Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Олимпиада 2024: Қуаныш пен өкініш

Олимпиада 2024: Қуаныш пен өкініш

Париж олимпиадасы мәресіне жетті. Барша қазақстандық жанкүйерлер көгілдір экраннан қызыға тамашалаған спорттық сайыстар нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 43-орыннан көрінді.

Нақтырақ айтсақ, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Осылайша, төрткіл дүние арасында өткен төрт жылдық доданы Қазақстан құрамасы жеті медальмен аяқтады.
Алтын жүлдені Олимпиаданың алғашқы күні ел қоржынына дзюдодан 60 келі салмақта Елдос Сметов сыйлаған болатын. Күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақта Демеу Жадыраев және бокстан 80 келі салмақта ел намысын қорғаған Нұрбек Оралдай жеңіп алды.
Қола медальдарды нысана көздеуден командалық жарыста Ислам Сатпаев пен Александра Ле, дзюдодан 66 келі салмақта Ғұсман Қырғызбаев және әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай жеңіп алды.
Төртжылдықтың бас додасының нәтижесінде медаль саны бойынша Қазақстан 43-орынға тұрақтады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан құрамасының Олимпиадада бақ сынауына 660 миллион жұмсалса керек. Саңлақтарының даярлығына бізден төрт есе аз, 160 миллион доллар қаражат жұмсаған Өзбекстан төрт есе артық нәтиже көрсетті.
Еншісінде 8 алтын, 2 күміс және 3 қола, яғни 13 медалі бар өзбек ағайындар жалпы есепте 13-орынға табан тіреді.
Ал Олимпиада көшін Қытай елі 40 медальмен бастап тұр. Екінші орында АҚШ 38 медаль иеленсе, үшінші орынға 20 медальмен Жапон елі жайғасты. Қырғызстан 68-орынға табан тіреді. Рейтингте барлығы 84 мемлекеттің жетістігі ескерілген.

1994 жылдан бері қазақстандық спортшылардың ел тарихындағы олжалы оралған олимпиадасы – 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада болды. Ол күндер Қазақстан халқының есінен дейін өшпей, әсерінен арыла алмады деуге болады. Бұл сында спортшыларымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленіп, айды аспанға шығарған еді. Алайда кейін ауыр атлеттеріміздің допинг қолданғаны анықталған соң 4 алтын медальды кері қайтарып беруге мәжбүр болды.
Лондонда Қазақстан атлеттерінен бокстан Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова жеңімпаз атанды. Жалғыз күміс жүлде 81 келіде шаршы алаңға шыққан боксшы Әділбек Ниязымбетовке тиесілі.
Ал қола жүлдегерлер арасында еркін күрес балуаны Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, әйелдер күресінен Гюзель Манюрова, боксшылар Иван Дычко мен Марина Вольнова есімі аталды. Сонымен бірге, еркін күрестен Дәулет Шабанбай араға жылдар салып Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері деп танылды. Себебі, оның салмағындағы Олимпиада чемпионы мен күміс жүлдегері допингпен айыпталып, дәлелденді.
Одан кейін арада төрт жыл өткен соң 2016 жылы Рио Олимпиадасында 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, қазақстандықтар барлығы 17 медаль – 3 алтын, 5 күміс, 9 қола жеңіп алды. Бұл ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Ал ең ауыр тиген олимпиада – 2020 жылы өтуі тиіс болған Токио Олимпиадасы. Әлемді шарпыған пандемия салдарына араға бір жыл салып өтті. Бұл Олимпиада Қазақстан спортының құлдырағанын анық көрсетті деуге болады.
19 спорт түрінен 93 спортшы қатысқанына қарамастан еліміздің бір де бір спортшысы Олимпиала чемпионы атана алмады. Тіпті күміс жүлдеге қол жеткізу мұңға айналды. Олимпиададан 8 қоламен оралған еліміздің құрамасы жалпы есепте әлем бойынша 83 орында тұрақтады.
Енді өткенге өкпе жоқ, алда келесі Олимпиада ойындарына спортшыларымыздың тыңғылықты дайындалып, жіберген есесін қайтаруына мүмкіндік мол. Қазақстандай жас мемлекеттің алар асуы әлі алда екеніне сеніміміз кәміл.

С.ӘЛИҰЛЫ
13 тамыз 2024 ж. 129 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30