатысты болмауы да мүмкін деген ой келеді.
Би – өнердің патшасы. Онда әр халықтың тұрмыс-тіршігі, өмірлік сенім-нанымы арқау болады. Көшпелі тұрмыс кешіп, асауға тұсау салған «дала гладиаторларының» айнымас көрінісін көз алдыңнан көшіретін «Қара жорға» қазақтың төл биі, ұлттық өнері. Олай болмаса, Шара Жиенқұлованың күй ырғағына шарықтайбилей кетуі, құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтің «Қара жорғаны» өз шығармасына қосуы, либреттосын Мұхтар Әуезов жазған «Айман-Шолпан» операсында да бұл бидің айшықты көрініс алуы тек пе? Талас та, тартыс та орынсыз. Озық өнерді өгейсітпей, өрістетсек, өскелең ұрпаққа да береріміз көп болар еді.


Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА
14 қыркүйек 2024 ж. 196 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031