ҰҚК және Шекара қызметінің функциялары кеңейтілді – Жарлық
Коллаж: Kazinform/ Freepik
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 12 тамыздағы Жарлығымен ҰҚК мен Шекара қызметіне жаңа міндеттер жүктеді. Ол алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енді.
14 тамыздан бастап, ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі байланыс операторлары мен байланыс желілері иелерінің жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын техникалық жүргізу үшін телекоммуникациялық жабдықтарының функцияларын меншікті немесе тартылған қаражат есебінен қамтамасыз ету қағидаларын әзірлеу мен бекітуге;
мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган айқындайтын дерекқорларды сәйкестендірілмеген түрінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызметте пайдалану үшін ұсыну қағидаларын келісуге уәкілетті атанды.
2025 жылғы 7 қаңтардан бастап ҰҚК функциясына байланыс операторлары мен желі иелерінің төтенше жағдайлар қаупі төнгенде немесе туындағанда уәкілетті органға жиынтық деректерді ұсыну қағидаларын келісу, сондай-ақ деректерді өңдеу орталықтарының қызметін ұйымдастыру және халықаралық немесе ұлттық техникалық аудиттен өту қағидаларын келісу міндеттері қосылады.
Сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметінің адам саудасына қарсы іс-қимыл саласы бойынша да бірқатар функция қосылды.
Енді шекарашылар адам саудасының алдын алу жөніндегі шараларды қабылдауға; адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы сын-қатерді бағалауға және оларды барынша азайту бойынша ұсыныстар енгізуге қатысуға; адам саудасы құрбандарына көмек көрсету және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді ұсыну үшін оларды қайта бағыттауға қатысуға; ішкі істер органдарын өздеріне белгілі болған дайындалып жатқан не жасалған адам саудасына байланысты қылмыс фактілері туралы хабарлауға; адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің нәтижелері туралы жұртшылыққа хабарлауға; ҚР құқық қорғау органдарына азаматтарды қорғауға және шекаралық кеңістікте ҚР көші-қоны саласындағы заңнамасының сақталуына жәрдем көрсетуге міндеттеледі.