Оқу-ағарту министрі мектептегі тәрбие мәселесіне қатысты түсінік берді
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында қордаланған мәселелерге қатысты пікір білдірді.
Бүгін Үкімет үйінде болған баспасөз мәслихатында тілшілер әлеуметтік желіде салада қордаланған мәселелер бойынша Оқу-ағарту министрінің отставкасы туралы бастама көтеріліп жатқанын және бұған ведомство басшысы қалайша жауап беретінін сұрады.
Өз кезегінде Ғани Бейсембаев салада біраз жұмыс атқарылып жатқанын, тәрбиеге қатысты бағдарлама былтырдан бастап бүкіл мектептерге енгізілгенін айтты.
«Бұған дейін негізгі екпін академиялық білімді көтеруге қатысты болса, кейінгі кездері орын алған оқиғаларға байланысты тәрбие жұмысын күшейтуге бағытталды... Бұл жұмыс жалғасын табады. Әрине, өзгерістер бар. Осы бағыттағы оң нәтижені көріп отырмыз. Қордаланған мәселелерді де қарап отырмыз. Жалпы, кез келген мәселе көптеген жағдаятқа байланысты. Кешегі Маңғыстаудағы балалардың улануына байланысты оқиғаға тоқталсақ, бұл жерде тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондықтан тамақпен айналысатын жеке кәсіпкерлер заңдарды толыққанды орындауы керек», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр Ақтөбе облысындағы оқиға бойынша жиын өткізілгенін және әкімнің орынбасарларына мәселені қатаң бақылауға алу алгоритмі жасалғанын айтты.
«Отставкаға қатысты мәселе министрдің құзыретінде емес. Біздің негізгі мақсатымыз - тиісті міндеттерді атқару, елдің сенімін ақтау және Президенттің тапсырмасын сапалы орындау», – деді Ғ. Бейсембаев.
Бұл тұрғыда Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова қоғамда болып жатқан келеңсіз жағдайлар тек мектепке немесе Оқу-ағарту министрлігіне қатысты емес екенін атап өтті.
«Жалпы, ведомствоаралық сұрақ деп санаймын. Министр осы келеңсіз жайттарды реттеуге қатысты тиісті бағдарламаны Үкіметке таныстырды. Сол бағдарламаны орындауға мүмкіндік береміз», – деді Т. Дүйсенова.