Әлеуметтік әмиян жобасы қашан іске асады: жәрдемақы қалай беріледі?
© Sputnik / Абзал Калиев
Қазақстанда әлеуметтік әмиянды енгізу бастамасының көтерілгеніне біраз уақыт болды. Бірақ оны әлі күнге дейін толығымен іске қосқан жоқ. Осы жолы президент тағы үкіметке нақты тапсырма берді.
Келесі жылдан бастап көмекке мұқтаж азаматтардың барлығы жәрдемақыны әлеуметтік әмиянмен алуы қажет.
Sputnik Қазақстан осы жобаның не себепті кешектіріліп жатқанын, сондай-ақ, әлеуметтік әмиянмен қаржылай көмек алудың тәртібін зерделеп шықты.
Үшінші премьерге тапсырылып отыр
Әлеуметтік әмиянды қолға алу мәселесі алғаш рет пандемия кезінде көтерілген болатын. Сол кезде жұмыссыз қалған халыққа 42 500 теңгенің көмегі таратылды, ал азаматтардың көбісі есепшотты ашу жағынан қиындыққа тап болды. Осыдан кейін президент әлеуметтік төлемдердің цифрландыру қажеттігін мәлімдеді.
"Ол үшін әрбір азаматтың цифрлық әлеуметтік әмиянын енгізу керек. Сондай-ақ, тиісті тауар өткізетін жүйені жасау қажет", - деді Тоқаев 2020 жылғы жолдауында.
Пандемия кезінде әлеуметтік көмек алғандардың арасында ауқатты адамдар да болды. Содан Мамин басқарған министрлер кабинеті әлеуметтік әмиянды әзірлеуге кірісті. Бірақ іске қоса алмады. 2022 жылы Тоқаев осы мәселені жылдың соңына дейін шешуді тапсырды. Алайда жаңа премьер Әлихан Смайылов та цифрлық әмиян жобасын аяқтамай кетті. Биылғы жолдауда бұл бастаманы іске қосудың жаңа мерзімі белгіленді.
"Қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан үкіметке алдағы жылдың басынан бастап "Әлеуметтік әмиян" жобасын жүзеге асыруды тапсырамын", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Ал әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс. Осылайша, екі премьер-министр тұсында іске аспай қалған жоба үшінші үкімет басшыға тапсырылып отыр.
Әлеуметтік әмиян қалай жұмыс істейді
Бұған дейін үкімет бірнеше рет әлеуметтік әмиянның сипаттамасын жариялаған. Оған сәйкес, цифрлық әмиян банк картасына балама болады. Бірақ оны арнайы ашудың қажеті жоқ. Әлеуметтік әмиян мемлекеттік көмек тағайындалғанда автоматты түрде әрбір адамның жеке сәйкестендіру нөмірі негізінде ашылады. Ол үшін арнайы мобильді қосымша болады. Сол жерде индентификациядан өткеннен кейін әлеуметтік әмиян іске қосылады деген жоспар бар. Ал негізгі артықшылығы сол, әмиянға түскен ақшаны банктер, коллекторлар немесе салық органдары бұғаттай алмайды.
Әлеуметтік әмиянның мобильді қосымшасында ақшаны банк картасына аудару қызметі да болады, ал QR-кодпен тауар мен қызметтерді сатып алуға мүмкіндік беріледі деп айтқан. Ол үшін ұлттық банктің төлем жүйесіне қосылу қажет. Бірақ оны іске асыра алмады.
Артынан әлеуметтік әмиянды ұлттық тауар өткізу жүйесіне қосып, азық-түлікті тікелей өндірушілерден төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік беріледі деген жоспар болды. Алдымен атаулы әлеуметтік көмек цифрлық әмиянға аударылады деді. Алайда ол да аяқсыз қалды.
Қазіргі кезде әлеуметтік әмиянның көмегімен ақшалай емес көмек беру жобалары ғана қолға алынды.
Әлеуметтік әмиянмен іске асқан жобалар
Былтыр Астанада әлеуметтік әмиянның негізінде екі жоба іске қосылды. Олар:
бастауыш сынып оқушыларына және оқушылардың жекелеген санаттарына тегін және жеңілдікпен тамақтануды ұсыну;
халықтың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
Осы жобаларда ақшалай төлемдер жоқ. Цифрлық әмиянға ваучерлер аударылады. Оны тек нақты қызметтерге, яғни тегін тамақтануға және дәрі-дәрмекке жұмсауға болады. Әрбір ваучер жеке адамға рәсімделеді. Соның арқасында заңсыз тіркеу сияқты әрекеттерге жол берілмейді. Ал Egov-та барлық шығынды қадағалап отыруға болады. Осылайша, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануға да жол берілмейді.
Үкімет жылдың соңына дейін осы екі жобаны барлық республикаға таратуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, тағы бірнеше пилоттық жоба іске қосылуы мүмкін. Олар:
мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық оңалту құралдарын сатып алу;
халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесінен азық-түлік сатып алуда атаулы көмек көрсету;
әлеуметтік осал санаттағы тұтынушылар үшін тауарлы газға ваучерлер мен жанар-жағармай бағасының өсуін өтеу үшін ваучерлер ұсыну;
Ал президент әлеуметтік төлемдерді цифрлық әмиянға аудару мәселесін шешуді тапсырып отыр.
Үкімет не дейді?
Президенттің соңғы жолдауынан кейін министрлер кабинеті шұғыл жиналып, әлеуметтік әмиянды енгізу мәселесін пысықтады. Бүгінде осы бастамаға бірнеше минитрлік жауапты. Үкімет басшысы Олжас Бектенов әрбіреуіне нақты тапсырма берді.
1 желтоқсанға дейін цифрлық даму министрлігі "Әлеуметтік әмиянға" кіретін мемлекеттік қызметтер тізілімін бекітуі қажет;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау мен оқу-ағарту министрліктері әкімдіктермен бірге әлеуметтік әмиянды іске қосуға тиіс;
Оған дейін заңнамаға қажетті өзгерістерді енгізіледі. Жоба сәтті іске асса, әрбір адам отбасының цифрлық картасы арқылы тексеріледі. Осылайша, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамның әлеуметтік әмиянына жәрдемақы аударылады.