Елде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту мен қаржы бөлу өз деңгейінде емес – Мархабат Жайымбетов
Мемлекет басшысы Қазақстан Халқына Жолдауында геологиялық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндетін жүктеген болатын.
Елде геологиялық барлау жұмыстарына инвестиция тарту көздері мен қаржы бөлу жұмыстары өз деңгейінде емес. Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов осы мәселе бойынша Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында геологиялық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндетін жүктеген еді.
Осы ретте М.Жайымбетов геологиялық зерделеу жұмыстары үлкен сілкіністі қажет етіп тұрғанын атап өтті.
«Қазақстан сирек кездесетін металдарды игеру бойынша Еуропа және АҚШ мемлекеттері арасында бірнеше келісімшарт жасады.Өздеріңізге мәлім, Қызылорда облысы – жаңа әлеуетті инвестиция тартуға болатын қатты пайдалы қазбалардың қорларының басты көздерінің бірі.Аймақта өткен ғасырдың 40-шы және 60-шы жылдардан бері пайдалы қазбаларға ауқымды геологиялық зерттеулер мен барлау жұмыстары жүргізілмеген.Көршілес Қарағанды облысымен салыстырған жағдайда қатты пайдалы қазбалардың 109 кен орны игерілсе, Қызылорда облысында тек 2-ақ кен орны жұмыс жасап тұр.Ал, Арал ауданында литий бойынша әлеуетті кен орындары бар. Жоғарыда аталған келісімдердің жалғасы ретінде ресми құжаттармен расталған. Сондықтан, Арал ауданында орналасқан литий кен орындарының қоры туралы ақпараттық база рәсімделу қажет деп есептейміз», – деді депутат.
Сонымен қатар оның айтуынша, Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарында Шу-Сарысу, Сырдария және Арал бассейндерінде республикалық бюджет қаражаты есебінен зерттеу жұмыстарын жүргізу көзделген.
Ал 2022 жылы Өңірлік геологиялық зерттеу бойынша Шу-Сарысу бассейнінде жұмыстар аяқталып, Арал бассейні бойынша геологиялық-геофизикалық зерттеулер басталды. Ал, Сырдария бассейнін зерттеу жұмыстары 2026 жылға жоспарланған.
«Аталған жұмыстар Қызылорда облысының экономикалық потенциалын арттырып, халқымызды сапалы жұмыстармен қамтамасыз етудің бір бағыты.Осы айтылғандарды негізге алып, геология саласының өркендеуін қолға алу бойынша «AMANAT» фракциясы келесі мәселелерді шешу қажет деп есептейді.Аймақтардағы перспективалы учаскелерді зерттеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету.Геологиялық барлау саласын дамытудың жоспарларын қоғаммен талқылап, оның ашықтығын қамтамасыз ету.Мұнай өндіру көлемінің жыл сайынғы төмендеуін ескере отырып, 2024-2025 жылдары Сырдария бассейнін зерттеуге республикалық бюджеттен қаражат бөлу мәселесін басымдылықпен шешуді сұраймыз», – деп түйіндеді депутат.