Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Iphone-ға неге құмарттық?

Iphone-ға неге құмарттық?


Фото: ашық дереккөзден
Қазір дүкендерден смартфонның сан түрін табуға болады. Бірақ бүгінде көпшіліктің таңдауы айфонға түскен. Нарық үшін таласта аталған смартфон сатушылардың табыс көзіне айналды десек артық етпес. Өйткені аталмыш құрылғыны сату көрсеткіші күн санап артуда. Былтырдың өзінде шамамен 1,17 миллиард смартфон сатылыпты. IDC зерттеуіне сәйкес, Apple компаниясы тарихта алғаш рет жыл сайынғы смартфондар сатылымы бойынша бірінші орынға жайғасқан. Осының өзі танымал брендтің өзге бақталастармен бәсекеде бәсі биік тұрғандығын байқатады.
Сарапшы мамандардың сөзіне сенсек, айфон 2011 жылдан бері тұғырдың ең жоғарғы сатысында тұрған оңтүстік кореялық Samsung компаниясынан асып түскен. Аз уақыт ішінде бұл қалай алдыңғы шықты деген сұрақ тууы заңды. Сарапшылар оны бірнеше факторлармен байланыстырады. Яғни құрылғының артықшылығы премиум қызмет ұсынуында. Соның арқасында өткен жылы олардың жалпы жеткізілімдегі үлесі 20%-дан асқан. Аз көрсеткіш емес. Ақпараттық технологиялар алға озып, инновациялық өрлеу қарыштап, креативті өнімдер көбейсе де айфонға деген сұраныс азаймай тұрғандығы ойландыратындай-ақ. Себебін саралап көрген едік.
Шыны керек, iPhone-ның алғашқы моделі нарыққа шыққан уақытта, бұл Apple үшін ғана емес, жұртшылық үшін де жаңалық болды. Қызығы, сол жылдар ішінде Apple бүгінге дейін де жаңалық жасаудан жаңылған жоқ. Әр жыл сайын дизайнынан бастап функциясына дейін түрлі деңгейде ойластырып, айналымға шығарып келеді. Білсеңіз, бұл құрылғы Apple компаниясының алғашқы смартфоны болғанына қарамастан сатылымда хит болды. Осыдан кейін компания атақ-даңққа ұмтылып, болашаққа қарай тағы бір қарышты қадам жасады. Ал қазір бағасының қымбат болғанына қарамастан, халық сұранысына ие болып, өз құнын жоғалтқан жоқ. Өйткені қазір ол сән-салтанаттың көрсеткіші саналады. Неге десеңіз, IPhone сатып алғанда, адам Android смартфондарының иелерінен артықшылығын сезінеді екен. Пайдаланушылар бұл смартфонды параметрлер бойынша емес, басқа смартфондарға қарағанда салқын және қымбатырақ немесе жақсырақ көрінетіндіктен таңдайтын өте жиі кездесетін жағдай. Ол өнімділікке, фотосуреттердің немесе бейнелердің сапасына мән бермейді, бастысы Apple компаниясының ең жаңа телефоны болса болғаны. Ал енді бірі IPhone – ең сапалы және қорғалған құрылғы деп ойлайды. Сондықтан да осы телефонды сатып алуды жөн санайды. Алайда сарапшылар бұл пікірмен келіспейді. "Әр өнімнің белігілі бір уақытқа дейінгі өзінің жарамдылық мерзімі бар. Қауіпсіздікке қатысты мәселелер қай құрылғыда да кездесуі әбден мүмкін" дейді олар.
Ал психолог мамандар мұндай құрылғыларға адамдардың әуестігін өздерін өзгелердің алдында мойындатуға арналған әдіс де түсіндіреді.
– Қазір ортада бірге жүрген жандармен жарысатындар көбейді. Олар өздерін өзгелерден жоғары етіп көрсеткісі келеді. Маған біреу таңдай қағып, таңданса дейді. Сол үшін түрлі қитұрқылыққа барады. Тіпті қызығушылық тудыру үшін түрлі айла-тәсілге де жүгінеді. Керек десеңіз, біреудің таңданысын туғызу үшін несие рәсімдеп, қымбат смартфон сатып алатындар да бар. Қомақты қаржы жұмсап, бай секілді көріну арқылы өздерін осылай мойындатуға тырысады. Мұндай тенденция қазір үлкендерден гөрі жастардың арасында жиілеген. Өйткені жастар көбіне қатарларының арасында бай-бағланның баласы ретінде көрінуді құп көреді. Сөйтіп, ата-анасының жағдайына қарамастан, қарызға батырып қояды. Қызығы, жастар бірнеше жылға алған несиені төлеу мәселесіне бас қатырмайды. Өйткені олар үшін алдыңғысы кейінгісінен маңызды, – дейді психолог маман Нұргүл Құрманаева.
Расында екінің-бірі қолында ұстап жүрген құрылғыға қоғамда әлеуметтік және экономикалық жағдай өлшемі ретінде көзқарас қалыптасқан. Құдды сол смартфон болмаса, жағдайың жақсы болмайтындай... Бірақ біздің өміріміз тек сол айфонға байланып қалмаса керек-ті. Ол құрылғыдан да басқа құндылықтар жетіп жатқан жоқ па, ғаламда?! Дейміз ғой, бірақ Apple компаниясының құрылғысы бедел мен премиумның белгісі болып отырғандығын қалай жоққа шығарамыз?! Мұндай белесті бағындырып, сол биіктен құламай тұрудың өзі таңғаларлық жағдай. Әдетте бұл зергерлік брендтер әлемінде болатын парадигима. Бірақ сол құблысты Apple компаниясы жақсы қайталағандай.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы Apple 234,6 миллион смартфон сата алды. Өнеркәсіптің жалпы қысқаруына қарамастан, жыл сайын iPhone сұранысы 3,7%-ға өсті. Ал ең көп сатылған телефон маркалары бойынша да Apple өнімдері көш бастаған. Сол сатылған смартфон маркалардың арасында бесінші орыннан тоғызыншыға дейін әртүрлі iPhone үлгілері ие болды. Бұл бұлтырғы көрсеткіш. Биыл да сол көштен көрінуі әбден мүмкін. Өйткені дәл осы смартфонға сүйсінетіндер саны толастамай тұр. 23 жастағы Айсезім есімді кент тұрғыны да айфонның басқа смартфондардан артықшылықтары көп дегенді алға тартып, аз-кем қаржы жинап, соңғы үлгідегі iPhone сатып алғандығын айтты.
– Өзім журналистика мамандығы бойынша білім алудамын. Қазіргі уақытта біздің сала телефонға тәуелді десем артық айтқаным емес. Өйткені барлық жұмысымды осы құрылғы жеңілдетіп жатыр. Сұхбатымыз болсын, аудиожазба, текст, бейне түсірілім тағысын тағылар телефон арқылы мүмкін болуда. Бірақ барлық жұмыс кез келген смартфонмен сапалы шыға қоймайды. Ал айфонның мүмкіншілігі жоғары. Фотоға түсіру, бейнебаян жасауда камерасы анық әрі айқын көрінеді. сол үшін де айфонды құп көремін. Артықшылығы да осында десем болады. Оның үстіне қауіпсіздік үшін де қолайлы. Басқа андройдтық телефондарға бағдарламаларды көшіргенде түрлі вирус кіріп кету қаупі бар. Ал айфонда қауіпсіздік жақсы қатаң қарастырылған. Бағасы жағынан қалтаға қонымсыз дейтіндер бар. Әркімге әрқалай сияқты. "Арзанның құны татымас" деген бар ғой. Арзанға алып, оны игілігіме жаратпай жатып, бұзып алған жағдай да болған. Оны жөндегенімнен де пайда болмады. Содан кейін шәкіртақымнан ақша ауыстырып жинап, айфон сатып алдым, – дейді Айсезім.
Түйін: Қызық... Қазір біз қаржылық жағдайымызға қарамастан iPhone-ды қарапайым тұтыну өнімі сияқты жиі ауыстыратын болдық. Бұған біреудің жағдайы жеткенімен, ал енді бірінің қалтасы көтермейді. Замана ағымынан қалмай, заманға лайық зат тұтынып, өзгелермен бір толқында болуға ұмтылған дұрыс та шығар. Жаңа үлігісі шыққан сайын жылтыраған дүниеге қомақты қаржы құртып жарысқаннан, құнымыз бен құндылығымызды жоғалтпау жайын да бір сәт ойланғанымыз жөн болар...
Арайлым ЖҮСІПОВА
12 наурыз 2024 ж. 203 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031