Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалғызым – жалым, алғаны – ханым

Жалғызым – жалым, алғаны – ханым

Жалғыздық... Жалқылық пен жалпылықтың арасындағы айырмашылық неде? Олардан келетін қауіп қандай? Қауқар қаншалықты? Психологтардың назарын аудартып отырған жалғыз ер бала тәрбиелеу жайын жақсы білеміз бе? Қоғамда кездесіп, кейде келеңсіздікке ұрындырып жатқан осы бір проблемаға көз тастадық.
Елімізде ана мен балаға деген әлеуметтік жағдай жыл санап жақсарғанына қарай, көпбалалы отбасылар қатары арта түсуде. Солай бола тұра, отбасында жалғыз бала тәрбиелеп отырған ата-аналар да кездеседі. Үңіліп көрдік.

Шаңырақ көтермей, шарана болмайды
Қазақтың күйін күйттеп, ұлттың ұйытқысы болған жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесін» қайта оқыдық. Онда Шер-аға халықтың көбеймеуінің бір сырын былайша тарқатады.
«Бала табу жалғыз-жарымнан аспайтын болды. Не себеп? Тұрмыс-жағдай бұрынғыдан гөрі біршама тәуірленген сияқты еді. Не көрінді? Әлде өркениеттің «өкірігі» ме, әлде гендерлік саясаттың сипаты ма? Біз тым-тым азбыз ғой. Аздың маңдайында бақ тұрмайды деуші еді ғой. Кейбір елдер сияқты бізге жер жетпей жатқан жоқ. Шыннан болашақты болжай алмайтын, бір күндік қарынды ғана ойлайтын бейқам елміз бе? Үкімет, Парламент құр кекірік атып отыра бере ме? Кәрі қыздар мен сүрбойдақ жігіттер көбейді. Ойлан, Үкімет! Шаңырақ болмай, шарана да болмайды».
Жөн-ақ. Үйлену мен үй болуға асықпайтын жас­тар, оларды асықтырмайтын үлкендер үлесі еселенгенде ел қайдан көбейсін?.. Кеш тұрмыстану мен шаңырақ көтеру салдары бала тууға бірден-бір кедергі екенін уақыт көрсетіп отыр. Нәресте сүйгеннің өзінде, сәбилер бойынан түрлі аурулар табылу қаупі бар екенін дәрігерлер дабыл қақса да, бейжайлығымыз әлі басым.
Қазақта «қыздың баласындай» деген әдемі теңеу бар. Әдетте қызда бала болмайды. Ал қазір қол жетпейтін қымбатты құндылық жоғалған. Қыздан да бала көрдік. Есік аттамай, балақайлы болатындар бар. Тіпті «өзі үшін туылған» деген ұғымға түсіністік танытатындар табылуда. Жасы келген, не тұрмысқа шығуды қаламайтын қыз бала рұқсат алып, өзге отбасының отағасынан ортақ келісім арқылы бала көтереді. Өздері «өгіз өлмейді, арба сынбайды» деп қабылдаған шешімнің шегі неге апарады? Баланың болашағына не болмақ? Эксперимент ұрпақтың келесі буыны ұяда көрген қателікті қайталамауына кім кепіл?
Сондай-ақ сәбилер үйінен перзент асырап алу – сауапты да, жауапты іс. Алайда отбасындағы тәрбиені толыққанды бойына тамырлата ала ма екен? Ол жағы да белгісіз...
Жалғыз бала – жылауық
Ешкім ешкім туралы әңгіме айтуына болмайды. Балалы болу, болмау жазмыштың жазуы. Бір сәбидің иісін аңсап, әулие-әнбие аралап, ырым-тыйымдардың барлығын жасап, қиналған қаншама келіншекті көрдік. Алла тілеуін беріп, аңсағаны келіп, көңілі қуанышқа жарыған әке мен ананың шаңырағында да жалғыздар жетіліп келеді.
«Жалғыз ұлы бардың шығар, шықпас жаны бар» деген нақыл осындай жандарға бағытталса керек. Барын баласына беріп, қатардан кем қылмай, ұлт мүддесіне ұйыстырған қанша ата-анаға ел алғыс айтуда.
Бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Асқарова: «Алдымызға келген балалардың отбасындағы орнына үлкен маңыз береміз. Тәрбие мен білім бағытын соған қарай лайықтап, бағдарламаны игеруге күш саламыз. Үйінде жалғыз өскен балалардың да тиімді тұстары көп. Мәселен, көбі тапсырманы уақытылы орындайды. Жан-жақты жағдай жасалған. Ата-анасы дамытуға күш салады. Пікірін ашық айтуға, көшбасшылыққа бейім келеді. Бірақ «барлығы менікі» деген стереотиптен арылмай, өзгелерге үстемдік көрсетіп, өзін әрқашан «біріншіге» балайтындар бар», – дейді. Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, мұндай балалардың кейіннен отбасы, ортасында қиындыққа жиі ұшырайтынына алаңдау керек.
«Қазақ ер бала тумаған әйелді бағаламайды. Баланы басқалардай мен де күттім. Алайда өмір мені қос қызбен қуантып, шүкіршілік етуді жазыпты. Беташар, басқа да жоралғыларға ұл таба алмағаным үшін қатыстырмаған жағдайға жиі ұшырастым. «Ұл туғанға, күн туған» деген. Енді жиен немеремді бауырлап, бағым отырмын», – дейді Рахима Құрақбаева.
«Жалғыз түйе бақырауық, Жалғыз бала жылауық» деген мақал қалған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдегі ахуалға байланысты бала туу көрсеткіші кемігенін жоққа шығаруға болмайды. «Бала – шығын» деген қатып қалған қағиданы ұстанатындар әлі бар.
«Біз үйленген кезде жағдай жақсы болды деп айта алмаймын. Күйеуім үйдегі ұлдан да қыздан біреу. Ішкені арақ, жегенім таяқ болды. Ажырасып кетуге талай оқталдым. Бірақ оқыған оқуым да жоқ, әке-шешем өз күндерін зорға көріп отыр. Амалсыз көндігуіме тура келді. Алғашқы баламды күйеуім ұрып, түсіріп тастады. Екінші балама аяғым ауыр кезде қатты ұрып-соққанда, «Мұндай әкеден әзір бала көтермей-ақ қояйын. Үйім де жоқ, күйім де жоқ. Туылғанның өзінде, дұрыс бала болуы мүмкін емес. Өз басымды бақсам да аз емес «деп алдырып тастадым.
Күйеуім қайтыс болды. Жалғыз баланың қалай өсетінін білсем де, неге соған жол бергеніме өкінемін», – дейді Әлияш Құнарбекова.
Статустары ауысып кетеді
Біз бұл мәселеге маңыз бермеуімізге болмайды. Теория ретінде 1900 жылдары қалыптасты. Алғаш балалар психологтары Дж.Стэнли Холл мен Э.В.Боханнонның зерттеу жұмысынан кейін негізделді.
Холл жалғыз бала болудың қауіптілігін тұжырымдаса, Боаннон да қолдап, жалғыз бала болу олар үшін қолайсыз, «идиосинкразияға бейім» дегенді алға тартады.
Психолог Лиля Базарбекқызы:
«Бұл пікір – қос психологтың сауаланама негізінде көз жеткізген жұмысының нәтижесі. Тақырып аталған салада бұдан кейін жақсы зерттелді деп айту қиын. Дегенмен, оларға келіспейтін тұстар да бар. Холл ондай балалар өзімшіл, бүлінген, басқыншы, жалғызбасты деген ұстанымда. Оны барлық жалғыз өскен балаға тән деу қате. Отбасында өзі туылып, махаббатқа мейілінше қанығып, өз орнын тапқан жалғыздар қаншама?.. Мұндайда басқа олардың коммуникативтік дағдыларының дамуына ықпал ететін балабақша, үйірме сынды көпшілік бірлестікте жұмыс атқаратаын жерге көбірек тарту тиімділігін тигізеді», – дейді.
Холл қағидасына қарсылардың бірі Тони Фальбо. 1986 жылы Тони аталмыш тақырыпта жүргізілген 200 зерттеуді талдайды. Нәтижесінде жалғыз өскен бала мен ағасы және әпкесі бар балалардың арасынан нақты айырмашылықтар жоғын алға тартады. Бірақ отбасыдағы жалғыз балалардың өз әке-шешелерімен эмоциялық байланысы берік болатынын жеткізеді.
Жалғыз балалар ымырашыл болуға бейім еместігін психолог Цзян Цю бастаған зерттеушілер зерделейді. Аға-әпкесі жоқ жүзден аса студентке және бауырлары бар екі жүзге жуық жасты сауалнамадан өткізеді. Белгілі болғаны, отбасыдағы жалғыз балалар төзімділік тестінде нашар нәтиже көрсетеді. Ал, шығармашылық проблеманы оңай шешкен.
Қазақ ұрпағын өміріне балап, одан өзін ажыратпаған. Сөзімізге Мұқағали Мақатаев жазған «Сөнбейді, әже, шырағың» деген тағдырлы туынды дәлел. «Жалғызың оралмады, оралмады, Қиын ғой тірі жанның жоғалғаны» деп келетін жолдар өмірін жолына байлаған қанша үміттің сәулесі сөнгенін көрсетеді.
«Екі қыздың ортасында өскен жалғыз ұлмын. Ата-анам барлық жағдайды жасады. Бірақ есейе келе бұл тұрғыда көп тосқауылға тап болдым. Мүмкіндігім бола тұра, ауылдан алысқа кете алмадым. Үйлену қадамына да өте кеш бардым. Себебі отбасындағы қарым-қатынас жайы мені қатты алаңдатты. Түйгенім, ұл да, қыз да біреу болмау керек», – дейді Жасұлан Кеңесұлы.
Жасұлан сынды баласын көзімнің ағы мен қарасы деп отырған жалғызбасты ана Әлияш Құнарбекова да ұлын үйлендіруге де, жанынан ұзатуға, әскерге жіберуге де қорқады. Алаңдамауға негіз жоқ. «Егіз аттан жығылса, Басын сүйер ағасы, Жалғыз аттан жығылса, Неге келер шамасы» дегендей, қауіптенуі орынды. Алайда ана барлық жағдайдан үнемі қорғауға қауқарсыздығын білсе етті.
Жантанушы Ғалияш Махашева жақында берген сұхбатында туралы болжамын былай деп берді.
«Бұл нарциссизмнің анық көрінісі. Бишімбаев бойындағы мойындамау ата-анасынан берілуі мүмкін. Отбасындағы жалғыз бала – ата-ананың «мінсіз жобасы». Қуандық жақсы оқыды, министр дәрежесіне дейін көтерілді. Анасын ардақтағанын үнемі гүл беріп отыратынынан да байқауға болады. Бұл жерде наррциссиз ана өзі көргісі келгенді, қабылдағысы келгенді қабылдап отыр».
Нені түюге болады? Бишімбаев әрекеті осы «мінсіздіктен» булыққан жанартау жарылысы сынды.
Сонымен бірге жалғыз балалардың отбасындағы статусы ауысып кетіп жатады. Көп қыздың ортасында немесе қызсыз үйде өскен ер бала әйелдің іс-әркеттеріне мейлінше қанағып өседі. Болашақта әйелінен, айналасындағы арулардан соны талап ететін, майдашыл мінезі қалыптасады. Әкесі жоқ болса, анасы әкесінің рөліне баулиды. Үнемі кінәлі, өзін қарыздар сезімде сезінеді. Үйленуі, жарын қабылдауы, анасын қимауы қалыпты жағдайға айналады. Жалғызымен бірге оның жарының жан қалауын орындау жолында «құрбанға» айналған аналар неше?.. Бұл зерттеліп, қалыптасқан түсінік.
Түйін: «Қанша мықты болса да, жауға салма жалғызды» деген тәмсіл төркіні неде жатыр екен? Тақырып қаузалғанда, ойға «Аспан асты» елі оралады. Қытай елінде соңғы 30 жылда қолданыста болған «Бір отбасына – бір бала» саясаты кейінгі жылдары қайта қаралған. Енді қытайлық ерлі-зайыптылар бірнеше баланы өсіріп, баға алады. Бастама миллиондаған әйелдің бала көтермеу, оны дүниеге әкелмеудің түрлі жолдарында түрлі әрекетке жүгініп, жағдай нашарлағанымен байланысты болып отыр. Бұл жолда қылмыс, адам өлімі көптеп тіркелген. «Саясат құрбандары» сәбилердің өмірге келуін тежеу – адам құқығын аяқ асты ету деп біледі.
Тағы бір жайт, аталмыш жүйе экономикалық себептерге де салқынын тигізген. «Қартайған» халық салдырынан жұмыс күшінің тапшылығы туындауда. Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасы 2030 жылға дейін Қытайда 67 миллионға жуық жұмыс қолы азаятынын айтып отыр.
Қазақстанда да баспана, өзге де әлеуметтік жағдайды алға тартатын, жалғыз болуды жақсылыққа балайтындар көбейе берсе, мәселе тереңдей түсері анық. Сапа да, күш те көпте екенін ескерсек, бұл жағдайға байыптылық керегі көңілде көлбеңдейді.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
21 мамыр 2024 ж. 202 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031