Мемлекеттің сатып алу жүйесін цифрлық теңгеге көшіреміз — Тимур Сүлейменов
Фото: ҰБ глава Нацбанка Т. Сулейменов
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кезекті баспасөз мәслихатында мемлекеттің сатып алу жүйесіндегі жемқорлыққа цифрлық теңге арқылы тосқауыл қою жоспары бар екенін мәлім етті.
«Біз цифрлық теңге бойынша Ұлттық қордан алынған трансфертпен қанатқақты жобаны бастадық. „Достық-Мойынты“ теміржол жобасына бөлінген қаражатты smart-келісімшарт базасында қағаз ақшамен емес, цифрлық теңгемен аудардық. Қазір бұл жұмыс істеп тұр. Осындай жұмысты Ауыл шаруашылығы министрлігімен де жүргізіп жатырмыз. „Ауыл аманаты“ бағдарламасы бойынша бөлінген субсидия қағаз ақша күйінде емес, цифрлық теңге күйінде түседі деп отырмыз. Бұл субсидияны кім алғанын, қалай жұмсап жатқанын, өтінімге сай жұмсап жатыр ма, әлде алдап кетті ме, бәрін көруге болады. Өнеркәсіп субсидияларымен де сондай жұмыс істеліп жатыр. Мемлекеттік сатып алуға да осы тәжірибені таратамыз», — деді ол журналист сұрағына берген жауабында.
Ұлттық банк басшысы қанатқақты жоба сәтті іске асса, цифрлық теңгенің қолданыс аясы кеңейе түсетінін айтады.
«Бұл жерде Қаржы министрлігімен және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен жақсы интеграциямыз бар. Жалпы бұл жоба сәтті шықса, мемлекеттік сатып алу, құрылыс сияқты салаларды ашық етудегі аса маңызды кезең болатын түрі бар. Соның арқасында бұл ақшаны дұрыс емес жолмен жұмсағысы келетіндердің саны азаяды деп үміттенемін. Былтыр қараша айында цифрлық теңгенің қолданысқа еніп бастағанын жарияладық қой, Қаржыгерлер күнінде осы жобаның алғашқы қорытындысын жария етеміз. Сарапшыларға да, барша жұртқа қызық болады деп ойлаймын», — деді Тимур Сүлейменов.