Кәсіпкер қылмыстық жауапкершіліктен құтылғанымен әкімшілік жаза бар – Абзал Құспан
Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау жұмысын жалғастыру қажеттігін айтқан-ды. Президенттің дәл осы тапсырмасына орай әзірленген заң жобасы бүгінде Мәжілістің қарауына түсті. Құжат депутаттар тарапынан бүге-шігесіне дейін талқыланып, жан-жақты сүзгіден өткізілмек. Осыған орай Мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң жобасы авторларының бірі Абзал Құспанды сөзге тартып, құжаттың жаңашылдықтары жайлы егжей-тегжейлі білген едік.
- Абзал Темірғалиұлы, Мәжіліс депутаттары экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау мәселесі бойынша бірқатар заңнамалық актіге өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қарастырмақ. Мұндай қажеттілік неден туындап отыр? Жалпы, қолданыстағы заңның қай баптарына өзгертулер енгізіледі?
- 2017 жылдан бері экономикалық санаттағы қылмыстарды қылмыссыздандыру бағытында жұмыс істелініп келеді. Сол уақыттан бері 12 бап қылмыс деп танылудан арылды. Мұндағы мақсат – елдегі жалпы бизнес ахуалды жақсарту, кәсіпкерлік саласындағы азаматтардың құқығын қорғау. Ал бұл жолы Қылмыстық кодекстің 4 бабы, оның ішінде екеуі ішінара, екеуі толықтай қылмыс деп танылмайтын болады. Мұнан бөлек, Қылмыстық-процестік кодекстің 1 бабына, нақтырақ айтқанда сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімі қарастырылатын 179-бапқа хабарларды тіркеу, «ескіше айтқанда» қылмыстық іс қозғау үшін қосымша үш негізгі норманы толықтырып кіргіземіз. Оларды нақтырақ айтар болсам, толығымен қылмыс санатынан алынып тасталатыны – Қылмыстық кодекстің 219 және 241-баптары, ал ішінара қылмыс санатынан алынып тасталатыны – 234 және 236-баптар.
Мұнан бөлек, Қылмыстық-процестік кодекстің 179-бабына түзетулер енгізіледі. Оған ерекше тоқтала кеткен жөн сияқты. Осы уақытқа дейін экономикалық, оның ішінде салықтық қылмыстар бойынша істі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеу үшін кейбір кедергілер бар. Осы олқылықтарды жою үшін бірқатар жаңашылдық енгізуді жөн көріп отырмыз. Біріншіден, істі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркеу, яғни қылмыстық іс қозғау үшін салық органдарының актісі болуы шарт. Екіншіден, кәсіпкер ол актімен келіспеген жағдайда шағым бере алады. Сол шағымдану кезеңінде істі қайта тіркеуге болмайды. Үшіншіден, егер кәсіпкер келісіп, актіде көрсетілген соманы өсімпұлымен қосып төлесе, онда мұндай жағдайда іс тізілімге тіркелмейді. Демек, кәсіпкер жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ, кәсіпкерлер «ісіміз ашылса, бәрібір жауапкершілікке тартылмаймыз, өсімпұлын қоса төлеп құтыламыз» деп тым босаңсып кетпеуі үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтеміз. Демек, бұрын біз белгілі бір айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салсақ, енді қанша соманы төлеуден бас тартса, онда соған сай пайыздық арақатынас мөлшерінде айыппұл белгілеп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, қылмыстық жауапкершіліктен босатумен қатар әкімшілік жауапкершілікті күшейтіп жатырмыз.
- Қылмыстық кодекстің 219 және 241-баптарын қылмыс санатынан толықтай алып тастау ұсынылып отырғанын айттыңыз. Жалпы осы бап бойынша заң қолданыста болған кезде қанша қылмыс жасалғаны жайлы дерек бар ма? Алдағы уақытта жаза жеңілдегеннен кейін дәл осы баптарға қатысты қылмыс саны артып кетпей ме?
- Әрине, біз келген қылмыстық істі қылмыссыздандырған кезде сол істер бойынша соттың, тергеу барысының тәжірибесіне назар аударамыз. Бұл санаттағы қылмыстық істер өте аз. Нақты статистикалық дерек келтірер болсам, 219-бап бойынша 2021-2023 жылдар аралығында 43 (оның ішінде сотта қаралғаны – 11, ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылғаны – 32), 241-бап бойынша 58 (оның ішінде сотта қаралғаны – 25, ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылған – 33) қылмыстық іс қаралған екен. Бірақ, бұл – негізгі себеп емес. Негізгі себеп – бұл баптардың шын мәнінде кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет жасауына үлкен зиян тигізуінде.
219-бап несие және бюджеттік кредит беруге қатысты. Банкте несие рәсімдеу барысында қандай да бір құқық қорғау органының араласу қажеттілігі жоқ. Банктің қауіпсіздік қызметі бар. Одан бөлек, егер несие алушы жалған құжат қолданған болса немесе банк қызметкерімен бірлесіп сол ақшаны алса, онда 190 (алаяқтық) және 189-баптармен (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) азаматты қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Демек, заңмен толықтай жауапкершілік көзделген. Сондықтан 219-бапты алып тастамасақ, онда кәсіпкерлік субъектілеріне негізсіз, заңсыз араласу фактілері орын ала береді.
241-бап бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бұзуға қатысты. Ереже – заң емес, заңға тәуелді акт. Оның кез келген нормасын бұзу ресми түрде қылмыстық іс қозғауға түрткі болады. Ал қылмыстық іс қозғалған кезде бұл бухгалтерге емес, кәсіпорындарға, мекемелерге қарсы бағытталады. Осы арқылы тергеуші ереженің нақты тармақтарының бұзылғанын айтып, іс қозғайды. Соны пайдаланып, есепшоттарды бұғаттайды, басқа да тергеу амалдарын толығымен жүргізеді. Мұның бәрі заңды түрде сипатталып, кәсіпорын жұмысына өте үлкен кедергі келтіреді. Сондықтан бұл бапты Кодекстен алып тастау салада қандай да бір басқа қылмыстың өршуіне себепкер болмайды. Егер есеп жүргізу ережесін бұзу арқылы салықтан жалтарса, онда салықтан жалтаруға қатысты арнайы бап бар. Тағы да басқа қылмыстарға әкеп соқса, соған тиісті баптар көзделген.
Негізі Кодексте мемлекет мүддесі қорғалады. Бірақ, осы бапты алып тастағаннан мемлекет мүддесіне нұқсан келмейді. Жалпы, бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бұзу барысындағы қылмыстық жауапкершіліктен әкімшілік жауапкершілік әлдеқайда ауыр. Мәселен, Қылмыстық кодексте осы бап бойынша жауапкершілік 100 АЕК болса, Әкімшілік кодексте 100-ден 1 мың АЕК-ке дейін барады. Осыдан-ақ 241-баптың шын мәнде өз функциясына жауап бермейтіндігі көрініп тұр. Өйткені, негізгі объект – бухгалтер емес, кәсіпкер. Сондықтан да мұны әу бастан қате енгізілген бап деп санаймыз.
- Енді Қылмыстық кодекстің 234 және 236-баптарына жеке тоқталсаңыз. Мұндай экономикалық құқық бұзушылықтар еліміздің бюджетіне орасан нұсқан келтіретіндігі сөзсіз. Жаза жеңілдегеннен кейін оңай жолмен ақша табуды көксегендердің жолы болып жүрмей ме? Мұндай қылмыстарды барынша тежеу үшін заңда қандай шаралар қарастырылған?
- Жаңа айтқанымдай, бұл екі бап ішінара қылмыссыздандырылады. Бұл дегеніміз – олар Қылмыстық кодекстен алынбайды деген сөз. Бар-жоғы қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ең төменгі шегі күшейтіледі. Кеден салықтарынан жалтарғаны үшін шығын көлемі, мәселен 234-бапта 5 мың АЕК-тен жоғары болған кезде қылмыстық іс қозғалса, енді ол 10 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылады.
Ал 236-бап бойынша бұрын қылмыстық жауапкершілікке тарту 10 мың АЕК-тен басталса, енді ол 20 мың АЕК-ке арттырылады. Демек, заңда баптар қалды, тек қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін ең төменгі шек көтерілді. Айырмашылық осы ғана. Жеңіл-желпі шығын келтіргені үшін кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғай бермеу үшін оның төменгі шегін көтеріп, әкімшілік жауапкершілікке өзгертпекпіз. Демек, бәрібір жауапкершіліктен қашып құтыла алмайды.
Кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мен қылмыстық жауапкершілікке тартуда айырмашылық бар. Иә, екеуінде де, ең алдымен мемлекет мүддесі қорғалады. Бірақ, әкімшілік жауапкершілікке тарту процедурасы әлде қайда жеңіл, оңай. Ал қылмыстық жауапкершілікке тарту өте қиын. Көптеген сараптама жүргізіледі. Азаматтың қылмыс жасау барысында субъективтік жағы, жеке басы анықталуы тиіс. Осындай мәселелер өте көп. Ал әкімшілік жауапкершілікте мекемеге тиісті айыппұл салынып, өндіріледі. Бұл бюджетіміз үшін пайдалы, кәсіпкерлер де бірнеше айға созылатын әуре-сарсаңнан құтылады.
- Жалпы, кәсіпкерлер өз құқықтарын қорғау үшін қандай инстанцияларға жүгіне алады?
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономикалық сипаттағы кейбір заң бұзу әрекеттерін қылмыс санатынан алып тастау мәселесіне арнайы тоқталса, осы жылдың 10 мамырында «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық шығарғаны бәрімізге мәлім. Дәл осы Жарлық кәсіпкерлердің құқығын қорғаудың берік қалқанына айналып отыр.
Ал, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау үшін көптеген инстанцияға жүгіне алады. Арнайы құрылған уәкілетті органдар да бар. Оның бірі – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Бұл ұйым өте жақсы жұмыс істейді, арнайы жасақталған құрылымдары бар. Мәжілістің жұмыс топтарының отырыстарына өкілдері міндетті түрде қатысады. Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай барлық құқық қорғау органы кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын қорғау үшін жұмыс істейді.
Ал, жалпы бірінші кезекте заңдылықтың сақталуын қадағалауды прокуратура органдары жүргізеді. Олар оны қандай жолмен жүзеге асырады? Мәселен, қылмыстық іс бірден басталмайды. Тексеруден бастап өрістейді. Сол тексерудің барлығы прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінде тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Кез келген уәкілетті орган құр барып, бұрынғыдай тексере алмайды. Осы арқылы прокуратура «қай мекеме тексеріліп жатыр, ол нешінші рет тексерілуге ұшырады, тексеру аясы тым жиілеп кеткен жоқ па?» деген сұрақтардың жауабын кәсіпкер жүгінбей-ақ алдын ала біліп отырады. Мұнан бөлек, кәсіпкер шағым жазған жағдайда прокуратура өзінің қадағалаушылық қызметін жүзеге асыра алады. Мұның үстіне, прокуратураның жоғары қадағалаушы деген мәртебесі Конституциямен бекітілген.
Екіншіден, сотқа жүгінуге болады. Мұнан бөлек, облыстық, республикалық деңгейде кәсіпкерлердің омбудсмені деген институт енгіздік. Омбудсмен де кәсіпкерлердің құқығын қорғауда маңызды рөл атқарады деп есептеймін. Яғни, кәсіпкерлер омбудсменге де жүгініп үйренгені жөн. Өйткені, омбудсмен – кәсіпкерлердің құқығын тікелей қорғау үшін құрылған қоғамдық ұйым.