Мәжіліс депутаты жүгері өңдейтін жаңа зауыт салуды ұсынды
Фото: parlam.kz
Парламент Мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясы фракциясының депутаты Руслан Қожасбаев премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында өңделген жүгері көлемін арттыру үшін шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутат президент халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін үш жыл ішінде 70%-ға дейін ұлғайту және бастапқы өндірістен жоғары қайта бөлу өнімдерін шығаруға кезең-кезеңімен көшу міндетін қойғанын еске салды.
Айтуынша, Жетісу облысы Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары сияқты Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия өңірінде жүгерінің ірі өндірушісі саналады. Облыс бойынша жүгері көлемінің 85 пайызын жеке кәсіпкерлер, шаруалар мен фермер қожалықтары өсіреді.
«Қазір жұмыс істеп тұрған зауыттар шаруалар жинайтын жүгері көлемін өңдеуге баяғыдан қауқарлы емес. Мәселен былтыр 600 мың тоннадан астам жүгері жиналды, ал зауыт тек 200-ін ғана өңдеген. Шикізат бағасы жоғары болмады, өнімнің бір бөлігін сол алқапта қалдыруға тура келді. Бірақ жүгеріні терең өңдеу мүмкіндіктері өте көп. Өнеркәсіптік салада дақыл шикізат ретінде сірке қышқылын, ацетон, бояғыш заттар дайындауға пайдаланылады. Одан қалған қалдығы азық, отын, жасанды жібекке арналған жасұнық, қағаз өндірісіне кетеді. Бұл өнімдерге ішкі нарықта да, көршілес елдерде де сұраныс бар», - дейді Қожасбаев.
Десе де, мәжілісменнің айтуынша, жүгеріні терең өңдеудің өнеркәсіптік қуаты жеткіліксіз. 35 пайызы Жаркент крахмал-сірне зауытында өңделеді, ал қалған көлемі шикізат ретінде сатылады.
Депутаттың пікірінше, жүгері өңдеу мен дайын өнімнің көлемін ұлғайту үшін «Қорғас» АЭА аумағында жаңа зауыт салу қажет. Облыс Қытай сияқты ірі тұтынушымен шектеседі.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Қожасбаев дақылды көп өсіретін өңірлерде жүгері өңдеуді кеңейту бойынша шаралар қабылдауды ұсынды. Бұл үшін:
- Жетісу облысына жүгерігні терең өңдеуді ұйымдастыру үшін негізгі инвесторларды тарту;
- шаруалардың шығындарын субсидиялау процедурасын жеңілдету;
- 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және тамақ өнеркәсібін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенді жоспарында шағын және орта бизнестің отандық өкілдерін қолдау, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту шараларын қарастыру;
- шекаралас елдерге экспорттау үшін реестрег енгізу үшін өңірдің кәсіпорындарына инспекция жүргізу қажет.