Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Су тасқыны: қалыпқа келген қалалар

Су тасқыны: қалыпқа келген қалалар

Фото: ашық дереккөзден
Деректерге сүйенсек, су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен қалыпқа келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Одан бөлек мал шығыны өтеліп, баспаналы болған тұрғындар да бар. Су басқан аймақтардағы қазіргі ахуал қандай? Күндерек сөйлесін.
8 маусым. Атырауда Талдыкөл ауылында су шайған кірме жол уақытша қалпына келтірілді, ахуал тұрақталды. Бұл туралы Махамбет ауданына қарасты Бейбарыс селолық округінің әкімі Сейілбек Зұлқашев мәлімдеді. Бұған дейін тасқын су кезінде бір шақырымға жуығы бүлінген асфальт жол уақытша қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді.
– Талдыкөл ауылына кірме жолдың су шайып кеткен бір шақырымға жуық бөлігіне бірнеше күннен бері қатты тас қиыршықтарын, қалдықтарын төгу жұмыстары жүргізілді. Су өткізу үшін тұрба салынды. Кірме жол уақытша қалпына келтіріліп, 6 маусым күні кешкілік толықтай ашылды. Қазіргі уақытта жолды тегістеу, нығайту жұмыстары жүруде. Бір бағытта ашылған жолмен жеңіл және ауыр көліктер қатынай алады, – деді Бейбарыс селолық округінің әкімі Сейілбек Зұлқашев.
Сол күні түстен кейін Атырауға эвакуацияланған тұрғындар Талдыкөл ауылына қайта көшірілді. Атырауда тасқын аумақтарында жел көтерілуіне байланысты бөгеттерде қауіпсіздік күшейтілді.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалының мәліметінше, Махамбет, Индер аудандарында батыстан, солтүстік-батыстан қатты жел соғуда. Желдің көтерілу жылдамдығы секундына 6-11 метрге дейін жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, Атырау қаласында жел күшеюде. Желдің соғуы секундына 7-12 метр жылдамдыққа дейін жетеді деп күтілуде. Ауа райының қолайсыздығына байланысты, Махамбет, Индер аудандары, Атырау қаласында бөгет бойындағы белгіленген учаскелерде кезекшілер күшейтілген режимде жұмыс істеді.
8 маусым, сағат 12:00-дегі жағдай бойынша, Жайық өзеніндегі су деңгейі Индер ауданында – 896 см (шекті деңгейі – 845 см), Махамбет ауданында 993 см (шекті деңгейі – 850 см), Атырау қаласында 592 см ( шекті деңгейі – 550 см) құрады.
10 маусым. Атырау облысында Жайық өзенінің жағалауына топырақ толтырылған қапшық қойылған болатын. Бүгін өзеннің мұнайлы шаһар аумағындағы жағалауынан сондай қапшықтар жиналды. Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, Жайық өзенінің қауіп сейілген аумақтарынан құм толтырылған қапшықтарды жинауға ұйғарым жасалған.
– Қазір Атырау қаласында Жайық өзеніндегі су деңгейі төмендеп келеді. Бірнеше күннен бері судың деңгейі қайта көтерілген жоқ. Сол себептен, Атырау қалалық әкімдігі тасқын су басу қаупі сейілген аумақтардан топырақ салынған қапшықтарды жинау жұмысын қолға алды. Бүгін Жайық өзенінің Атырау қаласындағы орталық көпір, «Авангард» шағын ауданындағы жағалауынан құм толтырылған қапшықтар жинау басталды, – деді Ғасырбек Төлеген.
Оның мәліметіне сүйенсек, Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы жағалауында 250,7 шақырым бөгет бекітілген. Қалалық әкімдік тарапынан осы мақстақа 4 миллион 900 мың қапшық таратылған.
Түсқайта сағат 16:00-де Жайық өзенінің деңгейі Атырау қаласында 591 сантиметр болды. Ал мұнайлы шаһар маңындағы Жаңаталап ауылында 423, Еркінқала елді мекенінің тұсында 381 сантиметрді көрсетті.
11 маусым. Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2122 үй су астында қалды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.
– Су тасқыны салдарынан 18005 үй нысаны зардап шеккен. 17295 нысан бойынша техникалық тексеріс нәтижесі бар. Тексерілген нысандар бойынша 2245 тұрғын үй салу, жылжымайтын мүлік нарығында 5235 тұрғын үй сатып алу және 9819 нысанды жөндеу жоспарланған. Бүгінде 1828 үйдің құрылысы басталды. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 81 пайызын құрайды. Бұл ретте Батыс Қазақстан мен Ақмола облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстың төмен қарқыны байқалады, – деді министр.
Оның дерегінше, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2122 үй су астында қалған.
– Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта республика бойынша 1943 тұрғын үй сатып алынды. 3882 үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар жөндеу жұмыстары бойынша 1772 үй иесі төлемдер алды, – деді Қанат Шарлапаев.
Сол күні Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының барысы қаралды. Қазіргі кездегі жағдай туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады.
Қазақстанда су тасқыны салдарынан 18005 жылжымайтын мүлік нысаны зардап шеккен деп танылды. Олардың 17295-де сараптама нәтижесі бар. Бір апта ішінде ресімделген қорытындылардың артуы 1375 құрады. 2245 нысанның құрылысын жүргізу, жылжымайтын мүлік нарығынан 5235 үй мен пәтер сатып алу, 9819 тұрғын үйді жөндеу жоспарланған. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндағандай, ТЖ салдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға тұрғын үй беру Қағидасына түзетулер енгізілуіне байланысты БҚО-да тұрғын үй саны 4042-ден 6061-ге дейін өсті.
Бүгінде елде 1828 үйдің құрылысы басталды. Бұл 81 пайызды құрайды. Бұл ретте БҚО мен Ақмола облысында құрылыс жұмысы мен жұмылдырудың қарқыны төмен болып отыр. Ақтөбе облысы мен БҚО-да әлі күнге дейін 2122 үй су астында. ТК қорытындыларының жоқтығына қарамастан, меншік иелері үшін тұрғын үй салу және сатып алу бойынша шаралар қабылдануда.
Жылжымайтын мүлкі жарамсыз деп танылған қазақстандықтар үшін 1943 нысан сатып алынды. Бүгінгі таңда 1772 үйдің иелері төлем алды. Ахуалдық орталық және Еңбек ресурстарын дамыту орталығы барлық кезеңдерде eGov және «Әлеуметтік көмек» ААЖ арқылы азаматтардан өтініштерді қабылдау және өңдеу процесін бақылайды. Цифрландыру есебінен іске асыру кезеңдері бөлінісінде мониторинг қамтамасыз етілді.
13 маусым. Петропавлда тасқыннан кейін бұзылып, апатты деп танылған үйлер сүріліп жатыр. Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, облыс орталығында тұруға жарамсыз 1600-ге жуық үй бұзылады. Ал қалғандары күрделі жөнделіп, қалпына келтіріледі. 500-ден астам үйдің 127-сін қазіргі уақытта тұрғындар өздері жөнге келтіріп жатыр. Ал апатты деп танылған үйлерді бұзып, қоқысты шығаруға механикалық бригадалар тартылған. Бірінші кезекте баспана алған азаматтардың үйлері сүріліп жатыр. Олардың орнына ағаш отырғызылады. Ал су басқан аймақта жаңадан құрылыс салуға тыйым салынады.
Құлсарыда 2500-ден астам тұрғын баспанасын қалпына келтіру үшін өтемақы алу туралы келісімге қол қойды. Бүгінге дейін 1931 тұрғынның жеке шотына ақша аударылды. Оның ішінде 996 адам тұрғын үй сатып алу үшін, 935 адам үйіне жөндеу жүргізу үшін қаражат алды. Құлсарыда тасқын судан зардап шеккендерге арналған 100 үйдің құрылысы жалғасуда. 5 бөлмелі әр үйдің ауданы – 100 шаршы метр. Мұнда асүй, екі жатын бөлме, қонақ бөлме және жуынатын бөлме бар. Үйлерді жергілікті құрылыс компаниялары салуда.

Айнұр ӘЛИ

18 маусым 2024 ж. 118 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30