Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Вайнштейн эффектісі: қорғансыз әйел, қауқарсыз қоғам

Вайнштейн эффектісі: қорғансыз әйел, қауқарсыз қоғам

Бала күнімде бір оқиғаның куәсі болып едім. Ауылда біздің үйге қарама-қарсы тұратын тозығы жеткен Сағындық атаның тоқал тамы болатын. Күнде кешкілік сол атаның жасы қырыққа келген ұлын іздеп, көше-көшені кезгені көршілердің ашуына тиетін. Аяйтын да. Жасы 80-ге келген қария іші пысқаннан олай жүрмейді ғой. Үйінде шиіттей бала-шаға. Кемпірін ана жаққа аттандырғанына да он жылдың жүзі болған. Шаңырағының отымен кіріп, күлімен шығып, берекесін келтіріп отырған келіні бар. Тек қартайғанда сүйген жалғыз ұлының сылқия тойып, сол қызындай болған жанды қорлайтыны болмаса...

Бүгін тағы да ауласынан айқай естілді. Көршінің қарадомалақтарымен асыр салып ойнап жүрген түріміз ғой. Бәріміз үй қуысына тығыла қалдық. Ойбайлаған келіншек. Жылаған балақайлар. Аузына келгенін айтып, ащы дауысымен көшені басына көтерген әлгі күйеуі. Қарияның ауруханаға түскен кезі еді. Әйтпегенде екеуінің арасында жүріп, келінімен қоса төмпештелгені сол. Аула маңында үнсіздік орнады. Балалардың жылауы тоқтар емес. Араша түсер көршінің де табылмағаны жаныңа да батып барады. Кенет үйдің артқы жағында тұратын Кеңес аға жүгіре үйіне кіріп кетті. Көшеде келе жатып айқай-шуды естісе керек. Солай жедел жәрдем, полиция, бірінен соң бірі келе бастады. Қызылды-көкті ойнаған жарқылға қарап аң-таңбыз. Бізге кинодағыдай еді. Одан кейін ойнап кеттік. Ол жайды ойламадық та, сұрамадық та, қызықпадық та. Кейін өсе келе әңгімеден әңгіме шықты. Сол күні келіншекті пышақталған күйі ауруханаға жеткізген. Әке-шешесі бір өлімнен аман қалған қызын ойбайлап жүріп 5 баласымен ауылына алып кетіпті. Әйтпегенде келіншектің өзі мұндай күйеуден кеткісі жоқ екен. Өліп қалғанда не болар еді? Ал Сағындық ата жалғыздықта, қарттығымен қайтыс болыпты. Бүгінде олардың бұрынғы тоқал тамы жоқ. Орнына зәулім үй салынып, көршілердің қарасы да өзгерген. Қош. Мұндай тағдыр талай қазақ әйелінің басынан өтіп жатқан дүние. Біреуі айтады, енді бірі ұялады. Сол баяғы «қазақ менталитеті». Ұят боладыдан әрі аспай, талай ана ажал құшты. Талай бала жетім қалды. Қасірет пе?

Сандар сөйлегенде...
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы арнайы баяндама жариялады. «БҰҰ әйелдер» мәліметтері бойынша, әлемдегі 736 миллион әйелдің ішінде 15 жастан асқан әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Жыл сайын 45 мыңнан астам әйел серіктестерінің қолынан қаза табады. 155 ел тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдар қабылдады, ал 140 елде жұмыс орнында жыныстық зорлық-зомбылық туралы заңдар бар. Алайда осы заңдарды сақтау және қол сұғушылықтың жазасыздығы мәселелері азаймаған. Қылмыстық құқықбұзушылар тіркелген «қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы» №1-М нысанды есептің статис­тикалық деректеріне, сондай-ақ Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпаратын келтіреді. Мәселен, 2018 жылдан 2023 жылға дейін отбасы-тұрмыстық салада 5 958 қылмыстық құқықбұзушылық жасалған екен. Отбасы-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқықбұзушылықтың ең көбі 2020 жылы тіркелді – 1 072. 2018 жылдан бастап 2020 жылға дейін қылмыстық құқық бұзушылықтардың динамикасы 16,6 пайызға, ал 2020 жылдан бастап 2023 жылға дейін 13,8 пайызға (1 072-ден 923-ке дейін) төмендегені байқалған. 2023 жылы қылмыстық құқықбұзушылықтардың саны іс жүзінде 2022 жылғы деңгейде қалыпты.
Қылмыстардың санаты 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жыл жасалған теріс қылықтардың 16-дан 18-ге дейін (12%) шамалы өсуін және ауырлығы орташа қыл-мыстардың 29-дан 56-ға (93%) айтарлықтай өсуін көрсеткен екен.
Мәліметтерге сенсек, 2023 жылы отбасы-тұрмыстық салада барлығы 108 адам өлтіру немесе сол саладағы қылмыстардың жалпы санының 11 пайызы жасалған. Бұл ретте, 2023 жылы дәл осы 108 адам өлтіру елдегі адам өлтірулердің жалпы санының 23 пайызын құрайды, яки елдегі әрбір 4-ші адам өлтіру дәл отбасы-тұрмыстық салада жасалады және шамамен 3 күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан адам қаза табады. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген жандарға елімізде дағдарыс орталықтары қызмет көрсетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, ел бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді 46 дағдарыс орталығы көрсетеді, оның 15-і мемлекеттік, 31-і мемлекеттік емес. Орталықтарды ұстау жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады. Мәселен, өт­кен 2023 жылы бөлінген қаражат көлемі 2 миллиард 282,7 миллион теңгені құраған. Орталықтарда зардап шеккендерге қызметтер тәулік бойы 6 айға дейін немесе күндізгі уақытта тәулігіне алты сағат мерзімде көрсетіледі. 2023 жылы орталықтармен 4 мыңнан астам адам қамтылса, олардың 3 мыңнан астамы медициналық көмек алды және 1 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылған. Аталған кезеңде көмек сұрағандардың көбі Астанада – 510, Алматыда – 410, Шымкентте – 358 және Қызылорда облысында – 331. Ең аз азаматтар Шығыс Қазақстан облысының – 90, Маңғыстау облысының – 60 және Солтүстік Қазақстан облысының – 31 дағдарыс орталықтарына жүгінген екен.

Өмірдің өзі новелла
Америкалық продюсер Харви Вайнш­тейннің оқиғасын білесіз бе? Біл­месеңіз айтайын. 2017 жылдың қазанында The New York Times пен The New Yorker басылымдары Вайнштейннің ұзақ уақыт бойы қызмет бабын пайдалана отырып әртіс қыздарға харассмент көрсеткенін баяндайтын мақалалар жариялады. Бұл уақиғадан соң бас-аяғы 80-ге тарта адам Вайнштейннен көрген қысымын мәлімдеді. Осы себепті Вайнштейн Америка кино академиясынан өзі құрған The Weinstein компаниясынан қуылып, бизнесі банкротқа ұшырайды. Үстінен бірнеше әйел шағымданып, ақырында әйел зорлағаны дәлелденіп, 2020 жылы 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Осыдан соң жыныстық бопсаға және зорлыққа тап болған қыз-келіншектер #MeToo деген хэштегпен өз оқиғаларын жаза бастайды. Бұл хэштегті парақшаларында бөліскен әйелдер танымал режиссерлерді, актерлерді, алып компания басшыларын айыптады. Науқанның кең етек алғаны соншалық көптеген лауазымды тұлға абыройынан, қызметінен айырылды. Бұл әйгілі «Вайнштейн эффектісі» деген феноменді тудырды. Бір оқиға екінші оқиғаның өршуіне немесе керісінше болуына себепкер болатын көбелек эффектісі тәрізді #MeToo хэштегі арқылы әйелдерге жасалатын харассмент айтарлықтай азайды. Бұл хэштегпен жеке басына пайда тауып қалғысы келетіндер де болды. Сол кездегі полцияға арызданушылардың дені лауазымды тұлғаларға қатысты еді. Өкініштісі, көбінің айғақтары болмады. Дегенмен қоғам бір дүрлігіп басылды.

Бишімбаев «синдромы»
Біздің қоғам да «идеал» емес. Айтылып жүргені «Бишімбаев ісі» болса, айтылмай жүргені қаншама? Бұл оқиғаның кең таралып, қоғамда қызу талқыланғаны, көтерілгені дұрыс дүние болды. Әйтпегенде ше? Тек «не молчидің» шырылдағаны болмаса, қоғамдағы қорғансыз әйелдің жайы бұлай талқыланбайтын. Күйеуінің қолынан, ұрып-соғудан көз жұмған Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамның ызасын туғызды. Осыған орай тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жазаны қатаңдатуды қолдау бойынша арнайы онлайн-петиция іске қосылып, 150 мыңдай қол жиналған. Бұл Мемлекет басшының құлағына жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында петицияны қолдап, ел азаматтарының пікірі ескерілетінін айтқан болатын. Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот онлайн режимде өтіп, оны бүкіл қоғам қалтқысыз бақылап отырды. Әлеуметтік желіде сот процесі қызу талқыланды. Айыпталушы, марқұмның күйеуі Бишімбаевтың оқиғаны баяндау барысында марқұмның жиі шарап ішетіні, үйге көп қонбайтыны, құрбыларымен жиі сауық құратыны айтылып қалады. Айыпталушының бұл сөзі де елдегі қыз-келіншектердің шамына тиіп, олар әлеуметтік желілерде «#Мен де шарап ішемін, бірақ бұл мені өлтіруге себеп емес» деген хэштегпен наразылықтарын таныта бастады. Бұл Вайнштайн эффектісіндегі #MeToo хэштегінен кем болмады. Бұл Вайнштайн эффектісінен кем болмады. Әлеуметтік желіде әйелге зорлық-зомбылық жасау тоқтатылсын деген талаппен флешмоб басталды. Оған қазақстандық белсенділер мен феминистер мұрындық болған. Қыздар соққы мен қанның ізіне ұқсайтын макияж жасап, суретке түсіп, интернетке жариялады. «Салтанаттың оқиғасы қозғаушы күш болды. Әрбір қыз Салтанаттан өзін көрді. Олар көңіл айтып, көмектескісі келді, Салтанаттың орнына өзін қойды» дейді қайғылы оқиғадан кейін баспасөз бен қоғам назарына іліккен Салтанат Нүкенованың туған інісі Айтбек Амангелді. Әпкесі қаза тапқаннан кейін оған тұрмыста зорлық-зомбылық көрген немесе әлі күнге абьюзермен бірге тұрып жатқан әйелдер хат жаза бастаған.
«Бұл көмек қажет ететін жағдай екен» деп жалғады ол сөзін. 20 қарашада Айтбек Амангелді тұрмыстағы агрессия құрбандарына жедел көмек көрсететін волонтерлік желіні іске қосты. 12 желтоқсанда ел ішінде волонтер боламын деушілердің саны мыңнан асқан, ал көмек сұрап жүзден аса хат келіп түскен.
Ақыры қоғамның нөпір наразылығы ескеріліп, жаңа заң күшіне енді. Сот аяқталып, нәтижесінде Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 68 жасқа дейінгі өмірін қатаң режимдегі колонияда өтейтін болды. Ал оған дейін амнистияға ілінбейді, рақымшылық көрмейді, қанша мінезін жақсы көрсеткенімен мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды. Көпшілік өмір бойына темір торға тоғытылғанын қалаған. Алайда Салтанаттың жақындары бұл шешіммен келісті. Бишімбаевтың жақындары түрмеге барып, оны көреді ғой. Ал қыршын кеткен Салтанаттың жақындары ше?

Жаңа заңның жазасы
Енді әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралып келген қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Айыптылар 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Ал педофилдік үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылатын болады.
Бұл заң жобасының қалыптасуына Қазақстан Республикасындағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосқанын атап өткен жөн. 2023 жылдың қараша айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бо­йынша халықаралық конференция өткізді, оның барысында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар талқыланды. Нәтижесінде, заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданды.
– Заң отбасылық ортада зорлық-зом­былыққа ұшыраған адамдардың құқық­тары мен мүдделерін қорғауға арналған. Бұл – қа­уіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маң­ызды қадам. Біздің кеңсе осы заңды әзірлеуге белсенді түрде қатысты: заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің барлық аспектісі және ұсыныстары ескерілуін қамта­масыз ету үшін жан-жақты талдау жүргізілді, деректер жиналды, сарапшылармен және қоғам өкілдерімен кеңестер өткізілді, – дейді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесінің өкілі Артур Ластаев.
Оның сөзінше, жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жауапкершілікке тарту, барлық уәкілетті орган мен ұйымда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыздарды қа­рау нәтижелерін және қабылданған про­цес­суалдық шешімдерді көрсететін инте­грацияланған деректер базасын құру, қылмыстық қудалау нысандарын қайта қарау бойынша шаралар ұсынылды. Оларды жеке айыптау істері санатынан алып тастай отырып, отбасылық-тұрмыстық сала және басқа да көптеген заңнамалық түзету қаралды.

Түйін: «Әйел қырық шырақты» деп оған барлық ауыртпалықты неге үйіп-төгіп қойды екен? О бастағы тәрбие көндігумен, үндемеумен өлшенгендей. Көп жерде керең, соқыр, мылқау болу маңдайға жазылғандай. Нәп-нәзік жүректі әйелдің қорғансыздығы, оған қоғамның қауқарсыздығы алаңдатады. Сізді ше?
Айнұр ӘЛИ

18 мамыр 2024 ж. 230 0

Ана сүтінің маңызы

21 сәуір 2025 ж. 85

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930