Бақыттың мәнін ұғынсақ
Байқап қарасақ, мына жер бетінде жаны жай тапқан, бақытты және ылғи да қуаныш құшағында жүретін бірде бір пенде жоқ екен. Адам ең әуелі өзіне пайдалы істі көздейді. Әрине еш әбестігі жоқ, бірақ адам баласы өзге біреудің бағына қызғанышпен қарамауы қажет.
Өмірдің ғажайып, керемет және тәтті болуы өзіңізге байланысты. Қалған өмірді қалай сүру тек өзіңнің қолыңда екенін естен шығармаған жөн. Күйбең тіршілік бітпейді. Бірақ адамның өмірі өлшеулі. Демек қолымыздағы барлық мүмкіндікті пайдаланып, Құдайға жағатын тірлікпен айналысқан жөн.
Тағы бір ұққаным, алмақтың да салмағы, ал бейнеттің зейнеті бар. Сондықтан адамның жақсылығын көріп, шама келгенше кемшілігін байқамауға әрекет ету керек. Әр нәрсеге ақыл парасат көзімен қараған жөн. Жағымсыз істің соңы олжалы болмауы мүмкін. Ақиқатта жалғанда әділдікті ту ет. Барлық нәрсені бірден істеймін деген ойдан арылып, ең маңызды да қажетті шаруамен айналыс. Өмірдің ғажаптығы – оның уақытқа тәуелділігінде. Туылған нәресте өсе келе күш-қуат пен оқу білімге ие болатыны сияқты әрбір нәрсе алғашында нөлден бастау алады. Сондықтан уақытты асықтырма, әр нәрсе сәтімен.
«Уақытынан бұрын бір нәрсеге асықтырған құр алақан қалады» деген қағида бар. Бақыт – қарапайымдылық, кішіпейілділік, жақсылықты сүю және адамдарға жақсылық тілеуде. Сөз соңында айтарым, барыңды бағалау үшін өзіңе ылғи сын көзбен емес. Бәлкім сырт көзбен қарауды да үйрен. Сол кезде тәубең толасып, ашкөздік шүкірлікке ауысады. Мәңгі бақыттың иесі болу мүмкін еместігін түсініп, қолдағы бар бақытты бағалауды үйренер едік.
Әлия БОЛАТБЕКҚЫЗЫ