Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда есірткі таратуға байланысты 100-ден аса адам ұсталып, 55 telegram-арнасы жабылды

Қазақстанда есірткі таратуға байланысты 100-ден аса адам ұсталып, 55 telegram-арнасы жабылды

Қаржылық мониторинг агенттігі 55 telegram-арнаның заңсыз қызметін тоқтатты. Осылайша 50 мыңнан астам адамды арбаған, жалпы айналымы 48 миллиард теңге есірткі бизнесіне тосқауыл қойылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қаржы мониторингі агенттігі

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, жыл басынан бері елдің құқық қорғау органдарымен (ЭТТҚ, ҰҚК, БП, ІІМ) есірткінің заңсыз айналымына байланысты 60 қылмыстық іс қозғалды. Соның жартысы контрабанда фактілері. Онлайн наркошоптарға қатысты тағы 29 материал бойынша тексеру іс-шаралары жүргізілді.

"100-ден астам адам, оның ішінде ҰҚТ 12 мүшесі ұсталды. Айналымнан шамамен 100 кг ауыр есірткі – кокаин, кетамин, мефедрон және марихуана, сондай-ақ оларды жасау үшін 1 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Қылмыстардың әлеуетті қатысушылары болып табылатын 30 мыңға жуық "дроптардың" банктік карталары бұғатталған. Шымкентте Қазақстандағы ең ірі мефедрон өндіру және тарату арнасы тоқтатылды. Есірткі лабораториясы құрылып, онда синтетикалық есірткі өндіруге арналған 1 тоннадан астам қышқыл тәркіленді", –деді агенттік.

Агенттік оның өндірістік қуаты ай сайын 50 мың доза есірткі өндіруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Халықаралық ынтымақтастық аясында ҚМА аналитикалық мәліметтер негізінде ТМД кеңістігінде есірткі таратқан трансұлттық интернет-дүкендерді жою бойынша Қазақстан, Беларусь және Ресей қаржы барлаушыларының қатысуымен арнайы операция жүргізілді.

"Үш елдің аумағында үш ауқымды есірткі дүкені жабылды, 35 наркодилер ұсталды, 1 тоннадан астам психотроптық заттар және клиенттерге сатуға дайын 3,5 мың дозаға жуық синтетикалық есірткі тәркіленді. Халықаралық "есірткі сатушылардың" жалпы табысы шамамен 30 миллион АҚШ долларына тең, оның 12 миллионы криптовалютада шығарылды. ҚМА бастамасы бойынша ұлттық банктің және ҚНРДА қаулыларына өзгерістер енгізілді, бір клиентке бірнеше банк картасын шығару бойынша шектеулер белгіленді және онлайн режимде олардың мониторингі қамтамасыз етілді", – делінген агенттік хабарламасында.

Резидент емес және кәмелетке толмағандарға төлем карточкаларын беру кезінде қосымша бақылау және шектеу шаралары белгіленді.

Айта кетейік, жаңа клиентті тіркеу кезінде міндетті биометриялық сәйкестендіруді жүргізе отырып, төлем карталарын шығару бойынша банктердің ішкі бақылау шаралары күшейтілді. Есірткінің таралу белгілері мен критерийлері барлық банктерге жіберілді. Бұл есірткі саудасының фактілерін одан әрі анықтауға мүмкіндік береді. Аталған нормалардың қолданылу мерзімінен бастап бірнеше карта ұстаушылар саны 9,5 мыңнан 3,6 мың клиентке дейін қысқарды, 1,5 мың клиентке қашықтықтан қызмет көрсетуге қолжетімділік жабылды.

Еске салайық, бұған дейін Шымкенттің екі тұрғыны жалған купюралар мен есірткі заттарын сатуға тырысқанын жаздық. Қаржы мониторингі агенттігі есірткі сатпақ болған адамдарды анықтады. Яғни агенттіктің қызметкерлері қара-жасыл түсті өсімдік тектес затты сатып алатын адам боп тергеу жүргізген. Сарапшылар бұл 5 кг гашиш есірткі заты екенін растады. Азамат жалған 10 000 АҚШ долларын (100 дана номинал) сату барысында ұсталды.
20 тамыз 2024 ж. 64 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30