Қамыс басындағы қыз
Жайдары жаз. Бірақ бүгін аспанға қара бұлт төніп, шимайлай шаңды бұрқыратқан құйын ауылдың астан-кестеңін шығарып кеткен. Әдеттегіше дария бойын кесіп өтетін Қайдар бұ жолы да діттеген жерінен өтпек. Кенет жылаған қыздың дауысы еміс-еміс естіле кетті...
Түс ауа бір әулеттің кенжесі, 4 жастағы Ағлима ойнап жүріп тысқа шықты. Анасы қонақ күтіп, әбігерге түсіп жүр. Тіпті балаға қарауға қолы босамай, есік алдында жүргенге жорыды. Қайдан екені белгісіз, аспанды қара бұлт торлап, әр мүйіштен құйын көтеріле бастады. Алаңсыз сыртта ойын қуалаған балақайды дәл осы құйынның бірі өзімен бірге көтеріп әкетті. Әрі қарай белгісіз...
...Табиғаттың мың құбылғанынан шошыған Ағлиманың анасы қызын іздей бастады. Ол кезде қалтафон жоқ, дереу полицияға жүгінер қауқар да жоқ. Жақын-жуығына, көрші-көлеміне айтып, дабыл қаққанымен қыз ізі әлдеқашан суыған.
– Қайда жоғалуы мүмкін? – деген ана жүрек бұлқынып барады. Сабырға шақырып, басу айтқан көпшілік іздеуге шығып, ауылдың әр қуысын қарады. Нәтиже жоқ.
Ауыл ортасын бөлген дарияның арғы бетінде Қайдар есімді орта жастағы жігіт ағасы бар еді. Екі ортадан өтіп, күнделікті жұмысынан қалмайды. Таң ата кеткеннен, кеш бата жаяулата қайтатын ол бүгін жұмыстан кеш шықты. Әдеттегіше әуелете әнін айтып, дарияның жиегіне жақындады. Осы сәтте алыстан бір дауыс естілді. «Қорыққанға қос көрінер деген осы. Жәй естілген болар» деп өзін-өзі алдап келеді. Жоқ. Әлгі дауыс тағы естілді. Бұл жолы жылаған бала дауысы. «Піссімілләсін» айтып, дауыс жаққа беттеді. Жақындаған сайын дауыс та қаттырақ естіледі. Ымырт. Енді ғана тоқтаған жауын иісі мұрынды жарып барады. Ал жаңбырдың әр тамшысы қауғалай өскен қамыс бойынан сырғи түсіп, денеге мұз боп тиюде. Тітіркенген тұла бойды әлгі дауыс та екі есеге үдетуде.
– Сарыбайдың қызымын, Сарыбайдың қызымын, – деп жылаған бүлдіршін қамыс басында отыр. Бір тал қамыс. Ұзындығынан екі қолымен жармаса ұстаған балақай тоқтаусыз жылап тұр. Самал желмен теңселіп, қамыс басынан түсе алар емес. «Апыр-ай, бұл не деген құдірет» деген Қайдар қос қолымен көзін тырмалай берді. Адам сенгісіз. Мақұлықтың бірі болар деп қайта-қайта піссімілләсін қайталап жатыр. Кәлимасы да ауызынан түсер емес. Бірақ жылаған бүлдіршін сәл ентігін басып, «Сарыбайдың қызымын» дегенін қайталай берді, қайталай берді. Тілі енді ғана былдырлап шығып келе жатқан Ағлиманың бұдан білер өзге сөзі де жоқ еді. Қамыстан қолын ажырата алмай, шырылдап қоя берді. Не істерін білмей, мелшиіп тұрып қалған Қайдар есін енді ғана жиғандай.
– Қазір, сәл күте тұр, жарай ма? – деген ол ауылға қарай жүгіре жөнелді. Ауыл ішіндегі тұрғындарға ентіге жетіп, Сарыбайдың үйін сұрады. Әлденені сезген көпшілік Сарыбайды ертіп дарияға беттеді. Қамыс басындағы қыз әлі тұр. Жылауын тоқтатар емес. Әкесін көргенде одан бетер көз жасына ерік берді. Ауыл молдасы сүрелерін оқып, Ағлимаға жақындады. Баяу ғана кіп-кішкентай қос қолынан ұстап, қамыстан ажыратты. Екі қолы да күйіп қалыпты. Терісі мүлдем жоқ. Бұлшық еті қып-қызыл болып қанталап тұр. «Не болды? Қалай болды?» деген сансыз сауалға жауап та жоқ еді. Тілі былдырлаған бүлдіршін тек қолымен әлденені көрсетіп, жылай берді...
...Құйында жын болады деседі. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, баланың екі қолынан ұстаған да солар. Терісінің сытырылып қалуы да әлгі құбылыстан. Дегенмен жауабы жоқ тылсымның құпиясы сол күйінше ашылмай қалған еді. Ал Ағлима болса бой жетті. Тұрмыс құрды. Балаларын өсіріп, әрқайсысын қоныстандырды. Қазір бұл фәниден алыстағанына да көп жылдың жүзі болған.
Айнұр ӘЛИ